30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақ даласында кертағының екінші құлыны дүниеге келді. Керқұлан немесе Пржевальский жылқысы деп те аталатын жануардың бұл жолғы төлі Умбра атты биеден туған. Қазір енесі мен құлыны бірге, олардың жағдайын мамандар бақылап отыр.
Бұл жаңалықтың мәні бір құлынның дүниеге келуімен ғана шектелмейді. ХХ ғасырда жабайы табиғаттан жойылып кеткен керқұлан енді Қазақстандағы байырғы мекеніне оралып, осында табиғи жолмен көбейе бастады.
Арада тоғыз күн өткенде екінші құлын туды
Қазақстандағы алғашқы кертағы құлыны 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды жерсіндіру орталығында дүниеге келді.
Арада тоғыз күн өткенде тағы бір сүйінші хабар жетті. Умбра есімді бие құлындады. Умбра – 2024 жылы Еуропадан Қазақстанға жеткізілген алғашқы жеті керқұланның бірі. Осылайша Қазақстанға қайта әкелінген жануарлар енді қазақ даласында төл бере бастады.
Керқұлан қандай жылқы?
Керқұлан немесе Пржевальский жылқысы – Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың ерекше өкілі. Оны кейде табиғатта еркін жүрген мустанг секілді жылқылармен шатастырады. Алайда олардың айырмашылығы бар. Мустангтар – кезінде қолға үйретіліп, кейін қайта жабайыланған жылқылардың ұрпағы. Ал кертағы жабайы жылқы ретінде сақталған. Сыртқы келбеті де өзгеше. Денесі мығым, мойны жуан, жалы қысқа әрі тік келеді.
Тағы бір қызық ерекшелігі – хромосома саны. Үй жылқысында 64 хромосома болса, Пржевальский жылқысында 66 хромосома бар.
Бір кезде табиғатта бірде-біреуі қалмаған
Кертағының бүгін Қазақстан даласында құлындап жатқанын түсіну үшін оның өткен ғасырдағы тарихына үңілу керек. ХХ ғасырда жабайы табиғаттағы керқұлан саны күрт азайды. Ақырында 1960-жылдардың соңында табиғи ортада мекендейтін жануарлар мүлде жоғалып кетті.
Бірақ түр біржола құрып кеткен жоқ. Хайуанаттар бағында сақталған Пржевальский жылқыларын көбейту жұмыстары жүргізіліп, кейін оларды табиғи мекеніне қайта жіберу қолға алынды. Сөйтіп, бір кезде жабайы табиғаттан жоғалған жануарды қайта қалпына келтіру мүмкін болды.
Қазақстанға шамамен 200 жылдан кейін оралды
Кертағы қазақ даласы үшін бөтен жануар емес. «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасының дерегінше, ол кезінде Қазақстан даласында мекендеген, алайда XIX ғасырдың ортасына қарай бұл аумақтан жойылып кеткен. Арада шамамен екі ғасыр өткенде керқұлан Қазақстанға қайта оралды.
Оларды елге қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. Сол жылы Еуропадан алғашқы 7 жылқы жеткізілді. 2025 жылы тағы 7, ал 2026 жылы 8 кертағы әкелінді. Осылайша үш жылдың ішінде Еуропадан Қазақстанға барлығы 22 Пржевальский жылқысы жеткізілді.
Жылқыларды бірден еркіндікке жібермейді
Керқұланды қайта жерсіндіру – жануарларды шетелден әкеліп, бірден далаға жібере салу емес. Алдымен олар арнайы орталықта жаңа ортаға бейімделеді. Мамандар жануарлардың денсаулығын, мінез-құлқын және жергілікті жағдайға бейімделуін бақылайды.
Мәселен, 2025 жылы әкелінген бес кертағы бір жыл бойы «Әліби» орталығында бейімделгеннен кейін 2026 жылғы 25 мамырда табиғи ортаға жіберілді. Олардың екеуіне спутниктік қарғыбау тағылып, қозғалысы бақылауға алынды. Мұндай дайындық жануарлардың жаңа климатқа, қорекке және дала жағдайына біртіндеп үйренуіне мүмкіндік береді.
Керқұлан даланың өзіне де қажет
Кертағыны қайтару тек сирек кездесетін жануарды сақтап қалу үшін жасалып жатқан жоқ. Оның дала табиғаты үшін де маңызы бар. Ірі шөпқоректілер өсімдік жамылғысына әсер етеді. Керқұланның жайылуы өсімдіктердің өсуіне және даладағы тіршілік ортасының алуан түрлі болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жәндіктерге, ұсақ сүтқоректілер мен жерде ұя салатын құстарға қолайлы жағдай туғызуы мүмкін.
Сондықтан жобаның түпкі мақсаты – қоршауда ұстайтын жылқылардың санын көбейту емес. Қазақстан даласында адамның тұрақты көмегінсіз тіршілік етіп, өздігінен көбейетін кертағы популяциясын қалыптастыру.
Кертағы қазақ даласында қайта төлдей бастады
Жануарды тарихи мекеніне қайтару – істің алғашқы қадамы. Оның жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жолмен көбеюі одан да маңызды. Екі құлынның дүниеге келуі Қазақстанға әкелінген керқұланның дала жағдайына бейімделіп, табиғи жолмен көбейе бастағанын көрсетеді. Бұл – болашақта табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру жолындағы маңызды нәтиже.
Бір кездері қазақ даласынан жоғалып, кейін жабайы табиғатта мүлде жойылып кеткен Пржевальский жылқысы араға ұзақ уақыт салып қайта оралды. Енді оның жаңа ұрпағы Қазақстан даласында дүниеге келіп жатыр. Бүгінде «Алтын Далада» екі кертағы құлыны өсіп жатыр. Болашақта олардың қатары көбейіп, керқұлан қазақ даласының жануарлар дүниесінің тұрақты бір бөлігіне қайта айналуы мүмкін.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды