08.05.2026
17:50
679
Жаңалықтар

Тренд-2026: көктем-жаз маусымының ең сәнді сөмкелері

Көктем-жаз маусымы басталысымен сән әлемінде сөмкеге деген қызығушылық тағы артты. Биыл дизайнерлер тек әдемілікке емес, ыңғайлылыққа да басымдық беріп отыр. Ендеше 2026 жылы қандай сөмкелер трендке айналғанын бірге көрейік.

Ұзын пішіндегі сөмкелер қайта трендке шықты

2026 жылдың ең көзге түскен аксессуарларының бірі – созылыңқы формадағы сөмкелер. Ұзын пішін образды нәзік әрі қымбат кетіп көрсетеді. Әсіресе иыққа асылатын жұмсақ модельдер күнделікті киіммен де, классикалық стильмен де оңай үйлеседі. Мұндай сөмкелер шағын көрінгенімен, ішіне көп зат сияды.

Фото: elyts.ru

Шелек пішінді сөмкелер қайта сәнге келді

Дөңгелек пішінді, аузы баумен тартылатын шелек сөмкелер биыл қайта трендке айналды. Бұл модель ең алдымен ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Қазір тек классикалық былғары нұсқалары емес, өрілген әрі текстурасы ерекше түрлері де танымал болып жатыр. Мұндай сөмкелер жеңіл пальто, тренч және кең көйлектермен жақсы үйлеседі.

Фото: joom.ru

Шынжыр бауы бар классика сәннен кеткен жоқ

Кез келген гардеробқа жарасатын әмбебап аксессуарлардың бірі – шынжыр бауы бар сөмкелер. Олар күнделікті стильге де, кешкі образға да сай келеді. Биыл дизайнерлер тек шағын классикалық модельдерге емес, жұмсақ әрі көлемдірек түрлеріне де басымдық беріп отыр.

Фото: ozon.kz

Өрілген сөмкелер жаздың басты хитіне айналады

Бұрын нәзік жандылар өрілген сөмкелерді көбіне жағажайға немесе демалысқа алып жүретін. Ал қазір олар күнделікті қала стилінің бір бөлігіне айналды. Мұндай аксессуарлар джинсы мен жакеттен бастап классикалық шалбарға дейін оңай үйлеседі. Әсіресе табиғи реңктегі модельдер сұранысқа ие.

Фото: grazia.ru

Клатч енді тек кешке арналған аксессуар емес

Соңғы жылдары клатч күнделікті стильдің бір бөлігіне айналды. Биыл әсіресе каркассыз, жұмсақ модельдер сәнде. Олар оверсайз жакетпен, ұзын пальтомен немесе көлемді свитермен ерекше үйлеседі.

Фото: lemoor.ru

Былғары рюкзактар қайта танымал бола бастады

2026 жылғы ең күтпеген трендтердің бірі – рюкзактардың оралуы. Бірақ бұл жолы спорттық стиль емес, шағын әрі жинақы былғары модельдер сұранысқа ие. Олар ыңғайлы болғанымен қатар, әйелдің әдемі образын да сақтайды.

Фото: elyts.ru

2026 жылы қандай түстер сәнде?

Биыл сөмке таңдағанда тек модельге емес, түсіне де назар аударған жөн. Ең танымал реңктердің қатарында қою көк, ақ, шоколад түсті қоңыр, қызғылт қоңыр және көгілдір бар. Әсіресе қою реңктер образды қымбат көрсетеді.

Ыңғайлылық бірінші орында

2026 жылы сән әлемі қатаң ережеден алыстай түсті. Сондықтан бұл маусымда әркім өз стиліне сай сөмке таңдай алады. Бірі классикалық модельдерді ұнатса, енді бірі көлемді әрі жұмсақ сөмкелерге назар аударып жатыр. Қазір сөмкенің әдемі көрініп қана қоймай, күнделікті өмірге ыңғайлы болуы да аса маңызды.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы трендтегі әшекейлер жайлы жазған едік. Сондай-ақ көзілдірікті қалай таңдау керек екені туралы материал жарияладық.