Toyota қысқа дайын бес жаңа концептіні таныстырды

Toyota қысқа дайын бес жаңа концептіні таныстырды

Аян Қайырбаев
Фото: Toyota

Жапониялық Toyota компаниясы қараша айында өтетін SEMA көрмесінде қазіргі модельдері негізінде әзірленген бес жаңа концептіні көрсетеді. Tundra, Tacoma, 4Runner, Land Cruiser және Sequoia жол талғамайтын көліктері қысқы жағдайда пайдалануға бейімделіп, Snowhunter атты арнайы топтамаға біріктірілді.

Toyota Snowhunter: қарлы қысқа арналған бес көлік

АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық SEMA көрмесі 2026 жылғы 3 қарашада басталады. Биылғы іс-шараға қатысатын Toyota компаниясы америкалық нарықтағы қазіргі модельдерінің негізінде бес ерекше концепт әзірледі.

Snowhunter деп аталатын жаңа топтамаға толық өлшемді Tundra пикабы, ықшам Tacoma пикабы, 4Runner кроссовері, сондай-ақ Land Cruiser және Sequoia жол талғамайтын көліктері енді. Компания мамандары олардың барлығын қарлы әрі суық ауа райында пайдалануға бейімдеген.

Жаңа концептілердің сыртқы дизайны экспедициялық стильде жасалған. Көліктердің бүйір бөліктері, артқы жағы мен төбесіне сұр-қара түсті камуфляж өрнектері түсірілген. Дизайнды Мичиган штатындағы Calty Design Research компаниясы әзірлеген.

Сонымен қатар автомобильдерге Snowhunter топтамасының арнайы эмблемасы мен жылтыр қара сәндік элементтер орнатылған.

Дөңгелектердің орнына шынжыртабан орнатылған

Snowhunter топтамасындағы барлық бес көліктің басты ерекшелігі — кәдімгі дөңгелектердің орнына ақ түсті негізі бар шынжыртабан жүйелерінің қолданылуы. Мұндай шешім қарлы жерлерде және күрделі жол жағдайларында қозғалу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Бұдан бөлек, концептілер Toyota Original Parts және TRD компанияларының көлікті көтеруге арналған элементтерімен жабдықталған. Қосымша жарықтандыру құрылғылары да қарастырылған. Олар шатырдағы жүксалғыш жүйесіне біріктіріліп, көліктердің қараңғы уақытта қозғалуына көмектеседі.

Toyota Tundra және Tacoma: экспедицияға арналған пикаптар

Toyota Tundra Snowhunter концептісі TrailLift Pro Rack жүйесімен жабдықталған. Бұл толық өлшемді пикап мобильді базалық лагерь ретінде пайдалануға арналған. Оның конструкциясы әртүрлі жүктерді, соның ішінде экспедициялық жабдықтарды тасымалдауға және сақтауға мүмкіндік береді.

Ал көлемі шағындау Tacoma Snowhunter қиын жететін орындарға баруға бейімделген. Пикапқа биік антенна орнатылған. Ол сапар кезінде сыртқы әлеммен байланысты сақтауға көмектеседі.

4Runner мен Land Cruiser қандай өзгерістер алды?

Toyota 4Runner Snowhunter моделінің төбесіне Thule жүк боксы орнатылған. Сонымен қатар көліктің астыңғы бөлігі қосымша қорғаныспен жабдықталған. Бұл шешімдер күрделі бағыттарда қозғалған кезде автомобильді қорғауға және қажетті жабдықтарды тасымалдауға арналған.

Land Cruiser Snowhunter концептісіне Toyota Rock рейлингтері мен сырғанауға қарсы төсемдер берілген. Ал төбедегі жүк боксының орнына Thule компаниясының шаңғы тасымалдауға арналған арнайы бекіткіші орнатылған.

Айта кетейік, АҚШ нарығында бұл модель Prado атауынсыз, жай ғана Land Cruiser ретінде сатылады.

Sequoia Snowhunter-дің ерекшеліктері

Топтамадағы ең ірі жол талғамайтын көліктердің бірі – Toyota Sequoia Snowhunter. Ол алдыңғы бөлігіне орнатылған TRD элементтерімен, алюминий табалдырықтарымен және төбедегі жүк бокcымен ерекшеленеді.

Бұл жабдықтар көліктің экспедициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ұзақ сапарларға қажетті заттарды тасымалдауға жағдай жасайды.

Toyota қысқы жобаларымен шектелмейді

Toyota соңғы уақытта шытырман оқиғаларға арналған автомобильдер бағытына да назар аударып келеді. Бұған дейін АҚШ нарығында Toyota Grand Highlander отбасылық кроссоверінің Woodland атты жаңа нұсқасы ұсынылған болатын.

Бұл модификация салондағы тоңазытқышпен, қайта қаралған аспа жүйесімен және басқа шиналармен ерекшеленеді.

Жаңа Snowhunter концептілері әзірге көрме үшін дайындалған жобалар саналады. Олардың сериялық өндіріске шығатыны немесе ұсынылған жабдықтардың барлығы тұтынушыларға қолжетімді болатыны туралы ақпарат жарияланбаған. Дегенмен бес концепт Toyota-ның жол талғамайтын модельдерін қысқы экспедициялар мен табиғат аясындағы саяхаттарға бейімдеу мүмкіндіктерін көрсетеді.

Оқи отырыңыз

{