Соңғы жылдары Қазақстанға шетелдік кино түсірушілердің қызығушылығы артты. Еліміздің көрікті жерлері халықаралық фильмдер мен сериалдарда жиі көріне бастады. Ева Грин, Том Фелтон секілді танымал актерлер де Қазақстанда түсірілген жобаларға қатысты. Тіпті алдағы уақытта Джеки Чанның жаңа фильмі де елімізде таспаланбақ. Ендеше, Қазақстанда түсірілген шетелдік фильмдер мен сериалдарға бірге шолу жасап көрейік.
«Доспехи бога 4: Ультиматум»
Қазақстанда әлемге әйгілі тағы бір фильм түсірілмек. Аты аңызға айналған актер Джеки Чан басты рөлді сомдайтын «Доспехи бога» франшизасының жаңа бөлімі Алматы облысында таспаланады. «Доспехи бога 4: Ультиматум» фильмі Қаскелеңде салынатын заманауи кинопавильондарда түсірілетін алғашқы ірі жобалардың бірі болмақ.
Жоба аясында Қаскелеңде аумағы 2 мың және 1 мың шаршы метр болатын екі үлкен кино павильоны салынады. Продюсерлердің айтуынша, олар халықаралық деңгейдегі техникалық стандарттарға сай жабдықталады. Мұнда қазақстандық жобалармен қатар, шетелдік фильмдерді де түсіруге мүмкіндік болады.
Фильмнің түсірілімі 2026 жылдың көктемінде басталады деп жоспарланған. Жаңа бөлімнің режиссері болып Роберт Кун таңдалды. Ол бұған дейін Disney, Paramount, Universal және 20th Century Fox секілді ірі студиялармен жұмыс істеп, бірнеше танымал фильмдегі экшн-сахналарды қойған.
Режиссердің өзі бұл жаңалыққа қатысты әсерін жасыра алмады.
Өзім де әлі сене алар емеспін. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Бізге сәттілік тілеңіздер, – деп жазды Роберт Кун.
Айта кетейік, Джеки Чан 2025 жылдың күзінде Алматыға келген еді. Сол сапардан кейін әйгілі актердің жаңа фильмін Қазақстанда түсіру туралы ақпарат тараған еді.
«Альтер»
Шетелдік кино түсірушілердің назарын аударған қалалардың бірі – Астана. Канадалық фантастикалық экшн жанрындағы «Альтер» фильмінің бірнеше көрінісі елордада түсірілген. Жобаға қазақстандық мамандар да қатысып, халықаралық командамен бірге жұмыс істеген.
Фильмде Том Фелтон басты рөлдердің бірін сомдайды. Көрермен оны «Гарри Поттердегі» Драко Малфой образы арқылы жақсы таниды. Сонымен қатар актерлік құрамда Ричард Брейк те бар. Ол «Тақтар ойынындағы» Түн патшасы рөлі арқылы танылған.
Фильмнің фантастикалық атмосферасын жасау үшін Астананың бірнеше ерекше локациясы таңдалған. Түсірілім жұмыстары Ақжол жолы бойындағы ескі зауыттарда, Бейбітшілік және келісім сарайы маңында, EXPO аумағында, Тұңғыш президент музейінде және Салтанат сарайында өткен. Қаладағы заманауи сәулет пен индустриялық нысандар фильмдегі антиутопиялық әлемнің бір бөлігіне айналған.
Жоба барысында арнайы лабораториялық жылыжайлар, футуристік декорациялар мен сахналық қару-жарақтар дайындалған. Кей реквизиттер Ресей қалаларынан арнайы алдырылған. Түсірілім тобы Астананың келбеті ғылыми-фантастикалық фильмнің эстетикасына өте жақсы сәйкес келгенін айтқан.
«Проксима»
Қазақстан аумағында түсірілген шетелдік фильмдердің бірі – «Проксима». Франция мен Германия бірлесіп түсірген драмалық фильм 2019 жылы жарыққа шықты. Картинада басты рөлді француз актрисасы Ева Грин сомдаған. Көрермен оны «Казино Рояль» және «Мисс Перегриннің ерекше балаларының үйі» фильмдері арқылы жақсы таниды.
Фильм оқиғасы Марсқа ұшуға дайындалып жүрген астронавт Сараның өмірі төңірегінде өрбиді. Сюжет бойынша ғарыш миссиясы Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылуы керек. Осыған байланысты фильмнің бір бөлігі Байқоңырда түсірілген.
