23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?27-28 қараша күндері Астанада таеквондодан (WT) Гран-при турнирі өтеді. Әлемнің үздік спортшылары бас қосатын халықаралық дода қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасы БАҚ өкілдеріне арналған ашық жаттығу өткізді. Жаттығу барысында ұлттық құраманың бапкері спортшылардың дайындығы мен жүлдеге деген мүмкіндігін бағаласа, Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес жеңістен кейінгі өмірі, жаттығу тәртібі және алдағы мақсаттары туралы айтып берді.
Ұлттық құрама Гран-приге дайын
Ұлттық құраманың жаттықтырушысы Қайрат Сарымсақовтың айтуынша, спортшылар халықаралық жарысқа жан-жақты дайындалған. Жаттықтырушылар штабы спортшылардың физикалық дайындығымен қатар, тактикалық және психологиялық әзірлігіне де ерекше көңіл бөлген.
Астанада өтетін Гран-при турниріне дайындық жақсы өтіп жатыр. Спортшылар физикалық, тактикалық және психологиялық тұрғыдан да әзір. Ирандық маман Әли Таджик бастаған жаттықтырушылар штабы ұлттық құраманы жарысқа дайындады. Команда бәсекеге сақадай сай, – деді Қайрат Сарымсақов.
Сондай-ақ бапкер алдағы додада Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес пен әлем чемпионы Батырхан Төлеуғалиден жүлде күтетінін жеткізді.
Тарихи жеңістен кейін спортшының өмірі қалай өзгерді?
20 жасында Қазақстанға Азия ойындарында таеквондодан тұңғыш алтын медаль сыйлаған Тамирлан Тілеулес бүгінде кезекті халықаралық додаға дайындалып жатыр. Спортшының айтуынша, тарихи жеңіске қарамастан, оның күнделікті өмірінде айтарлықтай өзгеріс болмаған.
Өмірім қатты өзгерді деп айта алмаймын. Бұрынғыдай жаттығуға барамын, бауырыммен қала аралаймын. Күнделікті тіршілігім сол қалпында жалғасып жатыр, – деді спортшы.
Тамирлан бүгінде күніне екі-үш рет жаттығып, бес-алты сағатын спортқа арнайды. Жас спортшы жетістікке жету жолында анасының қолдауы ерекше болғанын да атап өтті. Оның айтуынша, анасы үнемі жігерлендіріп, өзіне сенуге және еңбектенуге шақырған.
Анам үнемі «Балам, мен саған сенемін. Сенің қолыңнан бәрі келеді. Жаттығып, өзіңе сенсең, бәріне қол жеткізесің» деп айтатын. Спортшы үшін жақындарының қолдауы әрдайым маңызды, – деді Тамирлан Тілеулес.
Олимпиада алтынынан да үлкен арман
Азия ойындарында тарихи жетістікке қол жеткізген спортшының ендігі басты мақсаты – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында топ жару. Алайда Тамирланның арманы Олимпиада чемпионы атанумен ғана шектелмейді. Ол есімінің әлемдік таеквондо тарихында үздіктердің қатарында қалғанын қалайды. Бұл ретте спортшы оңтүстіккореялық танымал таеквондошы Ли Дэ Хунды мысалға келтірді.
Лос-Анджелестегі Олимпиадада бірінші орын алу – басты арманым. Бірақ менің ең үлкен арманым – таеквондо тарихында ең үздік спортшы ретінде қалу. Мысалы, оңтүстіккореялық Ли Дэ Хунды көпшілік үздік таеквондошы ретінде таниды. Болашақта мен туралы да солай айтса екен деймін, – деді Тамирлан Тілеулес.
Астанада әлемнің үздік таеквондошылары бас қосады
Алдағы Гран-при турнирінде Қазақстан намысын Рита Бакишева, Мария Севостьянова, Тамирлан Тілеулес және Батырхан Төлеуғали қорғайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, халықаралық додаға алты Олимпиада чемпионы, 13 Олимпиада жүлдегері, 15 әлем чемпионы және әлем чемпионаттарының 20 жүлдегері қатысады деп жоспарланып отыр.
Әлемдік деңгейдегі спортшылардың басын қосатын бұл турнир қазақстандық таеквондошылар үшін өз мүмкіндіктерін бағалап, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге жақсы мүмкіндік болмақ.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік