Тоғыз ұлттың өнерін тоғыстырған кеш: Астанада «Бірлік әуені» этно-хореографиялық концерті өтті

Тоғыз ұлттың өнерін тоғыстырған кеш: Астанада «Бірлік әуені» этно-хореографиялық концерті өтті

Аян Қайырбаев
Фото: Қазақконцерт

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Бірлік» би ансамблінің «Бірлік әуені» атты этно-хореографиялық концерті өтті.

Жоба қазақ, орыс, грузин, татар, өзбек, қытай, тәжік, кәріс және түрікмен мәдениетінің би өнері мен музыкалық дәстүрлерін бір сахнада тоғыстырды. Концерттің негізгі идеясы – ұлттық өнердің өзіндік ерекшелігін таныта отырып, еліміздегі мәдени әралуандықты өнер арқылы дәріптеу.

Фото: Қазақконцерт

Кештің шымылдығы «Аманат» қазақ биімен ашылды. Одан кейін көрермендерге «Көктем лебі», «Ат шабыс», тау халықтарының «Анцух», грузиннің «Джейрани», татардың «Ак Идель», өзбектің «Дучава», тәжіктің «Чилваи Хиромон», қытайдың «Ай қанатында», түрікменнің «Эй, дарагым, батлан», кәрістің «Elegi» хореографиялық композициялары ұсынылды. Әр қойылым өзіндік әуенімен, қимыл мәнерімен және ұлттық нақышымен ерекшеленіп, түрлі халықтардың өнер әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік берді.

Фото: Қазақконцерт

Би кешінің көркемдік мазмұнын вокалдық және аспаптық шығармалар толықтырды. Сахнада «Кербез сұлу», «Татарские напевы», «Аққу», «Белес» секілді туындылар орындалды. Концертке әнші Нұрболат Арзамасұлы, күйшілер Ардақ Елеусіз бен Тоғжан Үмбет, Бауыржан Бекмұханбет, қобызшылар Ақерке Тәжібаева, Мақсат Медеубек, мультиаспапшы Жанту Дадабаев, аккордеоншы Равиль Отарбаев, сондай-ақ «Zazan» лезгинка мектебінің өкілдерімен «Joshy» тобы қатысты. Кеш соңында әртістерге ықылас гүлі табысталды.

Фото: Қазақконцерт

«Бірлік әуені» концерті би, вокал және аспаптық өнерді бір бағдарламада біріктіріп, әр халықтың мәдени мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Жоба ұлттық дәстүрлердің өзіндік сипатын сақтай отырып, олардың ортақ шығармашылық кеңістікте үндесе алатынын көрсетті.

Оқи отырыңыз

{