Кеше, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?2026 жылғы Әлем чемпионатының финалында Еуропа чемпионы мен Америка чемпионы кездеседі. Қос құрама әлем біріншілігі тарихында 60 жылдан кейін алғаш рет ойнайын деп тұр. Одан бұрын бұл матч жас жұлдыз Ламин Ямал мен кәрі арыстан Лионель Мессидің шайқасы болмақ. Сонымен, Пиреней түбегіндегі дүбірдің дауысы қаттырақ естіле ме, әлде бәрібір аргентиналық «танго» әсерлірек пе?
Аргентинаның жанкешті жеңісі
Иә, Аргентина құрамасы Англияны жеңіп, АҚШ, Канада мен Мексикада өтіп жатқан әлем кубогының финалына шықты. Жай ғана шыққан жоқ, эмоцияға толы ойында камбэк жасап, жеңісті жұлып алды. 55 минутқа дейін сәттілік ағылшындар жағында болғандай көрінгенімен, 73 минуттан соң матч тағдыры өзгеріп сала берді. Неге олай дегенімізді сарапшының сөзімен түсіндіріп берелік.
Менің ойымша, жеңістің басты себебі – Аргентина құрамасының рухында, команда ретінде ұйысуында. Құраманың алдында бір мәселе шықса, мәселені толықтай шешуге тырысады. Мұны Лионель Скалонидің көреген екенін керемет ауысым жасағанынан байқадық. Көбі Лионель Мессиді мақтайды, мен Лионель Скалониді мақтағым келіп тұр. Аргентина матчтың екінші бөлігінде оянып, керемет ойын өткізді. Англия гол соққаннан кейін, Тухельдің командасын барынша қыса түсті. Англия бапкері құрғақ тактика қою арқылы қате жіберді. Скалони Нико Гонсалесті алаңға шығарғаннан бастап, ойын ауаны ауысты. Осы сәтте Тухель білгенінен жаңылып, қорғаушыларды бірінен кейін бірін шығарды, – деді футбол сарапшысы Дидар Есемов.
Сарапшының айтуынша, Томас Тухель 2022 жылы Англияның экс-бапкері Гарет Саутгейттің қателігін қайталады. Прагматикалық футбол ойнаймын деп опық жегенін алға тартты. Есемовтың сөзін ардагер ойыншы Болат Есмағамбетов те қоштады.
Матч басталғаннан-ақ қырқысу басталып кетті. Тәртіп бұзып, бірінші таймда тек текетірес көрдік. Екінші таймда Англия да сәтті ойнады. Жақсы комбинациямен бір гол соғып кетті. Менің ойымша, содан кейін Англияның бапкері дұрыс тактика қолданбады. Команда гол салып алған соң, кері шегінді. Бұл жерде Аргентина ойынды қолына алып, шабуылды үдетті. Англияның қақпашысы 2-3 рет сейв жасап, қауіптің бетін қайтарғанын айту керек. Бірақ Месси алды да екі паспен ойынның тағдырын шешіп кетті. Бұл жерде Аргентина бапкері уақытында ауысым жасады. Лаутаро сияқты джокері алаңға шықты. Ал Томас Тухель футбол мұндай қателікті кешірмейтінін ұмытып кетті. Кеше қорқақтап жүріс жүрсең, соңы жақсылыққа апартайтыны тағы да дәлелденді. Сол үшін мінезді, ұйымшыл, 90 минут бойы алға ұмтылған команда финалға шықты, – деді футбол сарапшысы Болат Есмағамбетов.
Бір қызығы, осы ойында қос құрама арасындағы 40 жыл бұрынғы (1986 жыл) ойынның есебі қайталанды. Мұнда да Аргентина 2:1 есебімен жеңіске жетті. Мессидің матч алдында сол дәуірдегі көк түсті форманы киіп шыққысы келетінін әлемдік БАҚ жарыса жазды. Марадонаның рухы желеп-жебеді ме, сәттілік тағы да альбиселестенің жағында болды ма, әйтеуір Скалони шәкірттері мінезін, рухын көрсетті. Жанкүйердің жүздеген жүйке талшығы үзілсе де, аргентиналықтардың қатарынан екі рет әлем чемпионы болсақ дейтін үміті үзілмеді.
Расымен, Месси бастаған Аргентина кейінгі төрт әлем чемпионатының үшеуінде финалға шықты. Аргентиналық сұрмергеннің жеке шеберлігі, Скалонидің мінсіз тактикасы рөл ойнап кетті. Бірақ Скалони шәкірттерінің финалға дейін драма, экшн, фантастиканы бастан кешіргенін ескерсек, күшін біраз сарқып алғаны бар. Ал олардың финалдағы қарсыластары Испания болса, «асықпай жүріп, арбамен қоян алып» жүр. Сонымен, алдағы матчта не болуы мүмкін?
Еуропа футболы үздік пе, Латынамерикасы ма?
Міне, осы сұрақты футбол жанкүйерлері талайдан бері талқылап жүр. Испания мен Аргентина арасындағы матч сұраққа нақты жауап беруі мүмкін. Өйткені бірі – атағы дардай Еуропа чемпиондары, екіншісі – Америка құрлығының алыбы. Осындайда қос команданың финалға дейінгі жүріп өткен жолын еске түсірейік.
