Цифрлық ортада баланың қауіпсіздігін қалай сақтаймыз?

Цифрлық ортада баланың қауіпсіздігін қалай сақтаймыз?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Бүгінде интернет баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Осындайда кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жеке деректердің таралуы, жасына сай келмейтін контент пен бейтаныс адамдардың ықпалы – ата-аналар мен қоғам назар аударуы тиіс мәселе. Мұндай жағдайда баланы интернеттен мүлде шектеу мәселені шешпейді. Керісінше, оған цифрлық сауаттылықты үйретіп, интернетті қауіпсіз пайдаланудың жолдарын түсіндіру маңызды. Ендеше, баланың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?

Интернеттегі негізгі қауіптер қандай?

Қазақстандағы балалардың цифрлық өміріне қатысты зерттеулер интернетті пайдалану жасының ерте төмендегенін көрсетеді. «Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сәйкес, елдегі балалардың басым бөлігі интернетті бес жасқа дейін немесе бес жастан бастап қолдана бастайды. Ал 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы, 11-12 жастағылардың 66 пайызы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында жеке аккаунт ашқан. Мамандар цифрлық ортадағы қауіптерді бірнеше бағытқа бөледі.

Кибербуллинг. Бұл – әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе басқа цифрлық платформаларда баланы жүйелі түрде қорлау, кемсіту, қорқыту және әдейі ыңғайсыз жағдайға қалдыру. Мәселен, баланың суретін рұқсатсыз тарату, келемеждейтін пікір жазу, жалған ақпарат жариялау немесе топтық чатта әдейі шеттету де кибербуллингке жатады.

Оның қаупі – мұндай қысым баланың психологиялық жағдайына әсер етіп, өзіне деген сенімін төмендетуі мүмкін. Кейде бала интернеттегі қорлауды ата-анасына айтуға ұялады немесе жағдайды ушықтырып аламын деп қорқады. Қазақстанның электрондық үкімет порталындағы мәліметтерде де кибербуллингтің салдарына, оның ішінде мазасыздық пен ұйқының бұзылуына назар аударылады.

Жеке деректердің таралуы. Балалар кейде өздері туралы ақпараттың қаншалықты маңызды екенін түсіне бермейді. Мекенжайын, оқитын мектебін, телефон нөмірін, геолокациясын немесе отбасы туралы мәліметтерді әлеуметтік желіге жариялауы мүмкін. Мұндай ақпаратты алаяқтар мен арам ниетті адамдар өз мақсатына пайдалануы ықтимал.

Жас ерекшелігіне сай келмейтін контент. Интернетте зорлық-зомбылықты насихаттайтын, қорқыныш тудыратын, өшпенділікке шақыратын немесе баланың психологиялық дамуына кері әсер ететін материалдар кездеседі. Бұған қоса, алгоритмдер баланың бұрын көрген видеоларына ұқсас контентті қайта-қайта ұсынуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баланың қандай ақпарат тұтынатынына назар аударғаны жөн.

Бейтаныс адамдардың ықпалы. Кейбір адамдар интернетте өзін басқа адам ретінде таныстырып, баланың сеніміне кіруге тырысады. Әуелі достық қарым-қатынас орнатып, кейін жеке фотосуреттерін, бейнежазбаларын немесе құпия ақпараттарын сұрауы мүмкін. Кей жағдайда мұндай әрекеттер бопсалау мен онлайн қанауға ұласады. ЮНИСЕФ бұл қауіптің жасанды интеллект пен цифрлық платформалардың дамуымен қатар күрделене түскенін ескертеді. 

Баланы интернеттен шектеу жеткілікті ме?

Баланың қауіпсіздігі үшін смартфонды тартып алу немесе интернетке кіруіне толық тыйым салу әрдайым тиімді шешім бола бермейді. Себебі интернет – тек ойын-сауық құралы емес, білім алудың, ақпарат іздеудің және қарым-қатынас жасаудың маңызды кеңістігі. Ең бастысы – баланы цифрлық ортада өздігінен дұрыс шешім қабылдай білуге үйрету.

Бұл ретте ата-ананың рөлі ерекше. Қазақстанның мемлекеттік органдары ұсынған онлайн қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықта баламен оның интернеттегі тәжірибесі туралы ашық сөйлесу, қауіптерді жас ерекшелігіне сай түсіндіру және күмәнді жағдайларда көмек сұрауға үйрету қажеттігі көрсетілген.

Мәселен, балаға бейтаныс адам жіберген сілтемені ашпау, белгісіз аккаунттардан келген хабарламаларға сақтықпен қарау, құпиясөзді ешкімге бермеу керектігін түсіндірген жөн. Сондай-ақ интернеттегі кез келген ақпаратқа бірден сене бермей, оның дереккөзіне назар аударуды үйрету маңызды.

Ата-аналар баланың алғашқы гаджетін баптаған кезде де қауіпсіздік шараларын ескеруі керек. Мысалы:

Дегенмен ата-ана бақылауы баламен сөйлесудің орнын алмастырмауы тиіс. Шектеулерді жасырын бақылау немесе жазалау құралына айналдырмай, баланың қауіпсіздігіне бағытталған ортақ келісім ретінде қабылдаған дұрыс.

Кибербуллингке тап болған жағдайда не істеу керек?

Бала интернетте қорлауға, қорқытуға немесе бопсалауға тап болса, ең алдымен оған қолдау көрсету қажет. Мұндай жағдайда «Неге жауап бердің?», «Өзің кінәлісің» деп кінәлау баланың жағдайды жасыруына әкелуі мүмкін. Керісінше, сабырмен тыңдап, оның кінәлі емес екенін түсіндірген жөн. Мамандар мұндай жағдайда бірнеше әрекетті ұсынады. Қорлау немесе қорқыту сипатындағы хабарламаларды өшірмей, скриншот жасап сақтау. 
Құқық бұзушы аккаунтты бұғаттап, әлеуметтік желі әкімшілігіне шағымдануға болады. Баланың әлеуметтік желідегі аккаунтын тексерген жөн. Қажет болған жағдайда мектеп әкімшілігіне, психологке немесе құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс.

Қауіпсіз цифрлық орта – ортақ жауапкершілік

Баланың интернеттегі қауіпсіздігі тек ата-ананың міндеті емес. Бұл мәселеде мектеп, қоғам, мемлекет және цифрлық платформалар да жауапкершілік алуы тиіс. Мектептерде цифрлық сауаттылық пен киберқауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мұғалімдерді онлайн зорлық-зомбылық белгілерін тануға үйрету маңызды.

Қазақстанда да бұл бағытта жұмыстар қолға алынған. 2024 жылы ЮНИСЕФ пен Еуропалық одақтың қолдауымен балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «CYBER TUMAR» ақпараттық-ағартушылық науқаны басталды. Оның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге цифрлық кеңістіктегі қауіптерді танып, олардан қорғану жолдарын үйрету.

Ал 2025 жылы Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің қолдауымен балаларды онлайн зорлық-зомбылықтан, қанау мен теріс әрекеттерден қорғауға арналған екі жылдық бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама аясында мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің әлеуетін арттыру, балалардың цифрлық сауаттылығын дамыту көзделген.

Сонымен қатар елімізде балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заң бар. Ол балалардың жас ерекшелігіне сәйкес ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Цифрлық технологиялар дамыған сайын балаларды қорғаудың жаңа тәсілдерін де меңгеруі қажет. 

Оқи отырыңыз

{