29.04.2026
16:20
181

Телефон үшін айыппұл: сабақта тәртіп бұзған оқушының ата-анасы жауап береді

Қазақстанда оқушылардың сабақ кезінде телефон қолдануына қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Алайда мектептерде мобильді құрылғыларды толықтай тыйым салу жоспарланып отырған жоқ. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінде педагог мәртебесі мен білім беру саласына қатысты заң жобасын талқылау барысында көтерілді.

Заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов құжаттың негізгі мақсаты мұғалімдердің құқықтарын қорғау және олардың мәртебесін арттыру екенін атап өтті.

Бұл заң жобасы ең алдымен педагогтердің құқығын қорғауға бағытталған. Біз мұғалімнің қоғамдағы орнын нығайтып, оның мәртебесін нақты қадамдар арқылы көтеруді көздеп отырмыз. Соның бірі – мектептерде ұялы телефондарды қолданудың бірыңғай ережелерін енгізу. Өйткені әр мектепте әртүрлі талап болған жағдайда тәртіпті қамтамасыз ету де қиынға соғады,– деді ол.

Талқылау барысында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев мектептерде телефондарды толық тыйым салу туралы ұсыныс білдірді.

Қазіргі таңда балалардың назарын гаджеттер қатты алаңдатып отыр. Тіпті үзіліс кезінде де олар бір-бірімен сөйлеспей, телефонға үңіліп отырады. Бұл тірі қарым-қатынастың азаюына әкеледі. Мұғалімдердің өзі кей жағдайда талап қоюдан тартынып қалады, өйткені түрлі жағдайлар бар. Сондықтан заң деңгейінде нақты шектеу болуы керек деп есептеймін,- деді депутат.

Ал Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, әлемде кеңінен талқыланып жатқанын атап өтті.

Бұл тақырып қазір көптеген елдерде күн тәртібінде тұр. Кейбір мемлекеттер толық тыйым салу жолын таңдаса, енді бірінде шектеу арқылы реттеп отыр. Біз де халықаралық тәжірибені ескеруіміз керек. Сонымен қатар балаларды цифрлық ортадан толық оқшаулау мүмкін емес, керісінше оларды дұрыс қолдануға үйрету маңызды,– деді ол.

Жаңа нормаларға сәйкес, сабақ кезінде телефон қолдану жағдайында жауапкершілік ата-аналарға жүктелуі мүмкін. Бұл туралы депутат Ирина Смирнова нақты мысалмен түсіндірді.

Мұндай жағдайлар мектептерде жиі кездеседі. Мұғалім "телефонды өшіріңдер" дегенде, кейбір оқушылар ата-анасының рұқсатымен оны қосулы ұстайтынын айтады. Яғни бұл жерде тек мектеп емес, ата-ананың да жауапкершілігі бар. Білім алу – үлкен зейінді талап ететін процесс, сондықтан бала сабақ кезінде толық көңіл бөлуі керек,– деді ол.

Ұсынылған ережелерге сай, алғаш рет тәртіп бұзған оқушыға ескерту беріледі. Ал қайталанған жағдайда ата-анасына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 19,5 мың теңге. Айыппұлды мектеп әкімшілігінің шақыруымен келген полиция қызметкері рәсімдей алады.