Картинада ғарыш тақырыбымен қатар ана мен қыз арасындағы қарым-қатынас, мансап пен отбасы арасындағы таңдау мәселесі де қозғалады. Фильм режиссері – француз кинорежиссері Алис Винокур.
«Растворяться»
Қазақстанда түсірілген шетелдік фильмдердің қатарында оңтүстіккореялық режиссер Ким Ки Дуктың «Растворяться» фильмі де бар. Психологиялық драма 2019 жылы көрерменге жол тартты. Картина Алматыда өткен Almaty Film Festival аясында таныстырылған.
Фильмді әлемге әйгілі корей режиссері Ким Ки Дук түсірген. Ол «Көктем, жаз, күз, қыс... және тағы да көктем» фильмі арқылы кеңінен танылған. Режиссер бұл жобаны Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асырып, туындыны тіпті «қазақстандық фильм» деп атауға болатынын айтқан.
Картина Қазақстанда түсіріліп, оған отандық актерлер де қатысқан. Фильмде Динара Жұмағалиева, Санжар Мәди, Шыңғыс Қапин және басқа да қазақстандық актерлер ойнады.
Сюжет бір-біріне қатты ұқсайтын екі қыздың өмірі төңірегінде өрбиді. Бірі — дәстүрлі ортада өскен қарапайым қыз болса, екіншісі еркін өмір салтын ұстанады. Кейін екеуінің тағдыры ауысып, оқиға психологиялық шиеленіске ұласады.
«Марко Поло»
Netflix платформасына арнап түсірілген «Марко Поло» сериалының табиғат көріністерінің басым бөлігі Қазақстанда таспаланған. Тарихи драма XIII ғасырдағы әйгілі саяхатшы Марко Полоның өмірін баяндайды. Жоба ауқымы жағынан тіпті «Тақтар ойынымен» салыстырылған.
Сериалдың негізгі түсірілімдері Алматы облысында өткен. Кино тобы Шарын шатқалын, Шошанай ауылы маңындағы таулы аймақтарды, «Деревянное озеро» деп аталатын өңірді және Ақсай ауылы маңын локация ретінде таңдаған. Түсірушілер Қазақстан табиғатының алуан түрлілігіне ерекше қызыққан.
Жобаға қазақстандық мамандар да кеңінен тартылды. Түсірілім жұмыстарына 400-ге жуық отандық маман қатысқан. Сонымен қатар әйгілі каскадерлер тобы Nomad та сериалдағы ауқымды шайқас сахналарын дайындауға атсалысты.
Сериалды Netflix тапсырысымен америкалық продюсерлер Харви және Боб Вайнштейндер түсірген. Ал басты рөлді италиялық актер Лоренцо Рикельми сомдады.
«Инфинити»
Француздардың «Инфинити» атты фантастикалық мини-сериалының бір бөлігі Қазақстанда түсірілген. Алты сериядан тұратын жоба Франция, Украина және Қазақстан аумағында таспаланған.
Түсірілім жұмыстары Шарын шатқалында, Приозерск маңында, Қапшағайда және Алматыда өткен. Сериалдағы оқиғалардың бір бөлігі Байқоңыр мен қазақ даласында өрбиді. Сюжет бойынша Қазақстанда жұмбақ жағдайда қаза тапқан америкалық астронавттың денесі табылып, осы құпияны француз астронавты мен жергілікті полиция қызметкері бірге зерттей бастайды.
Сериалда басты рөлдерді француз актрисасы Селин Саллетт, қазақстандық актер Данияр Алшинов, румыниялық актер Влад Иванов және британдық актер Лекс Шрэпнел сомдаған. Сонымен қатар жобаға Самал Еслямова да қатысқан.
Түсірілім бірнеше айға созылып, финалдық көріністер Алматыда таспаланған. Қазақстан табиғаты мен өндірістік аймақтары сериалдағы мистикалық атмосфераны күшейте түскен.
Сонымен қатар Қазақстан тарихына арналған халықаралық жобалар да бар. Соның бірі – «Бумажный дом» сериалының режиссері Мигель Анхель Вивас түсірген La tregua («Бітім») фильмі. Картина Карлагтағы саяси қуғын-сүргін тақырыбын қозғайды. Жоба Қазақстан мен Испанияның бірлескен туындысы болғанымен, түсірілім жұмыстары Испанияда өткен.
Осындай жобалардың қатарында A. L. Zh. I. R. («А.Л.Ж.И.Р.») телехикаясын да атауға болады. Сериал Ақмоладағы «Отанын сатқандар әйелдерінің лагері» туралы баяндайды. Алайда жоба Қазақстан тарихына арналса да, түсірілім жұмыстары Қырымда жүргізілген.