Теміртаулық шебер Наталья Воротынскаяның қолөнері мен қайырымдылығы

27 Шілде 2018, 11:14

Сұхбатымыздың айдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қолөнер көрмелерінің тұрақты шеберлер мүшесі, соқырлар қоғамының киіз бұйымдарын дайындау бойынша өндірістік шеберханасының ««Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Борисовна Вортынская туралы әңгімеленеді.

– Наталья Борисовна, сұхбатымызды өзіңізден бастасақ. Еңбек жолыңызды кеңірек айтып өтсеңіз.

– Бүгінгі күнде мен Теміртау қаласындағы «Шебер-Теміртау» шеберханасының жетекшісімін, ол жерде көру қабілетінен жартылай және толық айырылған адамдар еңбек етеді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беретін «Қолөнер» оқыту орталығының директорымын.

Қала, облыс бойынша мүгедек жандардың жұмыстарын сату және оқыту курстары мен шеберлік сыныптарын өткізетін «СоТворчество» арт-студиясының жетекшісімін.

«Менің періштем» қоғамдық бірлестік мүшесімін.

Жеке кәсіпкермін, қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесімін, киізден бұйымдар жасаудың шеберімін. Соның арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кәсіпкерлер палатасының, жәрмеңке ұйымдастырушылардың және шеберлер ортасында өзімді танытып жүрген жайым бар.      

– Шығармашылық жолыңыз қандай? Жалпы киіз бұйымдар жасау шебері деген дәрежеге қалай жеттіңіз? 

– Ең алғашқы рет қолөнер шебері ретінде жұмыстарымды «Күлшеқыз-2012» қалалық конкурста көрсеткен болатынмын. Қазылар алқасы менің жұмысыма оң көзбен қарап, үшінші орын иелендім.

Сол кезде Теміртау қаласының Балалар мен жасөспірімдер сарайына жұмысқа шақырып, «Креатив» балалар шығармашылық шеберханасын аштым. Онда бисермен тоқу, скрапбукинг, киіз илеу жұмыстарымен айналыса бастадық. 2013 жылдың ақпан айында «Алтын жіп-2013» сәнгер-дизайнерлер конкурсына қонақ болып қатысып, артынша «Күлшеқыз-2013» конкурсында өзімнің шәкірттеріммен бірге екінші орынға қол жеткіздік. 

Бізге, біздің қолөнерімізге қоғамның назары түсе бастады, ұжымымызбен қалалық тарихи-өлкетану мұражайында киізден гүл илеу әдісінен шеберлік сыныбын көрсеттік. Басқа жұмыстарымызды да бір айдан астам уақытқа созылған көрмеде көпшілік тамашалай алды.

Қолөнерімізді дәріптеу мақсатында қалалық «Сфера» телеарнасы таңғы шоуда киізден бұйым жасау түрлерін таныстыратын бағдарлама түсірді. Теміртау телеканалынан да қысқаша қолөнердегі еңбек жолым баяндалып өтті. 

Педагогикалық еңбек жолымда өзімнің оқыту әдістерім мен шеберлік сыныптарым көрсетілген еңбегімді жаздым. Ол да өзінің оң бағасын алған болатын.

– Өнеріңізді республика аумағында таныстыру қандай шарадан бастау алған еді?

– 2014 жылы Қарағанды облысы бойынша түрлі шаралар, яғни, жәрмеңке, конкурстарда тұрақты қатысушы болдым. Сол тұрғыда 2015 жылы Қарағанды облысының делегациясы қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткізілген «Қазақстан жолы: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» Халықаралық конференциясына шақырылдым. Жай ғана қатысушы ретінде барып қоймай, қолөнерімді арнайы көрмеде көрсете алдым.

«Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойында этноауылда өткізілген көрмеге қатыстым.

Халықаралық «EXPO&WOMЕN» ұйымы және Қазақстанда БҰҰ дамыту бағдарламасы ұйымдастырушылық еткен  алғашқы «Ұлы дала жәрмеңкесі» республикалық көрмесіне шақырту алған едім. Бұның бәрі мен үшін үлкен дәреже. 

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолөнерге сүйіспеншілікпен қарауға жәрдемдесіп жүргеніңіз көңіл қуантады. Қайырымдылық шараларында өз үлесіңізді қосудан аянбайсыз. Сол жайында оқырмандарға баяндасаңыз.

– Қалалық қайырымдылық «City-Арбат» жәрмеңкесін ұйымдастырушысымын. Өз ісінің шеберлері, оның ішінде мүгедек жандар қолдарынан шыққан бұйымдарды сатуға қойып, денсаулығына байланысты көмек қажет ететін балаларға қаржы жинаймыз.

Қарағанды облысы бойынша «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер Кеңесінің бастамасымен онкологиялық науқасқа шалдыққан балаларға көмек көрсету қайырымдылық көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушыларының қатарынан көріндім.

Жалпы мен үшін қайырымдылық шараларына қатысу, өзім жетекшілік етіп жүрген мүгедек жандардың қолынан шыққан бұйымдарды сатып, азғантай болса да көмек тигізіп жүргенім – ол мен үшін бақыт.   

– Қолөнер бұйымдарыңыз сұранысқа ие болу деңгейі қандай?

– «Ұлы дала жәрмеңкесі» республикалық жәрмеңкесінде біздің ұжымның жұмыстары қатысты. Сол кезде киізден жасалған аяқ киімдерімізді Қазақстан шеберлер одағының Төрайымы Айжан Бекқұлова жоғары бағалады.

Астаналық дизайнер Ырза Тұрсынзада республикалық жобада Қазақстан Республикасындағы этностардың барлық қолөнер түрлерін жинағанда, біздің жұмыстарымызды да таңдап алды.   

2017 жылы өз ынтаммен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Балалар үшін қайырымдылық жаса» жобасы аясында «Балалардың көзіне жиі қара» акциясын ұйымдастырдым. Оқушыларыммен облыстағы балалар үйлерін аралап, шеберлік сыныптарында «Көктем балалар көзімен» деп аталатын панно жасап шығардық.

Ең соңында дайын панноны Қарағанды облысы бойынша ҚХА-ның «Достық үйіндегі» көрме залында тұсауы кесілді. 

Осындай игі шаралардың арқасында мүгедек жандардың қолынан шыққан бұйымдарға жәрмеңкелерде сұраныс жоғарылады.

– Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз қандай?

– Теміртау, Қарағанды қалаларында «2017-2021жж. арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған» бағдарлама шеңберінде денсаулығы күйзеліске ұшыраған балаларға арналған қолөнер кәсібін үйрету курстарын ашу үшін демеушілер, гранттық бағдарламалар мен қаржы көзін қарастырып жүрмін. Болашақта жарымжан жандарға өз тарапымнан көмек көрсету басты мақсатым болып қалмақ.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет. Игі істеріңізге береке берсін!   

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

            

 

 

Бөлісу: