Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліҚазақстан Еуропа мен Азия арасындағы жасанды интеллект орталықтарының біріне айналуды көздеп отыр. NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Астанаға жасаған алғашқы сапары кезінде Қазақстанды есептеу қуаттары мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға әлеуеті жоғары алаң ретінде бағалады. Бұл туралы британдық халықаралық қаржылық-талдамалық Global Banking & Finance Review басылымы жазды.
Басылым материалында есептеу инфрақұрылымын құру жобалары, халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық, отандық жасанды интеллект шешімдерін дамыту және жаңа технологияларды түрлі салаларда қолдану мәселелері қарастырылған.
Қазақстанның басты міндеті – халықаралық инвестициялар мен энергетикалық артықшылықтарды өз технологияларын дамытуға, экспортты арттыруға және экономиканың өнімділігін көтеруге бағыттау.
Цифрлық қызметтен жаңа экономикаға дейін
Соңғы жылдары Қазақстан технологиялық дамудың берік негізін қалыптастырды. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,3%-ы электронды форматта қолжетімді, ал ел тұрғындарының басым бөлігі интернетке қосылған.
2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд долларға жетті. Салыстыру үшін, онжылдықтың басында бұл көрсеткіш небәрі 33,5 млн доллар болған. Осы кезеңде Қазақстанның цифрлық секторы халықаралық нарықтағы үлесін едәуір арттырды.
Ендігі кезеңде цифрлық шешімдерді өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруашылығында және логистикада кеңінен қолдану көзделіп отыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың толыққанды цифрлық экономика қалыптастыру бағытына сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні экономикаға іс жүзінде енгізудің маңызын атап өтті. Негізгі басымдық кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға және жаңа технологиялық өнімдер жасауға берілген.
NVIDIA және суперкомпьютерлер
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары елдегі жасанды интеллект пен есептеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне халықаралық назарды күшейтті.
Global Banking & Finance Review басылымының жазуынша, жетекші технологиялық компаниялармен ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, мамандар даярлауға, бірлескен әзірлемелер жүргізуге және қазақстандық командалардың халықаралық жобаларға қатысуына мүмкіндік береді.
Қазақстанда қазірдің өзінде екі суперкомпьютер іске қосылған. Үшіншісін 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұлттық тілдік модельдер, деректерді өңдеу орталықтары және Каспий арқылы өтетін халықаралық ақпарат тарату арналары дамып келеді.
Есептеу инфрақұрылымын іс жүзінде пайдалану да жолға қойылған. Alem.Cloud ұлттық кластерінің ресурстары мемлекеттік органдарға, ғылыми-зерттеу институттарына, университеттерге, стартаптар мен компанияларға ұсынылған.
Қазіргі уақытта оның қуатының 90%-дан астамы 50-ден астам ұйым арасында бөлінген. Мұндай тәсіл ғылыми зерттеулер жүргізуге, мамандар даярлауға және қазақстандық технологиялық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Екібастұздағы миллиардтаған инвестиция
Еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан Data Center Valley бастамасы. Жоба аясында үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге, жасанды интеллект модельдерін үйретуге және цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз етуге арналған деректер орталықтары мен есептеу қуаттары шоғырланбақ.
Жобаның негізгі мақсаты – қуаты кемінде 1 ГВт болатын есептеу кешенін құру. Болашақта инфрақұрылымды одан әрі кеңейтіп, ауқымды кластер қалыптастыру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
2027 жылы жалпы қуаты 300 МВт болатын деректер орталықтарын іске қосу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру үшін қосалқы станциялар, электр беру желілері, резервтік қуат көздері, салқындату жүйелері және жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс қажет.
Жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясында жалпы көлемі 10 млрд долларға дейінгі келісімдер пакеті қарастырылған. Жобаның алғашқы кезеңін коммерциялық пайдалануға беру келесі жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Жоғары өнімді жабдықтарды жеткізуге де ерекше назар аударылып отыр. Firebird компаниясы АҚШ-тан NVIDIA Grace Blackwell жүйесінің 45 мың үдеткішін жеткізуге экспорттық лицензия алған. Бұл жабдықтар құрылып жатқан есептеу инфрақұрылымының алғашқы кезеңіне арналған.
