Tarlan Astana желісі Қосшыға қашан қатынай бастайды?

Tarlan Astana желісі Қосшыға қашан қатынай бастайды?

Ажар Лаубаева
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша 2027 жылдың соңына дейін Қосшы қаласына бағытталған учаскедегі жұмыстар аяқталып, пойыз қозғалысы ашылуы тиіс. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлімдеді.

Құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Қала басшысының айтуынша, қазір Қосшы бағытындағы учаскеде құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы жаңа желілерді салу жұмыстары да қолға алынбақ.

Бүгінде Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Қай көшелерде көлік қозғалысы шектеледі?

Құрылыс жұмыстарына байланысты Астананың бірнеше көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылады.

Атап айтқанда, Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылында жүргізушілер биылғы жылдың соңына дейін және 2027 жылы да уақытша қолайсыздықтарға тап болуы мүмкін.

Жеңіс Қасымбек тұрғындарды түсіністік танытуға шақырып, құрылыс кезінде көлік қозғалысын барынша қамтамасыз етуге күш салынатынын жеткізді.

Оның сөзінше, жаңа желілер пайдалануға берілгеннен кейін жолдардағы көлік жүктемесі азайып, кептелісті жеңілдетуге мүмкіндік туады.

Жаңа станциялардың ерекшелігі қандай?

Елорда әкімі Tarlan Astana желісінің екінші кезеңіне кіретін №201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен танысты.

Сығанақ көшесіндегі №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталды. Мұнда №2 және №3 желілері түйіседі.

Бұл жолаушыларға станциядан сыртқа шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне ауысуға мүмкіндік береді. Осылайша, қоғамдық көлікпен қатынау ыңғайлы бола түспек.

Қала әкімінің мәліметінше, бүгінге дейін Tarlan Astana желісімен 13,8 миллион рет сапар жасалған.

Оқи отырыңыз

{