«Таңғы беске дейін видео түсірдім»: Ерлан Құлмырза Шоқанның рөліне қалай таңдалды?

«Таңғы беске дейін видео түсірдім»: Ерлан Құлмырза Шоқанның рөліне қалай таңдалды?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

Шоқан Уәлихановтың өмірі мен мұрасы сан мәрте зерттеліп, талай шығармаға арқау болды. Енді қазақтың ұлы ғалымының тағдыры көркем-деректі фильмде көрініс таппақ. Басты рөлді «Сәлем, Еуропа!», «Что в её голове?», «Битва за Родину» фильмдері арқылы танылған актер Ерлан Құлмырза сомдайды. Біз актермен тарихи рөлге дайындығы, кастингтен өтуі, түсірілімнің қыр-сыры және көпшілік біле бермейтін жеке өмірі жайлы әңгімелестік.

Фото: Ерлан Құлмырзаның жеке архиві

– Ерлан мырза, алдымен қазақтың біртуар ғалымы, ағартушысы, саяхатшысы әрі этнографы Шоқан Уәлихановтың бейнесін сомдау мүмкіндігіне ие болуыңызбен құттықтаймыз. Бұл – кез келген актерге бұйыра бермейтін үлкен жауапкершілік. Осындай жаңалықты алғаш естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– Рақмет! Әрбір актер жаңа жобаға кіріскенде толқиды. Ал бұл жолғы жауапкершілік тіпті ерекше. Себебі бұл жоба қазақ тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі, халқымыздың мақтанышы Шоқан Уәлихановқа арналған.

Әрине «Шоқанды лайықты деңгейде алып шыға аламын ба?», «оның болмысын көрерменге дұрыс жеткізе аламын ба?» деген сауалдар мазалады. Мұндай ойлар кез келген актердің басынан өтеді деп ойлаймын. Мен де сол сезімді бастан кештім.

Дегенмен кино саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келемін. Әр рөлден жинақталған тәжірибе көп көмегін тигізді. Соған қарамастан, Шоқандай тарихи тұлғаны сомдау оңай болмайтынын алғашқы күннен-ақ түсіндім.

– Бұл жобаға онлайн кастинг арқылы іріктелгеніңізді білеміз. Фильм туралы алғаш қайдан естідіңіз? Кастингтен өту процесі қалай өтті?

– Шоқан Уәлиханов туралы фильмге кастинг жүріп жатқанын Майя Бекбаеваның Instagram парақшасынан көрдім. Өзім хабарласып, қатысуға ниет білдірдім. Біраз уақыттан кейін шығармашылық топ менімен байланысып, алғашында бейнесынақ жіберуді сұрады.

Ол кезде мен «Қызыл Раушан» толықметражды фильмінің түсірілімінде жүргенмін. Бос уақытымда дайындалып, алғашқы видеоны жібердім. Бір аптадан кейін қайта хабарласып, «тағы бірнеше нұсқасын түсіріп көріңіз, кейіпкерді әртүрлі қырынан көрсетіңіз» деген тапсырма берді.

Сол сәт әлі күнге дейін есімде. Бір күні түсірілімнен түнгі он екіде келдім де, жақсы нәтиже шығару үшін таңғы беске дейін бейнесынақ түсірдім. Әр дубльді қайта-қайта қарап, өзімнен мүмкіндігінше жақсы орындауды талап еттім. Ақыры сол видеолардан кейін маған Шоқанның рөлін сеніп тапсырғандарын хабарлады.

Жалпы кастингте тек сыртқы ұқсастыққа ғана мән берілген жоқ. Актердің кәсіби шеберлігі, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгеруі, атқа мінуі, шабандоз дағдылары сияқты көптеген талап ескерілді. Өйткені Шоқанға сырттай ұқсайтын адамды ғана таңдау жеткіліксіз, ол тарихи тұлғаның болмысын алып шығуға дайын болуы керек.

Сондықтан бұл жобаға іріктеу өте бәсекелі өтті. Мен барлық кезеңнен өз еңбегіммен өттім. Ешкімнің ұсынысымен немесе таныстармен келген жоқпын. Бұл рөлге әділ өткен кастингтің нәтижесінде бекітілдім.

Фото: Ерлан Құлмырзаның жеке архиві

– Жобаның продюсері Майя Бекбаева тарихи жобаларға аса жауапкершілікпен қарайтын кәсіби маман екені белгілі. Онымен жұмыс істеу барысында нені байқадыңыз? Қандай талаптар қояды?

– Бұл – менің көркем-деректі жанрдағы фильмге алғаш түсуім. Сондықтан бұл жоба өзім үшін де ерекше тәжірибе болды. Майя Бекбаевамен жұмыс барысында оның әр дүниеге өте мұқият қарайтынын байқадым. Ол тарихи тұлғаның бейнесін барынша шынайы жеткізуге ұмтылады және шығармашылық топтан да дәл сондай жауапкершілікті талап етеді.  

