Таиландқа кіру ақылы болмақ: туристер қанша төлейді

Таиландқа кіру ақылы болмақ: туристер қанша төлейді

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Таиланд шетелдік туристер үшін жаңа алым енгізуді жоспарлап отыр. Ұсыныс мақұлданса, елге келген әрбір шетелдік 450 бат, яғни шамамен 6 мың теңге төлеуі мүмкін. Жаңа тәртіпті 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске қосу көзделген.

Таиландтың туризм және спорт министрлігі шетелдік саяхатшылардан туристік алым алу жобасын әзірлеп жатыр. Қазіргі ұсыныс бойынша оның мөлшері әуе, құрлық немесе теңіз жолымен келгеніне қарамастан бір адамға 450 бат болады. Бұған дейін әуе арқылы келгендерден 300 бат, ал құрлық және теңіз жолымен кіргендерден 150 бат алу қарастырылған еді.

Жаңа жүйені бірден барлық шекара бекеттерінде емес, кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Алдымен алым әуе арқылы келетін туристерге қолданылмақ. Қолданыстағы жоба бойынша бұл тәртіп тиісті құжат Royal Gazette ресми басылымында жарияланғаннан кейін 180 күн өткен соң күшіне енуі мүмкін. Құрлық және теңіз арқылы кіретін туристер үшін жүйе кейінірек іске қосылады. Билік алғашқы кезеңді 2027 жылы бастауды көздеп отыр.

Алым не үшін қажет?

Таиланд билігінің түсіндіруінше, жиналған қаражат жалпы мемлекеттік бюджетке емес, туризмді дамытуға бағытталмақ. Оның бір бөлігі шетелдік саяхатшылардың қауіпсіздігі мен медициналық сақтандыруына жұмсалады. Қалған қаржы туристік нысандарды дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға және жаңа туристік бағыттарды қолдауға бағытталады.

Биліктің есебінше, жүйе толық іске қосылған жағдайда туристік қор жылына миллиардтаған бат қаражат жинай алады. 2027 жылы шамамен 35,4 миллион шетелдік турист келеді деген болжам негізінде, тек әуе жолаушыларынан алынатын алымның өзі 12 миллиард баттан астам қаражат әкелуі мүмкін.

Төлем қалай алынады?

Қазір бірнеше тәсіл қарастырылып жатыр. Соның ішінде 450 батты әуе билетінің бағасына қосу, арнайы ресми сайт немесе мобильді қосымша арқылы төлеу, сондай-ақ шекарадағы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын пайдалану ұсынылған. Нақты төлем тәртібі жоба түпкілікті мақұлданғаннан кейін белгілі болады.

Сонымен бірге бір рет төленген алым 30 күн ішінде бірнеше рет кіріп-шығуға мүмкіндік беруі мүмкін. Осы кезеңде туристке қарастырылған сақтандыру да күшінде болады. Дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері, жұмыс істеуге рұқсаты бар шетелдіктер, транзиттік жолаушылар және екі жасқа толмаған балалар сияқты бірқатар санатты алымнан босату ұсынылған.

Айта кетейік, әзірге 450 баттық туристік алым күшіне енген жоқ. 7 қазанда жарияланған соңғы мәлімет бойынша, қоғамдық талқылау аяқталғанымен, ұсыныс Ұлттық туристік саясат комитетінде қаралып, одан кейін Таиланд үкіметінің мақұлдауынан өтуі тиіс. Сондықтан 2027 жылға жоспарланған мерзім өзгеруі де мүмкін.

Айта кетейік, қазақстандықтар Индонезияға визасыз бара алады.

Оқи отырыңыз

{