Тарихи жетістік: Қазақстан оқушылары алғаш рет 100% жүлдемен оралды

Тарихи жетістік: Қазақстан оқушылары алғаш рет 100% жүлдемен оралды

Диана Орынбасар
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар Румынияда өткен Лингвистикадан халықаралық олимпиадада (IOL) ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.

2026 жылғы 26 шілде мен 2 тамыз аралығында Бухарест қаласында өткен беделді білім додасында Қазақстан құрамасының төрт мүшесінің барлығы да жүлдегер атанды. Нәтижесінде ел қоржынына бір қола медаль мен үш Құрмет грамотасы түсті. Бұл – Қазақстан құрамасының Лингвистикадан халықаралық олимпиадаға қатысу тарихындағы тұңғыш жағдай. Бұған дейін команданың барлық мүшесі бірдей марапатқа ие болмаған.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қола медальді Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Карасаев жеңіп алды. Ал Құрмет грамоталарына Ақтау қаласындағы Мамандандырылған IT лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев, Павлодар қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Аслан Ажибаев және Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Кирилл Тургумбаев ие болды. Қазақстан құрамасына Ягеллон университетінің студенті Дана Оспанова жетекшілік етті.

Олимпиадалық лингвистика елімізде дамып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі. Бұл нәтиже қазақстандық оқушылардың аталған саладағы жоғары әлеуетін көрсетті, – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ведомство жеңімпаздарды, команда жетекшісін, сондай-ақ оқушылардың ұстаздары мен ата-аналарын құттықтап, жас зияткерлерге алдағы халықаралық жарыстарда толағай табыс тіледі.

Бұған дейін қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді математикалық олимпиадада 6 медаль жеңіп алған еді.

Оқи отырыңыз

{