Ә дегенде Испания – H тобында, Аргентина J тобында өнер көрсетті. Топтық кезеңді салыстырсақ, Испания Кабо-Вердемен тең ойнады, Уругвайды минимал есеппен ұтып, Сауд Арабиясына мүмкіндік берген жоқ. Әдеттегідей топтан бірінші орынмен шықты. Аргентина да Алжирді – 3:0 есебімен, Аустрияны – 2:0 есебімен, Йорданияны 3:1 есебімен сенімді жеңді. Ал 1/16 кезеңде Испанияға лайықты қарсылас болған Кабо-Вердемен кездесті. Кесдесті де овертаймда әупірімдеп жүріп ұтты. Команданың мұнша сергелдеңге түскені жанкүйерлерге ұнаған жоқ.
Ал Испания топтық кезеңде Аргентинаға «азық» болған Аустрияны оп-оңай ұтты. Ары қарай Португалияны (1:0) жарыс жолынан ысырып, жартылай финалдың жолында Бельгияны (2:1) есеңгіретіп жіберді. Жартылай финалда не болды десеңіз, аузын айға білеген Францияны қалпақпен қағып алды. 90 минут бойы тұсаулап, адым аштырған жоқ. Сөйтті де, чемпион болатын команданың кім екенін айқындап бергендей болды.
Қызыл фурия жанкүйерлері әр матч сайын бөркін аспанға атса, альбиселесте өмірдің құлатып тұрып, қуантатынын бастан кешірді. Плей-оффта Мысырмен күресіп, 10 минуттың ішінде (3:2) есепті түрлендіріп тастады. Ширек финалда да Швейцария (3:1) оңай қарсылас болмады. Жоғарыда жартылай финалда Англиямен өткен кездесуді сарапшылардың талдап бергені бар. Аргентина финалға «тар жол, тайғақ кешіп жетті». Бірінде құраманың рухы рөл ойнаса, бірде оныншы нөмірлі ойыншының магиясы әсер етті. Ал азулы Францияға аяқ аштырмаған Испания финалға ілініп-салынып жеткен Скалони шәкірттеріне мүмкіндік бере ме?
60 жыл бұрынғы айқас
Қазір әлем футболы осы тақырыпты талқылап жатыр. 19 шілде күні өтетін финалға болжам жасау басталғалы қашан?! Айта кетерлігі, біразы Аргентинаның финалға дейін жететінін анық болжай алмады. Көпшілік Франция/Испания – Англия айқасын күтті. Сөйткенде 39 жастағы Лионель Месси алдына келгенді оңынан да, солынан да «шалды».
Алдымызда Испания мен Аргентина ойыны күтіп тұр. Испания жайлы көп әңгіме болды. Біразы құрамада лидер жоғын алға тартқанымен, олар жартылай финалда ең үздік шабуылшылар Мбаппе, Олиссе мен Дембелені тоқтатты. Франция тыпыр ете алмады. Қызыл фурияның қорғанысы тас қамал болып тұр. Құрамада бірлік бары көрініп тұр. Десе де Аргентина да сондай команда. Екеуінің футболы бір-бір біріне ұқсайды. Тактика жағынан да, ойыншылардың деңгейі де бір-біріне жетеқабыл. Финалда нағыз қызық күтіп тұр.Біреу жеңеді деп болжам жасау қиын. Қай-қайсысына да әлем чемпионы атану үшін бір-ақ қадам қалды. Сол үшін бәрі жан алып, жан берісіп ойнайды. Екі команданың мүмкіндігі – 50 де 50, – дейді футбол сарапшысы Болат Есмағамбетов.
Ал Дидар Есемов Испанияны тоқтату қиынға соғатынын, тек бір ғана жолы барын алға тартты.
Меніңше, Испания – айқын фаворит. Орта сақа қалай ойнаса, футбол солай өрілетінін білеміз. Фабиан Руиз, Родри, Ольмо сияқты ойыншылар ешкімге кеңістік бермейтіні анық. Испан тілділердің шайқасы күтіп тұр. Қызыл фурия қайта-қайта шабуылдап, Аргентина қорғанатындай көрінеді. Егер альбиселесте жеңемін деп ойласа, олар гегенпрессингке (контрпрессинг) көшу керек. Бұл Скалони шәкірттерінің қолынан келе ме, жоқ па, белгісіз. Испантілді футболшылардың текетіресі күтіп тұр, – дейді сарапшы Дидар Есемов.
Иә, Испания мен Аргентина әлем біріншілігінің аясында сонау 1966 жылы кездескен. Сол матчта 2:1 есебімен Аргентина құрамасы басым түседі. Құрамалар арасындағы қалған 13 ойын – жолдастық кездесу. Оның алтауында – қызыл фурия жеңісті тойласа, бесеуінде – альбиселестенің айбыны асқақтады. Ал екі матчта тең есеп тіркеледі.
Неде болса, жанкүйерлерді аңызға бергісіз ойын күтіп тұр. Өйткені наурыз айында АҚШ- Иран арасындағы қақтығыс есебінен қос құрлық чемпиондары түйісетін Финалиссимо болмады. Сондықтан футболсүйер қауымға Месси мен Ямалдың әулесесін байқайтын сәт келді. Месси екі дүркін әлем чемпионы атана ма әлде тәжін Ямалға табыстай ма, жексенбі күні жауабын білеміз.
Кеше, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд