Төрт тіл біледі, шахмат ойнайды және нан илейді: 2026 жылғы «Қазақ аруы» кім атанды?

Төрт тіл біледі, шахмат ойнайды және нан илейді: 2026 жылғы «Қазақ аруы» кім атанды?

Назерке Чакирбаева
Фото: “Қазақ аруы – 2026” байқауының ресми парақшасынан

Алматыда өткен «Қазақ аруы – 2026» ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды. Биыл бас жүлдені 20 жастағы алматылық Асылым Өтепберген иеленді.

Республика сарайында өткен байқауда еліміздің әр өңірінен іріктелген 22 ару бақ сынады. Жеңімпаз көрермендердің онлайн дауыс беруі арқылы анықталды.

Дауыс беру қорытындысында Асылым Өтепберген 17 164 дауыс жинап, қарсыластарынан басым түсті. Екінші орын 10 480 дауыс алған қостанайлық Әйгерім Қайпенге бұйырды. Ал 4 499 дауыс жинаған шымкенттік Сымбат Әбубәкір үздік үштікті түйіндеді.

Төрт тіл меңгерген Асылым Өтепберген туралы не белгілі?

Биылғы жеңімпаз 2006 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жүр. Сонымен қатар әлеуметтік желіде блог жүргізеді.

Асылымның бойы – 179 сантиметр. Отбасында үш баланың ортаншысы болып өскен. Әкесі өмірден өткеннен кейін балаларды анасы тәрбиелеген.

Асылым бала кезінен өнерге жақын болған. «Айгөлек» балалар бағдарламасына қатысып, алты жыл бойы сахнада өнер көрсеткен. Сондай-ақ шахмат ойнауға қызыққан. Оның тағы бір ерекшелігі – тігіншілікке бейімділігі. Бес жасында анасы тігін тігуді үйреткен. Кейін арнайы курстарға қатысып, шеберлігін жетілдірген.

Асылым төрт тіл меңгерген. Сондай-ақ нан илеп, қамыр жаюды және түрлі тағам әзірлеуді біледі. Байқауға дайындық кезінде түсірілген бейнематериалдарда бойжеткен жеңімпаз атанатынына сенімді болғанын айтқан.

Биылғы байқау несімен ерекшеленді?

«Қазақ аруы – 2026» байқауының басты ерекшелігі – кештің қазақ киносының классикасына айналған «Қыз Жібек» фильміне және басты рөлді сомдаған Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешоваға арналуы.

Байқауда қатысушылар «Қыз Жібек» қойылымын сахналап, ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Ал сұрақ-жауап кезеңінде 22 аруға сұрақтарды Меруерт Өтекешованың өзі қойды.

Сонымен қатар сахнада былтырғы жеңімпаз Дария Қуатжанның сән үйінің көйлектері ұсынылды. Бұған дейін байқаудың негізін қалаушы Баян Алагөзова биылғы маусымда «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі қызғылт қамзол бейнесі жаңғыртылатынын мәлімдеген еді.

Жеңімпаз қандай сыйлық алды?

Бас жүлде иегері Асылым Өтепбергенге белгілі дизайнер Аида Кауменованың сән үйінде арнайы тігілген шапан жабылды. Сондай-ақ оған шетелге саяхаттауға жолдама табысталды.

Байқауды Баян Алагөзованың BM Production продюсерлік орталығы ұйымдастырды. «Қазақ аруы» жобасы 2011 жылдан бері өткізіліп келеді.

Айта кетейік, 2025 жылы ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы Талдықорған тумасы Дария Қуатжан атанған болатын.

Оқи отырыңыз

{