Технологиялық FOMO деген не және ол күнделікті әдетімізді қалай өзгертеді?

Технологиялық FOMO деген не және ол күнделікті әдетімізді қалай өзгертеді?

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Кеше ғана аса қажет деп санамаған ақылды құрылғыларсыз бүгінде күнделікті өмірімізді елестету қиын. Технологиялар қоғамдағы қалыптасқан дағдыларды, жайлылық туралы түсінігімізді және өз уақытымызға деген көзқарасымызды қалай өзгертеді?

Әр буынның тұрмысқа қажетті заттар туралы түсінігі әртүрлі. Бір кездері кір жуғыш машина сән-салтанаттың белгісі болса, ұялы телефон адамның әлеуметтік мәртебесін айқындайтын. Ал азық-түлікке үйден шықпай тапсырыс беру тек ірі қала тұрғындарына қолжетімді мүмкіндік болып көрінетін.

Қажеттілік туралы түсінігіміз технологияның дамуымен ғана емес, айналамыздағы адамдардың ықпалымен де өзгереді. Өзгелердің күн тәртібін қалай ұйымдастыратынын, бос уақытын қалай өткізетінін, жақындарына қалай қамқорлық жасайтынын көріп, өз әдеттерімізді қайта қарастырамыз. Осы құбылыстың бір көрінісін технологиялық FOMO деп атауға болады.

Ақылды технологиялар дәуіріндегі FOMO

FOMO (ағылшынша fear of missing out) – өзгелердің қол жеткізген мүмкіндігінен құр қалып қою қорқынышы. Бұл ұғым әлеуметтік желілер кең тараған кезеңде танымал болды. 2013 жылы психолог Эндрю Пшибыльский мен оның әріптестері бұл құбылысты өзгелердің қызықты әрі маңызды сәттерді бастан өткеріп жатқанын көріп, солардың қатарында болмағандықтан туындайтын алаңдаушылық деп сипаттаған.

Бұрын бұл құбылыс көбіне саяхат, ойын-сауық, түрлі іс-шаралар мен жаңа таныстықтар аясында қарастырылса, бүгінде айналамыздағы адамдардың өмір салты да осындай сезімге себеп болуы мүмкін.

Біз өзгелердің жасанды интеллектіні жұмыста қалай пайдаланатынын, ақылды құрылғылар арқылы денсаулығын қалай бақылайтынын немесе үй шаруасын қалай ұйымдастыратынын көріп жүрміз. Мұндайда бізді технологияның өзі емес, оның беретін мүмкіндігі көбірек қызықтырады.

Мәселен, робот шаңсорғыш демалыс күндері өзімізге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік берсе, үй жануарларына арналған автоматты жемсалғыш ұйқыны қандыруға жағдай жасайды. Ал жасанды интеллект көмекшісі бар ақылды колонка күнделікті шаруаларды жеңілдетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, технологиялық FOMO – үйреншікті өмір салтымыз бен жаңа технологиялар ұсынатын мүмкіндіктердің арасындағы айырмашылықты сезінуден туындайтын құбылыс.

Фото: AI көмегімен жасалды

Технологиялар қоғамдағы жаңа дағдыларды қалай қалыптастырады?

Технологиялар үй шаруасын атқару тәсілін ғана емес, күнделікті тұрмыс туралы түсінігімізді де өзгертеді.

Мәселен, 2022 жылы жарық көрген кір жуу дағдыларына қатысты зерттеулер шолуында Эрик Клинт пен оның әріптестері тұрмыстық техника мен қоғамдық нормалардың өзара ықпалын қарастырған. Жаңа құрылғылар адамның әдеттерін өзгертсе, қоғамда қалыптасқан тазалық туралы түсінік пен талаптар сол құрылғыларды қалай пайдаланатынымызға әсер етеді.

Мұның айқын мысалы – ақылды үй технологиясы. Осыдан біраз уақыт бұрын үйдегі жарықты дауыспен басқару технологияға әуес адамдардың ермегі секілді көрінетін. Ал мұндай мүмкіндікке үйренген адам үшін жарықты қосып-өшіруге арнайы барып жүрудің өзі артық әрекет болып сезіле бастайды.

