16 сәуірде беделді TIME журналы 2026 жылы әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізімін жариялады.
Бұл рейтинг алғаш рет 1999 жылы ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғаларының тізімі ретінде ұсынылған. Ал 2004 жылдан бастап жыл сайын әлемге ықпал ететін адамдарды анықтайтын тұрақты жобаға айналды.
TIME бас директоры Джессика Сибли биылғы тізімнің мәнін былай түсіндірді:
2026 жылғы тізімге лидерлер, новаторлар мен әлемді өзгертіп жатқан адамдар кірді.
Ал бас редактор Сэм Джейкобс ықпалдың нақты өлшемі болмайтынын атап өтті:
Әсер ету деңгейін нақты анықтайтын бірыңғай өлшем жоқ. Біз жыл сайын әлемді өзгертетін оқиғаларға және сол өзгерістерді жасап жатқан адамдарға назар аударамыз. Олардың кейбірі көпшілікке жақсы таныс болса, енді бірі өз кәсіби ортасында ғана белгілі. Соңғы жылдары біз TIME100 қауымдастығын белсенді дамытып келеміз және болашақты айқындайтын негізгі салаларға – жасанды интеллект, климат, денсаулық сақтау және қайырымдылық бағыттарына ерекше көңіл бөліп отырмыз.
TIME100 тізімі дәстүрлі түрде алты санатқа бөлінеді:
Әртістер
Пионерлер
Титандар
Иконалар
Лидерлер
Инноваторлар
Саясаттағы ықпалды тұлғалар
Биылғы тізімде саясаткерлер де айрықша орын алған. Олардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп және оның әкімшілігінің бірнеше мүшесі бар.
Мұның себебін Сэм Джейкобс:
Біз Трамп әлемінде өмір сүріп жатырмыз, – деп түсіндірді.
Сондай-ақ Канада премьер-министрі Марк Карни, Израиль президенті Биньямин Нетаньяху және Қытай басшысы Си Цзиньпин тізімге енген. Айта кетерлігі, Си Цзиньпин бұл рейтингке 14-рет кіріп, рекорд орнатты.
Сонымен қатар тізімде Рим Папасы Лев XIV мен Непалдың жас премьер-министрі Балендра Шах та бар.
Мәдениет пен шоу-бизнес өкілдері
TIME тізіміне кино және шоу-бизнес жұлдыздары да енді. Олардың қатарында актерлер Дакота Джонсон, Клэр Дэйнс, сондай-ақ режиссер әрі актер Ноа Уайли бар.
Сән индустриясында Виктория Бекхэм, Ральф Лорен және Chanel креативті директоры Матье Блази аталды.
Ең жас және ең егде қатысушылар
Тізімдегі ең жас тұлға – 20 жастағы мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Алиса Лю. Ол бір жыл ішінде әлем чемпионатын, Гран-при финалын және Олимпиаданы жеңіп алған.
Ал ең егде қатысушы – 96 жастағы америкалық құқық қорғаушы Долорес Уэрта.
Ғылым мен болашақ
Тізімде ерекше атап өтілген тұлғалардың бірі – астронавт Рид Уайзман. Ол соңғы 54 жылда Айға бағытталған алғашқы ұшу миссиясын басқарды.
2026 жылғы TIME100 арнайы саны төрт түрлі мұқабамен жарық көрді. Оның кейіпкерлері – комик Никки Глейзер, актер Вагнер Моура, актриса Зои Салдана және әнші Люк Комбс.