Тоқаев: Қазақстан Тәжікстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануын қолдайды

Тоқаев: Қазақстан Тәжікстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануын қолдайды

Асқар Таудай
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Өз сөзінде Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанын тағы да атап өтіп, қазақ-тәжік қатынастарын стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында нығайтуға Рахмонның қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі сапардың символдық мәні зор, өйткені ол елдеріміз тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтіп жатқан жылы жүзеге асып отыр. Егемендік жылдарында Қазақстан да, Тәжікстан да жарқын жетістіктерге толы үлкен жолдан өтті. Сіздің беделді басшылығыңызбен Тәжікстан мемлекеттілікті нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда және халықаралық беделін арттыруда зор табыстарға қол жеткізді.

Сіздің еліңіз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі Тәжікстанның барлық жетістіктері Сіздің есіміңізбен және халықтың берік қолдауына негізделген дана әрі жасампаз саясатыңызбен тікелей байланысты. Қазақстан қазіргі күрделі геосаяси жағдайда қуатты әрі өркендеген мемлекет құруға бағытталған Сіздің стратегиялық бағдарыңызды жоғары бағалайды», – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасында шешілмеген немесе шешімі табылмайтын мәселелер жоқ екенін, керісінше, өзара ынтымақтастықта тек ілгерілеу байқалатынын атап өтті.

Ол келіссөздердің табысты өткенін мәлімдеп, тараптардың көпқырлы ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға деген ортақ әрі берік ұстанымын растағанын айтты.

«Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемі екі миллиард доллар межесіне сенімді түрде жақындап келеді. Соның нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның ең ірі үш сыртқы сауда серіктесінің қатарына кіреді. Біз құрметті Эмомали Шариповичпен өзара сауданы одан әрі арттыру үшін қажетті шараларды қабылдауға келістік. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бүгін 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі Жол картасы қабылданды», – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент келіссөздер барысында су-энергетика саласына ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Қазақстан трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану мәселелеріндегі дәйекті саясаты мен қолдауы үшін тәжік тарапына алғыс білдіреді. Біз осы бағыттағы сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға келістік. Басымдық берілетін бағыттар – су саласына цифрлық шешімдерді енгізу, су ресурстарын есепке алу және мониторинг жүргізу жүйелерін бірлесіп дамыту», – деді ол.

Тоқаев Қазақстанның Тәжікстан кандидатурасын 2028-2029 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауда қолдайтынын мәлімдеді.

«Келіссөздер барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Біз өңірдің орнықты дамуы барлық бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне сай келетін ортақ мақсатымыз екеніне келістік.

Қазақстан Тәжікстанның 2028-2029 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынуын оң қабылдады және, әрине, Тәжікстанның кандидатурасын қолдайды», – деп түйіндеді Тоқаев.

Фото: Ақорда

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Тоқаевқа жылы қабылдауы мен қонақжайлығы үшін алғыс айтып, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда – «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттағаны үшін ризашылығын білдірді.

«Тәжік-қазақ қатынастарын дамытуға қосқан қарапайым үлесімнің осындай жоғары бағалануы тек менің жеке еңбегім ғана емес, бүкіл елімнің халқының еңбегі деп санаймын. Бауырлас Қазақстанға әрбір сапарымыз бізге жаңа әрі жарқын естеліктер сыйлайды. Достас Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және халықаралық аренадағы беделін нығайтудағы елеулі жетістіктері бізді қуантады.

Біз Қазақстанның прогресс пен өркендеу жолындағы үйлесімді дамуын одан әрі жалғастыруға берік негіз қалыптастыруға бағытталған соңғы жылдардағы реформаларын жоғары бағалаймыз. Бүгінгі келіссөздер сындарлы саяси диалог аясында, сенім мен өзара түсіністік жағдайында өтті. Біз екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді жан-жақты талқыладық. Келіссөздер қорытындысы бойынша қабылданған Бірлескен мәлімдеме ынтымақтастығымызды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды», – деді Эмомали Рахмон.

Оқи отырыңыз

{