Жаңа дағды бірден қалыптаспайды. Біраз уақыт бойы қоғамда әртүрлі әдет қатар сақталады: біреулер белгілі бір жайлылық деңгейіне үйреніп үлгерсе, енді біреулер оған қажеттілік сезінбейді. Технологиялық FOMO әсіресе осындай өтпелі кезеңдерде айқын байқалады.

Фото: AI көмегімен жасалды

Неліктен өзгелердің тәжірибесі жарнамадан өтімді?

Инновациялардың таралу теориясының авторы, америкалық әлеуметтанушы Эверетт Роджерс жаңа технологиялардың кең таралуына ықпал ететін факторлардың бірі ретінде оларды пайдаланудың нәтижесін өзгелердің өз көзімен көру мүмкіндігін атап көрсеткен.

Құрылғының техникалық сипаттамасына қарап, оның күнделікті өмірімізге қаншалықты қажет екенін әрдайым түсіне бермейміз. Ал оны кәдімгі тұрмыста қалай қолданып жүргенін көру әлдеқайда әсерлі.

Мысалы, ақылды колонканы бұрын-соңды пайдаланбаған адам оны тек музыка тыңдауға арналған құрылғы деп қабылдауы мүмкін. Алайда жасанды интеллект көмекшісі отбасының күнделікті тіршілігіне енген үйге қонаққа барса, оның басқа да көптеген мүмкіндігі барын байқайды.

Алиса таңертең уақытында оянуға, ауа райын білуге, сүйікті әндерді тыңдауға көмектеседі. Асүйде одан тағамның дайындалу жолын сұрауға, жетіспейтін қоспаны немен алмастыруға болатынын немесе асты пеште қанша уақыт ұстау керегін білуге, сондай-ақ таймер қоюға болады.

Жасанды интеллект көмекшісінің қызметі тұрмыстық шаруалармен ғана шектелмейді. Алиса бейтаныс ұғымды түсіндіріп, қызықты деректер айтып, отбасылық демалысты ұйымдастыруға қатысты идеялар ұсына алады. Балалар одан ертегі тыңдап, ойын ойнап, қоршаған әлем туралы жаңа мәлімет біле алады. Ал кешкісін оның көмегімен ақылды үйдегі құрылғыларды басқаруға болады.

Ақпарат іздеу дағдымыз да өзгеріп келеді. Бұрын сұрақ туындаса, смартфонды қолға алып, іздеу жүйесіне жүгінетін едік. Енді істеп жатқан шаруамызды тоқтатпай-ақ, сұрағымызды дауыстап қоя аламыз.

Әлеуметтік желілер өзгелердің тәжірибесімен танысу мүмкіндігін әлдеқайда кеңейтті. Таңғы әдеттер туралы бейнероликтер, аэрогрильде тағам дайындау тәсілдері, үйге қажетті заттарға жасалған шолулар мен кеңістікті тиімді ұйымдастыру туралы жазбалар заманауи тұрмыс жайлы ортақ түсінік қалыптастырады.

Көп жағдайда біз өзгелерден технологияның өзін ғана емес, оны пайдалану тәсілін де үйренеміз. Осылайша жекелеген адамдардың әдеті біртіндеп қоғамға ортақ дағдыға айналуы мүмкін.

Фото: AI көмегімен жасалды

Үй шаруасын автоматтандырудан ой жүктемесін азайтуға дейін

Ұзақ уақыт бойы тұрмыстық техниканың дамуы адамның дене еңбегін жеңілдетуге бағытталды. Бүгінде технологиялар үй шаруасының көзге көріне бермейтін тұсын, яғни оны ұйымдастыру ісін де жеңілдетуге көмектеседі. Өйткені азық-түліктің таусылып бара жатқанын есте сақтау, қажетті заттарды сатып алуды жоспарлау, отбасы мүшелерінің күн тәртібін қадағалау және осындай ондаған ұсақ-түйекті ұмытпау да адамның күш-қуатын қажет етеді.

