TikTok-та балағат сөз айтқан әйел ауруханаға жатқызылды

TikTok-та балағат сөз айтқан әйел ауруханаға жатқызылды

Аян Қайырбаев
Фото: Видеодан кадр

Жамбыл облысының Байзақ ауданында TikTok-та тікелей эфир жүргізген 41 жастағы әйел Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Бұл туралы полиция мәлімдеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әлеуметтік желіде «Алтын қыз» лақап атымен танымал Лайло Қасымова тікелей эфир кезінде балағат сөздер қолданғаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция әйелге бірнеше рет ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін хабарлады. Алайда құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол тікелей эфирлер барысында балағат сөздер қолдануын жалғастырған. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларына қатысты әдепсіз сөздер айтқан.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері қорғаншылық органдары және басқа да бейінді қызметтермен бірлесіп, балалардың қандай жағдайда тұрып жатқанын тексерген. Қазіргі уақытта балалар әкесінің қарауында.

Әйел ауруханаға жатқызылды

Полицияның хабарлауынша, жедел жәрдем бригадасы әйелді тексергеннен кейін ол Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына госпитализацияланған. Қазір ол медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.

Полиция әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер кезінде заң талаптарын сақтаудың маңызын еске салды.

Қазақстанда стримерлерге бақылау күшейтілді

Қазақстанда интернет пен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

ІІМ мәліметінше, еліміз бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылған.

Бұған дейін Түркістан облысындағы стример әйел мен Ақтөбе облысының тұрғыны жариялаған видеоларындағы балағат сөздер үшін полиция назарына іліккен.

Сондай-ақ Абай облысында 26 жастағы әйел TikTok-тағы тікелей эфирден кейін қамауға алынған болатын. Полиция мәліметінше, эфир барысында ол балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен және есірткі қолданғанын мәлімдеген.

Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желілерде контент жариялау кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады.

Оқи отырыңыз

{