Түсірілім басталғаннан кейін бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Майя ханымның әр дүниеге өте мұқият қарайтыны бірден байқалды. Әр көріністі, әр детальді жіті қадағалап отырады. Кейіпкердің мінезі де, сол дәуірдің ерекшелігі де шынайы шығуы үшін бар күшін салады.

Әрине мұндай жобада жұмыс оңай болмайды. Тарихи фильм болғандықтан, әр көрініске ерекше дайындық қажет болды. Бірақ дәл осы талапшылдықтың арқасында жақсы нәтиже шығады деп ойлаймын.

– Тарихи тұлғаны сомдағанда оның сыртқы келбетін ғана емес, ішкі болмысын да ашып көрсету маңызды болғанын айттыңыз. Шоқан Уәлихановтың бейнесіне қалай дайындалдыңыз? Қандай тарихи деректермен, еңбектермен таныстыңыз?

– Шоқан Уәлиханов – қазақ баласына мектеп қабырғасынан таныс тұлға. Оның өмірі мен еңбектері туралы бәріміз тарих оқулықтарынан оқып, бұған дейін түсірілген фильмдерді көріп өстік. Сондықтан бұл кейіпкер жайлы алғашқы түсінігім бала кезден қалыптасты.

Бір нәрсені нақтылап өткім келеді. Біз түсіріп жатқан жоба – көркем-деректі фильм. Сондықтан оны толыққанды көркем фильммен шатастырмаған жөн. Бұл жанр тарихи шындыққа негізделеді, ал оқиғаны тұтас әрі әсерлі жеткізу мақсатында кейбір эпизодтар көркемдік тәсілдер арқылы бейнеленеді.

Әрине актер ретінде қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Шоқанның болмысын шынайы жеткізу үшін бар күшімізді салдық. Жасалған жұмыстың бағасын, түптеп келгенде, фильм экранға шыққаннан кейін көрермен береді деп ойлаймын.

Фото: Ерлан Құлмырзаның жеке архиві

– Фильмнің актерлік құрамы өте мықты. Жобаға Меруерт Өтекешова, Бақтияр Қожа, Салтанат Бақаева сынды өнер майталмандары қатысып жатыр. Түсірілім процесі қалай өтті? Тәжірибелі әріптестеріңізден не үйрендіңіз?

– Кез келген үлкен жобада қиындықтар болады. Бұл түсірілімде де ондай сәттер кездесті. Бірақ қиындықпен келген дүниенің нәтижесі де жақсы болады деп сенемін.

Менің сахналарымның басым бөлігі ресейлік актерлермен түсірілді. Атап айтқанда, Григорий Потаниннің рөлін сомдаған Дмитрий Северинмен, Ресей императоры Александр II бейнесіндегі Максим Ященкомен және басқа да актерлермен бірге өнер көрсету бақыты бұйырды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.

Ал қазақстандық актерлердің ішінде Бақтияр Қожамен бірге бірнеше көрініске түстім. Ол кісімен жұмыс істеу өте жеңіл болды. Түсірілім барысында байқағаным – Бақтияр аға өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, өте кәсіби актер. Мен одан әр іске барынша мұқият қарауды, түсірілім кезінде басқа дүниеге алаңдамай, бар назарды рөлге аударуды үйрендім.

Меруерт Өтекешовамен және Салтанат Бақаевамен бір түсірілім алаңында болғанымызбен, ортақ сахнамыз болған жоқ. Олар Шоқанның балалық шағын сомдаған жас актермен бірге жұмыс істеді. Дегенмен түсірілім барысында танысып, бір-бірімізге жылы лебізімізді білдірдік.

Жалпы, есімі елге белгілі, тәжірибесі мол актерлермен бір жобада жұмыс істеудің өзі мен үшін үлкен құрмет болды. Олардан үйренерім әлі де көп деп ойлаймын.

– Фильмнің түсірілімі қай өңірлерде өтті? Бұған дейін шығармашылық топтың Бұхара қаласында, сондай-ақ Астана маңындағы Тайтөбе мен Қоянды ауылдарында жұмыс істегені белгілі болды. Бұл орындар Шоқанның өмірімен байланысты тарихи кеңістікті көрсету үшін таңдалды ма? Жалпы, фильмнің премьерасы қашан болады деп жоспарланып отыр?

– Жалпы түсірілім жұмыстары, дайындық кезеңін қоса есептегенде, бір айға жуық уақытқа созылды. Негізгі бөлігі Астана маңында өтті. Әрине фильмде Шоқанның өмірімен байланысты тарихи орындар қамтылды.

Премьераның нақты күні әзірге белгісіз. Бұл туралы продюсерлер мен шығармашылық топ ресми түрде хабарлайды деп ойлаймын. Уақыты белгілі болғанда, көрерменмен міндетті түрде бөлісеміз.

Фото: Ерлан Құлмырзаның жеке архиві

– Түсірілім барысындағы ең үлкен қиындық не болды? Уақыт тапшылығы, аз ұйықтау, мәтінді жаттау немесе күрделі көріністер ме?

– Ең үлкен қиындық – уақыттың тығыздығы болды. Кей күндері небәрі төрт-бес сағат қана ұйықтап, қайтадан түсірілім алаңына шығатынбыз. Меніңше, мұндай жұмыс тәртібіне көптеген актер үйренген. Дегенмен бұл дұрыс нәрсе емес. Актерге де демалып, жаңа рөлге дайындалуға уақыт қажет.

Оған қоса, мәтінді жаттау, кейіпкердің психологиясына ену – бәрі де уақытты талап етеді. Бұл фильмде менің көріністерімнің басым бөлігі орыс тілінде түсірілді. Орыс тілінде сөйлеудің өзі қиын болған жоқ. Бірақ сол дәуірдің әдеби тіліне тән кейбір сөздер мен сөйлеу мәнеріне бейімделу белгілі бір дайындықты қажет етті.

Соған қарамастан, түсірілім барысында кездескен барлық қиындықты шығармашылық процестің бір бөлігі ретінде қабылдадым. Осындай еңбектің нәтижесін көрермен экраннан сезіне алады деп сенемін.

– Бұған дейін көрермен сізді көбіне заманауи кейіпкерлердің образында таныды. Егер қателеспесек, Шоқан Уәлиханов – сіздің алғашқы ірі тарихи рөлдеріңіздің бірі. Жалпы, тарихи фильмде ойнау бала күнгі арманыңыз болды ма?

– Иә, тарихи фильмде ойнауды бұрыннан армандадым. Шоқанның бейнесін сомдау арқылы сол мақсатқа бір қадам жақындай түскендеймін.

Меніңше, әр актердің өмірінде сомдағысы келетін кейіпкерлері болады. Мен үшін сондай тұлғалардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Оның өмір жолын, мінезін, жүріс-тұрысын зерттеп, шығармашылығымен де танысып жүрдім. Сондықтан болашақта Сәкен Сейфуллин туралы толықметражды көркем фильмде ойнағым келеді.

Әзірге ондай ұсыныс түскен жоқ. Бірақ сәті түссе, тарихи жобаларда өзімді әлі талай сынап көргім келеді. Өйткені мұндай рөлдер актерге үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан да шыңдайды.

– Қазіргі таңда Шоқаннан бөлек тағы қандай жобалармен айналысып жүрсіз? Жақын уақытта көрермен сізді қандай туындылардан көре алады?

– Қазір негізгі назарым аяқталған жобаларға ауып отыр. Соның бірі – «Қызыл Раушан» толықметражды көркем фильмі. Картина күз айларында көрерменге жол тартады деп жоспарланып отыр.

Баршаңызды фильмді тамашалауға шақырамын. Көрерменнің көңілінен шығады деп сенемін.

– Шоқан Уәлихановтың рөліне бекітілгеніңіз әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қолдау білдіргендер де, сын айтқандар да болды. Мұндай пікірлерді қалай қабылдадыңыз? Бұл сіздің танымалдылығыңызға әсер етті ме?

– Әлеуметтік желіде белгілі бір резонанс болғаны рас. Instagram парақшама шамамен 400-500 жаңа оқырман қосылды. Қазір оқырмандарымның саны 51 мыңнан асты. Дегенмен бірден қатты танымал болып кеттім деп айта алмаймын.

Әрине Threads-тегі және басқа әлеуметтік желілердегі пікірлерді көрдім. Бірақ сол кезде түсірілімнің қызған шағы еді. Сондықтан әлеуметтік желіге үңіліп отыруға да уақыт болмады. Кейбір пікірлерге ғана жауап бердім.

Кейде адамдар актердің бір ғана суретіне қарап, оның мінезі, болмысы туралы қорытынды жасап жатады. Мұндай пікірлердің қайдан туындайтынына кейде өзім де таңғаламын. Кей сәтте эмоцияға беріліп, оларға асығыс жауап жазған шығармын. Бірақ кейін мұндай дүниелерге сабырмен қарау керегін түсіндім. Өйткені мұндай сәтте мен үшін ең маңыздысы – әлеуметтік желідегі пікірталас емес, Шоқандай тарихи тұлғаның бейнесін лайықты сомдап шығу болды. Сондықтан бар назарымды жұмысқа аударуға тырыстым.

Жалпы бұл рөл қоғамда қызығушылық тудырғанын байқадым. Бірақ мен бұған дейін де түрлі фильмдерге түсіп жүргендіктен, көрермен мені бұрыннан біледі. Сондықтан бұл жағдайды үлкен танымалдылықтан гөрі, жауапкершіліктің артуы деп қабылдадым.

– Шоқан Уәлихановтың рөліне бекітілгеніңізден кейін әлеуметтік желілерде сізді Шоқанның бейнесін бұған дейін сомдаған Сағи Әшімов пен Нұрмұхан Жантөринмен салыстырғандар болды. Мұндай салыстыруларға қалай қарайсыз?

– Ең алдымен, Сағи Әшімов пен Нұрмұхан Жантөрин – қазақ киносының алып тұлғалары. Олардың фильмдерін бала кезімнен көріп өстім. Сондықтан ол кісілермен өзімді салыстыруға мүлде келмейді деп ойлаймын. Әрқайсының қазақ киносындағы орны ерекше.

Менің мақсатым – біреуді қайталау немесе олармен жарысу емес. Өзімнің актерлік ізденісім, кейіпкерді қабылдауым, оны жеткізу тәсілім бар. Шоқанның бейнесін өз түсінігім мен режиссерлік шешім аясында алып шығуға тырыстым.

Қалған бағасын көрермен береді. Фильм экранға шыққаннан кейін әркім өз пікірін айтады.

– Кино саласындағы жолыңыз туралы айтып өтсеңіз. Өнерге қалай келдіңіз? Соңғы жылдары шығармашылық жолыңыз қалай өрбіп жатыр?

– Кино саласында 2018 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде жиырмадан астам фильмге түстім. Әр жоба маған жаңа тәжірибе мен үлкен сабақ болды.

Соңғы екі-үш жылда экраннан жиі көріне қойған жоқпын. Оның әртүрлі себептері болды. Кейде лайықты рөл кездеспеді, кейде кастингтен өте алмадым. Бұл – актер мамандығында жиі кездесетін жағдай.

Жалпы, актердің жолы қашанда бірқалыпты бола бермейді. Кейде ұсыныс көп түседі, ал кейде ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Ондай кезде сабыр сақтап, өзіңмен жұмыс істеуді тоқтатпау маңызды. Өйткені үнемі шығармашылықтың алдыңғы қатарында жүру мүмкін емес. Сондықтан әр мүмкіндікке дайын болып, өз сәтіңді күте білу де актер мамандығының бір ерекшелігі деп ойлаймын.

– Енді өзіңізді оқырманға жақынырақ таныстыра кетсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Отбасыңызда өнерге жақын жандар бар ма?

– Мен Ақтөбе қаласының тумасымын. Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияда білім алдым.

Алғашқы мамандығым шығармашылықпен байланысты емес, техникалық бағытта болды. Кейін актерлік өнерге бет бұрып, Бішкектегі Б.Бейшеналиев атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университетінде актер мамандығы бойынша білім алдым.

Отбасым қарапайым жандар. Әкем бар, інім бар. Өкінішке қарай, анам 2017 жылы өмірден өтті.

Жақын туыстарымның арасында өнермен кәсіби айналысатын адам болған жоқ. Дегенмен нағашы атам Тоқшылық Әлиев шығармашылыққа жақын жан. Ол – филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әдебиеттанушы. Әңгімелер жазған. Соның ішінде өзіме ерекше ұнайтыны – «Қызыл галстук» шығармасы. Оқырмандарға оқуға кеңес берер едім.

Бәлкім, өнерге деген қызығушылық маған сол кісіден дарыған шығар. Бірақ өзім ешқашан актер боламын деп ойлаған емеспін. Бұл қызығушылық студент кезімде оянды. Университетте факультетаралық театрландырылған қойылымдарға қатысып, алғаш рет сахнаға шықтым. Сол кезде ұстаздарым мен достарым: «Сенің орның – сахна» деп жігерлендірді. Сол сөздер мен үшін үлкен серпін болды. Содан бері актерлік өнерге біржола бет бұрдым.

Қазір Алматы қаласында тұрамын. Әкем Ақтөбеде, ал інім Астанада.

– Жанкүйерлеріңізді қызықтыратын сұрақтардың бірі – жеке өміріңіз. Үйленгенсіз бе? Егер үйленбеген болсаңыз, болашақ жарыңызға қоятын ерекше талаптарыңыз бар ма?

– Жеке өмірімнің жеке болып қалғанын қалаймын. Сондықтан бұл тақырыпқа қатысты пікір білдіргім келмейді.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

– Сізге де рахмет!

Оқи отырыңыз

{