Тәуелсіздіктің 35 жылдығы: ШҚО-да әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы: ШҚО-да әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда

Аян Қайырбаев
Фото: gov.kz

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жариялау бастамасын көтеріп, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды ел дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіледі.

Бұл міндеттің өңірлердегі нақты көрінісі денсаулық сақтау мен білім беру нысандарының қолжетімділігі, олардың материалдық-техникалық базасы және қызмет көрсету мүмкіндіктерімен өлшенеді.

Шығыс Қазақстан облысында биылғы он айда бес әлеуметтік нысанның құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Олардың қатарында Өскемендегі Гематология орталығы, Зайсан ауданындағы дәрігерлік амбулатория және Риддердегі 600 орындық мектеп бар. Жыл соңына дейін тағы екі медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік инфрақұрылым – ауқымды құрылыстың негізгі бағыты
Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген «Халықтық құрылыс» бастамасы елді мекендердің инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға бағытталған.

Мұнда жаңа нысандар салумен қатар, қолданыстағы әлеуметтік мекемелердің жағдайын жақсарту, медициналық және білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне де басымдық берілген.

Осы тұрғыдан алғанда, Шығыс Қазақстанда биыл жүзеге асқан жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы нақты қажеттіліктерді көрсетеді.

Бір жағынан, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейсе, екінші жағынан, аудандық деңгейдегі диагностикалық қызметтер мен ауыл тұрғындарына арналған алғашқы медициналық көмек инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.

2026 жылдың он айының қорытындысы бойынша облыста бес әлеуметтік нысандағы құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Оның төртеуі денсаулық сақтау саласына, біреуі білім беру саласына тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерназ Мұқатаев баяндады.

Денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың бірі – Өскеменде ашылған Гематология орталығы.

Спикердің айтуынша, бұл – елімізде осындай бейіндегі жалғыз медициналық мекеме. Орталықтың іске қосылуы өңірдегі мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Ерназ Мұқатаевтың мәліметінше, нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 42,7 млрд теңгені құраған. Ал медициналық және технологиялық жабдықтарды сатып алуға әрі орнатуға жалпы 41,6 млрд теңге бағытталған. Оның 36,2 млрд теңгесі медициналық техникаға, 5,4 млрд теңгесі технологиялық жабдықтарға жұмсалған.

Орталық күрделі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық аппараттармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда Brilliance iCT компьютерлік томографы, қуаттылығы 1,5 Тесла Ingenia Ambition магниттік-резонанстық томографы, екі Azurion ангиографиялық жүйесі және CombiDiagnost R90 рентгенодиагностикалық жүйесі орнатылған.

Мұндай жабдықтар диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтіп, пациенттерді тексеру мен емдеу кезінде заманауи технологияларды қолдануға жол ашады. Әсіресе күрделі зерттеулер мен мамандандырылған емді қажет ететін науқастар үшін медициналық қызметтің бір орталықта көрсетілуі маңызды.

Аудандық медицинада диагностикалық мүмкіндік артады
Медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары облыс орталығымен шектелмей, аудандарда да жүргізілуде. Аяқталған жобалардың бірі – Зайсан ауданының Қаратал ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысының аяқталуы.

Жаңа нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті өз елді мекенінде алуға мүмкіндік береді. Ауылдық жерлерде мұндай мекемелердің болуы тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.

Алтай ауданында ауданаралық аурухана аумағында магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған жеке ғимарат салынды.

Бұл аудан тұрғындарына МРТ тексеруінен өтуге жағдай жасап, аурухананың диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Өскеменде де медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Протозанов көшесі, 7 мекенжайындағы Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы ғимаратының бір бөлігі қайта жаңғыртылып, жансақтау бөліміне бейімделді. Жұмыстар қарқынды бақылау мен емдеуді қажет ететін пациенттерге қажетті жағдай жасауға бағытталған.

Риддерде 600 орындық жаңа мектеп салынды

Өңірдің білім беру инфрақұрылымында да маңызды жоба жүзеге асырылды. Риддер қаласында 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталды. «Қазцинк» ЖШС қаражаты есебінен салынған білім беру нысаны қаладағы мектеп орындарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда мемлекетпен қатар бизнестің де қатысуының бір көрінісі.

Жаңа мектептердің салынуы мен қолданыстағы білім беру мекемелерін жаңарту оқушылар санының өсуіне байланысты сұранысты өтеуге ғана емес, балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай қалыптастыруға да ықпал етеді.

Жыл соңына дейін тағы екі медициналық нысан іске қосылады
Шығыс Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз

{