Үй шаруасы тек істі орындаудан емес, оны алдын ала жоспарлаудан да тұрады. Элизабет Авив пен оның әріптестері 2024 жылы жарияланған зерттеуінде кішкентай балалары бар 322 анадан сауалнама алып, 30 тұрмыстық міндетті жоспарлау мен орындау жауапкершілігінің қалай бөлінетінін жеке-жеке қарастырған.

Сауалнамаға қатысушылардың жауабына сүйенсек, ерлі-зайыптылар арасында үй шаруасын жоспарлау міндеті оны орындауға қарағанда әлдеқайда теңсіз бөлінген. Жоспарлау жауапкершілігінің басым бөлігі әйелдерге жүктелген.

Когнитивтік психологияда cognitive offloading, яғни когнитивтік жүктемені азайту деген ұғым бар. Бұл – белгілі бір міндетті орындауға жұмсалатын ой күшін сыртқы құралдардың көмегімен азайту. Тіпті күнделікке қажетті шаруаларды жазып қоюдың өзі осы құбылысқа жатады.

Жасанды интеллект көмекшілері бұл мүмкіндікті одан әрі кеңейтеді. Үй шаруасымен айналысып жүріп, бір нәрсе сатып алу немесе белгілі бір істі орындау керегі есіңізге түссе, қолыңыздағы жұмысты тоқтатпай-ақ, дауыспен еске салғыш қоя аласыз.

Осы тұрғыдан алғанда, Алиса орнатылған Станцияның өзге тұрмыстық құрылғылардан ерекшелігі бар. Аэрогриль ас дайындауға, робот шаңсорғыш үй жинауға көмектессе, жасанды интеллект көмекшісінің қызметі бір ғана міндетпен немесе тәуліктің белгілі бір уақытымен шектелмейді.

Құрылғыларды дауыспен басқару технологияны әр буын өкіліне қолжетімді ете түседі. Ақылды колонканы пайдалану үшін түрлі қосымшалар мен баптауларды меңгерудің қажеті жоқ. Онымен өзіңізге ыңғайлы тілде сөйлесу жеткілікті. Мәселен, Алиса қазақ және орыс тілдерін түсінеді. Сондықтан оны отбасының әр мүшесі пайдалана алады.

Әрине, технологиялар үй шаруасын отбасы мүшелері арасында тең бөлу мәселесін өздігінен шешпейді. Дегенмен үнемі назар аударуды қажет ететін кейбір ұсақ міндеттерді технологияның көмегімен атқаруға болады.

Фото: AI көмегімен жасалды

Технология күнделікті әдетке айналғанда

Адам мен технология арасындағы байланыстың ең қызықты кезеңі – адамның технологияны жаңашылдық ретінде қабылдаудан қалатын шағы. Ақылды колонканы сатып алған алғашқы күндері түрлі дауыстық пәрмендерді қолданып көріп, оның мүмкіндіктерін қонақтарға көрсетуіміз мүмкін. Уақыт өте келе бұл әрекеттер ойланбастан орындайтын күнделікті отбасылық әдеттеріміздің біріне айналады.

Осылайша белгілі бір үрдіс қалыптасады: өзгелердің әдетін бақылау жаңа технологияға қызығушылық тудырады, өз тәжірибеміз жаңа дағдыларды қалыптастырады, ал ол дағдылар кейін айналамыздағы адамдарға үлгі болады.

Сондықтан технологиялық FOMO әрдайым сәннен қалмауға ұмтылудан туындай бермейді. Кейде өзгелердің тәжірибесі өзіміз әлдеқашан үйреніп, мән бермей кеткен қолайсыздықтарды байқауға, күнделікті істерді басқаша атқаруға болатынын түсінуге көмектеседі.

Түптеп келгенде, технологияның құндылығы үйдегі ақылды құрылғылардың санымен өлшенбейді. Ең маңыздысы – олардың өмірімізді қаншалықты жеңілдететіні және шын мәнінде маңызды дүниелерге көбірек уақыт пен көңіл бөлуге мүмкіндік беретіні.

Оқи отырыңыз

{