Тоқаев жасанды интеллект дәуірінде классикалық әдебиетті оқудың маңызын түсіндірді

Тоқаев жасанды интеллект дәуірінде классикалық әдебиетті оқудың маңызын түсіндірді

Аян Қайырбаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин жасанды интеллект саласындағы жас таланттармен кездесті. 

Жасанды интеллект жөніндегі AI Journey 2026 конференциясына қатысу аясында мемлекет басшылары халықаралық ЖИ олимпиадаларының жеңімпаздары болған жастармен әңгімелесті.

Қазақстан Президенті жас қатысушыларды осындай бірегей форумға қатысу мүмкіндігімен құттықтады. Оның айтуынша, бұл – өз қабілетін танытып, өзін бүкіл әлемге, соның ішінде мемлекет басшыларына көрсетуге мүмкіндік беретін үлкен өмірлік шанс.

Аға буынның міндеті – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау. Бұл міндеттің мемлекеттік маңызы бар. Сіздердің тиісті білімді еш қиындықсыз алуларыңызға және осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуларыңыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің дамуы – әлемнің болашағына елеулі ықпал ететін қайтымсыз үдеріс екенін атап өтті.

Цифрландыру да, жасанды интеллект те Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мен үшін басым стратегиялық міндет. Мұны жақсы білесіздер. Осы мақсатта биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды, – деді Президент.

Кездесу интерактивті «сұрақ-жауап» форматында жалғасты. Оқушылар мен студенттер президенттердің сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, өз пікірлерін білдіріп, ғылым, білім, медицина, экономика және өнер салаларында ЖИ технологияларын қолдануға қатысты сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды кітап оқуды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға шақырды.

Сыни ойлау батырмаларды басу арқылы қалыптаспайды. Оған оқу арқылы қол жеткізуге болады. Қалай болғанда да, кітап оқуды ешкім тоқтатқан жоқ. Маған «жасанды интеллект дәуірінде «Соғыс және бейбітшілік», Тургеневтің «Вешние воды», Чеховтың пьесаларын оқу деген мүлдем түсініксіз» деп айтады. Ал мен керісінше пікірдемін. Айтпақшы, келесідей эксперимент жүргізіліпті: ChatGPT-ден «Соғыс және бейбітшілік» туралы сұраған. Ол қазіргі тілмен айтқанда, 25 бетке жуық қысқаша мазмұн (summary) береді. Оған «бұл «Соғыс және бейбітшілік» емес қой, шығарма 600 беттен тұрады» дегенде, ол «қалғаны маңызды емес» деп жауап берген. Бұл, меніңше, қауіпті жеңілдету. Қазақстанда оқитын ұлт құру туралы арнайы жарлық шығардым. Жастарда кітап оқуға деген дағды қалыптасса екен деймін. Жақын арада Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалар ашылады. Онда тәулік бойы келіп, кітап оқуға мүмкіндік жасалады. Кітапты қағаз нұсқасында да, цифрлық форматта да оқуға болады. Меніңше, бұл дұрыс, – деді Тоқаев.

Кездесу соңында Қазақстан және Ресей президенттері қатысушыларға білімге деген қызығушылықтарын жоғалтпай, жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді. Диалогқа Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жас таланттар қатысты.

Оқи отырыңыз

{