Мұндай санаттағы үдеткіштер үлкен есептеу ресурстарын қажет ететін міндеттерге, соның ішінде ірі жасанды интеллект модельдерін оқыту мен іске қосуға пайдаланылады. Осындай көлемдегі жеткізілім жоғары өнімді есептеу кластерін қалыптастырудағы маңызды қадам болуы мүмкін.
Қазақстан есептеу қуаттарын экспорттай ала ма?
Global Banking & Finance Review жарияланымында Қазақстанның қалыптасып жатқан есептеу инфрақұрылымын дербес экспорттық бағытқа айналдыру мүмкіндігі де сөз болады.
Әңгіме шетелдік компанияларға жасанды интеллект модельдерін оқыту және іске қосу үшін серверлер мен арнайы үдеткіштерге қолжетімділікті сатуға қатысты. Мұндай модель Қазақстанға қосылған құны жоғары цифрлық қызметтерден табыс табуға мүмкіндік береді.
Генеративті жасанды интеллектінің таралуына, корпоративтік аналитика мен автоматтандырудың дамуына байланысты әлемде есептеу қуаттарына сұраныс артып келеді. Компанияларға өз модельдерін әзірлеу және іске қосу үшін үлкен ресурстар қажет. Алайда олардың барлығы деректер орталықтарын өз бетінше салып, қымбат жабдық сатып алуға дайын емес.
Қазақстан бәсекеге қабілетті баға, тұрақты электрмен жабдықтау, сапалы байланыс және деректермен жұмыс істеудің түсінікті ережелерін қамтамасыз ете алса, мұндай қызметтерді ұсына алады.
Каспий арқылы өтетін цифрлық дәліз
Тағы бір маңызды бағыт – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін дамыту. Бұл жоба Орталық Азия, Кавказ және Еуропа желілері арасындағы жаңа цифрлық дәліздің маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.
Суасты желісінің ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды. Жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. Бұл Қазақстан арқылы өтетін халықаралық деректер транзитін арттыруға мүмкіндік береді.
Каспий теңізінің түбімен өтетін талшықты-оптикалық магистральді төсеу жұмыстарын аяқтау деректер орталықтары мен суперкомпьютерлерді қамтитын цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызды элементтерінің бірі саналады.
Жасанды интеллект экономикаға қалай әсер етеді?
Жасанды интеллектінің әлеуеті IT саласымен ғана шектелмейді. Энергетикада алгоритмдер апаттардың алдын алып, жабдықтардың бос тұру уақытын қысқарта алады. Өнеркәсіпте өндіріс үдерістерін оңтайландыруға, логистикада тасымалды жеделдетуге, ал ауыл шаруашылығында ресурстарды тиімді пайдалануға көмектеседі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек өнімділігін арттыру мен өнеркәсіптік базаны жаңғыртуды экономикалық өсудің негізгі шарттарының бірі ретінде атап өтті. Жасанды интеллектіні нақты өндірістік үдерістерге енгізу осы бағыттың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Сонымен бірге есептеу инфрақұрылымын дамыту білім беру саласына, инженерлік мамандар даярлауға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға инвестиция салуды талап етеді.
Қазақстанның алдында энергетикалық ресурстарды, заманауи чиптерді, есептеу қуаттарын және отандық технологиялық өнімдерді біртұтас жүйеге біріктіру міндеті тұр.
Жаңа жобалардың экономикалық тиімділігі нысандардың нақты іске қосылуына, қолжетімді қуат көлеміне, бәсекеге қабілетті тарифтерге және ұзақ мерзімді клиенттердің болуына байланысты болады.
Ең бастысы – құрылып жатқан инфрақұрылым отандық кәсіпорындардың, университеттер мен технологиялық компаниялардың дамуына да қызмет етуі керек.
Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліКеше, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс