17.05.2026
14:56
773
Жаңалықтар

TikTok-тағы жаңа тренд: «дамплинг» ойыншықтары қаншалықты қауіпсіз?

Әлеуметтік желілерде балалар мен жасөспірімдер арасында жаңа тренд жылдам таралып жатыр. Поп-иттер мен симпл-димплдар дәуірінен кейін TikTok-ты енді «дамплинг» деп аталатын жұмсақ антистресс ойыншықтар жаулап алды. Сырттай қарағанда бұл ойыншықтар зиянсыз сияқты көрінгенімен, ата-аналар тарапынан шағымдар көбейіп, мамандар да дабыл қағуда.

«Дамплинг» деген не және неге танымал болды?

Дамплингтер — қытай тұшпарасына ұқсас жұмсақ ойыншықтар. Ішінде жылтыр гель болады. Балалар оларды уқалап, созып ойнайды, яғни бұл стресс азайтады деп ұсынылады.

Трендтің кең таралуына TikTok ықпал етті. Пайдаланушылар «unboxing» видеолар түсіріп, коллекция жинап, сирек түрлерін іздей бастады. Кейбірі «blind box» форматында сатылады, яғни ішінде қандай түс немесе дизайн бар екені алдын ала белгісіз.

Алайда дәл осы маркетингтік қызығушылық ойыншықтың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарды күшейтіп отыр.

Химиялық иіс пен күмәнді сынақтар

Америкалық New York Post басылымына сілтеме жасаған материалдарда канадалық Джордан Коллинет қызына сатып алынған дамплингтерден қатты химиялық иіс шыққанын айтқан. Ол ойыншықтарды арнайы құрылғымен тексеріп, олардың ауаға ұшпа органикалық қосылыстар (VOCs) бөлу деңгейін өлшеген.

Нәтижесі күтпеген болған, атап ацтқанда кей көрсеткіштер тіпті бояу құтысымен салыстырғанда жоғары шыққан.

Бұл деректер әзірге ресми ғылыми қорытынды емес, бірақ ата-аналар мен сарапшылардың алаңдаушылығын күшейтті.

Дерматологиялық қауіптер: гель неге күмән тудырады?

Consumer Reports жүргізген бөлек зерттеуде бірнеше танымал дамплинг түрлері қарастырылды. Көп жағдайда ойыншықтар тез жыртылып, ішіндегі гель сыртқа шығып кеткен.

Ата-аналардың шағымдарында балалардың терісінде қызару, қышу, тіпті күйікке ұқсас тітіркену жағдайлары тіркелген.

Зерттеу барысында бір ойыншықтың ішкі гелінің pH деңгейі шамамен 2 болған, яғни бұл лимон шырыны немесе сірке суына тең қышқылдық. Мұндай орта сезімтал балалар терісіне зиян болуы мүмкін.

Дерматологтар pH деңгейінің қатты ауытқуы терінің тітіркенуіне, бөртпе мен күйдіру сезіміне әкелетінін айтады.

TikTok-тағы қауіпті лайфхак: микротолқынды пеш

Тағы бір қауіпті үрдіс — дамплингтерді микротолқынды пеште қыздыру. TikTok қолданушылары оларды «жұмсарту» үшін жылытуға кеңес беріп жүр.

Алайда сынақтар көрсеткендей, кей ойыншықтар небәрі 10-15 секундта жарылып кеткен. Ішкі температура 90°C-тан жоғары көтерілуі мүмкін.

Мұндай жағдайда гель теріге тиіп, ауыр күйік тудыру қаупі бар.

Негізгі қауіп: балалардың әдеттері

Мамандардың айтуынша, басты мәселе — балалардың ойыншықты ауызға салуы, бетке жақын ұстауы немесе ұзақ уақыт қолдануы. Ал зақымданған кезде ішіндегі сұйықтық теріге тікелей тиеді.

Сонымен қатар, күн астында немесе көлікте қалып қойған ойыншық та қызып, қауіпті жағдай туғызуы мүмкін. Бұрын тіркелген бір жағдайда қызып кеткен ойыншық жарылып, адам қолында екінші дәрежелі күйік тудырған.

Ата-аналарға кеңес

Сарапшылар мына сақтық шараларын ұсынады:

  • ойыншықтың жарылғанын немесе ақауын бірден тексеру;
  • микрожарық пайда болса, қолдануды тоқтату;
  • кішкентай балаларға бермеу;
  • микротолқынды пеште қыздырмау және мұздатпау;
  • көлікте немесе күн астында қалдырмау;
  • гель теріге тисе, сабынды сумен мұқият жуу.

«Дамплинг» тренді TikTok-тағы кезекті сәнді құбылыс ретінде басталғанымен, оның қауіпсіздігі толық дәлелденбеген. Кей үлгілерде теріге тітіркендіргіш әсер, химиялық иіс және құрылымның тез бұзылуы байқалады.

Мамандар барлық өнім қауіпті деген қорытынды жасамайды, бірақ ата-аналарға ойыншық сапасына, иісіне және тұтастығына ерекше назар аудару қажеттігін ескертеді.