Тарихи оқиға: Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының Құрылтай сайлауындағы нәтижелерін қорытындылады

Тарихи оқиға: Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының Құрылтай сайлауындағы нәтижелерін қорытындылады

Мадина Асылбекова
Фото: t.me/dpkakjol

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева алғашқы Құрылтай сайлауы аяқталғаннан кейін қазақстандықтарға үндеу жасап, партияға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты.

Партия төрағасы Құрылтай сайлауын елдің саяси өміріндегі тарихи оқиға әрі саяси жүйені жаңғырту жолындағы маңызды кезең деп бағалады. Оның айтуынша, сайлау саяси партияларға өз бағдарламаларын ұсынуға, ал азаматтарға өз таңдауын еркін жасауға мүмкіндік берді.

«Бұл – еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам әрі халықтың өз болашағын айқындауға тікелей қатысуының жаңа кезеңі. «Ақ жол» демократиялық партиясы осы сайлауға жан-жақты дайындықпен, мол тәжірибемен, мықты командамен және елдің ертеңіне бағытталған жаңашыл идеялармен қатысты», – деді Дания Еспаева.

Ол партия үшін сайлау нәтижесі тек пайыздық көрсеткіш емес, мыңдаған азаматтың сенімі мен аманаты екенін атап өтті.

«Бүгінгі нәтиже біз үшін жай ғана пайыздық көрсеткіш емес. Оның артында «Ақ жолға» сенім артқан мыңдаған азаматтың үміті мен арманы, елдің болашағына деген нақты сенім тұр. Сондықтан бізге артылған сенімнің салмағын терең сезінеміз. «Ақ жолға» дауыс берген әрбір қазақстандықтың аманатын орындауға бар күш-жігерімізді саламыз. Сайлаушылардың сенімін ақтау – басты міндетіміз», – деді партия төрағасы.

Дания Еспаеваның айтуынша, «Ақ жол» алдағы уақытта ел экономикасын күшейту, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Партия сондай-ақ сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға күш салмақ.

Үндеу соңында Дания Еспаева партияға сенім білдірген азаматтарға алғыс айтып, әрбір дауысты ел тағдырына деген азаматтық жауапкершіліктің көрінісі деп бағалады.

Оқи отырыңыз

{