Том Холландтың жаңа фильмі алғашқы бестікке іліге алмады

Том Холландтың жаңа фильмі алғашқы бестікке іліге алмады

Көктем Қарқын
Фото: Видеодан кадр

Variety журналы «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі жарыққа шыққаннан кейін Питер Паркер туралы түсірілген барлық толықметражды фильмдерді қайта бағалап, ең сәтсізінен ең үздігіне дейінгі рейтингін жариялады. Жаңартылған тізімге барлығы 11 фильм енді.

Басылымның пікірінше, соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде Өрмекші адам франшизасы бірнеше рет жаңарып, түрлі режиссерлер мен актерлердің интерпретациясында көрерменге жол тартты. Соған қарамастан кейбір бөлімдер сыншылардың жоғары бағасына ие болса, енді біреулері күткен нәтижені көрсете алмады.

Ең төмен бағаланған фильмдер

Рейтингтің соңғы орнына 2014 жылы шыққан «Жаңа Өрмекші адам: Жоғары кернеу» фильмі жайғасты. Variety бұл туындыны оқиғасы шамадан тыс күрделі, ал кейіпкерлері толық ашылмаған фильм деп бағалаған. Редакцияның пікірінше, бірнеше әйгілі жауды бір фильмге енгізу оқиғаның сапасына кері әсер еткен.

«Жаңа Өрмекші адам: Жоғары кернеу» фильмінен кадр

Оныншы орынға Сэм Рэйми түсірген «Өрмекші адам – 3» фильмі орналасты. Басылым бұл бөлімдегі Питер Паркердің мінез-құлқы мен басты антагонист көрерменге жеткілікті әсер қалдырмағанын атап өткен.

Том Холланд ойнаған фильмдердің ішінде «Өрмекші адам: Үйден жырақта» ең төмен орын алды. Редакцияның пікірінше, бұл бөлім франшизаның тұрақты жанкүйерлерінен гөрі жаңа аудиторияға көбірек бағытталған.

«Өрмекші адам - 3» фильмінен кадр

Жаңа фильм алтыншы орынға тұрақтады

АҚШ-та алғашқы демалыс күндері кассалық рекорд орнатқан «Өрмекші адам: Жаңа күн» рейтингіде алтыншы орынға жайғасты. Variety бұл шешімнің нақты себебін түсіндірмегенімен, Том Холландтың актерлік ойынын, Сэди Синктің қатысуын және Жазалаушы (Punisher) кейіпкерінің фильмдегі рөлін жоғары бағалаған.

«Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмінен кадр

Рейтингтің көшін 2002 жылы жарық көрген, Тоби Магуайр басты рөлді сомдаған алғашқы «Өрмекші адам» фильмі бастады. Екінші орынға «Өрмекші адам – 2», ал үшінші орынға «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» фильмі жайғасқан.

Variety нұсқасы бойынша Өрмекші адам туралы фильмдердің рейтингі:

  1. «Өрмекші адам» (2002)
  2. «Өрмекші адам – 2» (2004)
  3. «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» (2021)
  4. «Өрмекші адам: Үйге оралу» (2017)
  5. «Өрмекші адам: Өрмек әлемі арқылы» (2018)
  6. «Өрмекші адам: Жаңа күн» (2026)
  7. «Өрмекші адам: Өрмек әлемінен әрі» (2023)
  8. «Өрмекші адам: Үйден жырақта» (2019)
  9. «Жаңа Өрмекші адам» (2012)
  10. «Өрмекші адам – 3» (2007)
  11. «Жаңа Өрмекші адам: Жоғары кернеу» (2014)

Оқи отырыңыз

{