Суреттер сөйлеп тұруы керек – Асылхан Әбдірайымұлы

8 Қараша 2022, 22:08 2999

Фотопублицист, ұстаз Асылхан Әбдірайымұлымен болған көлемді сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Асылхан аға, сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін көп рахмет. Өзіңізбен жиі сұхбаттасуға мүмкіндік бола бермейді. «El.kz» порталының оқырмандарына да қызық болар, алдымен фоторепортаж деген түсінікке тоқтала кетсеңіз?

Жалпы фотография өнері үш бөлімнен тұрады: деректі, көркем және техникалық фото. Соның ішінде фоторепортаж жанры бұл классикалық жанр түріне жатады. Яғни алғашқы портрет, пейзаж, сәулеттік (архитектуралық) жанрлардың қатарында фоторепортаж жанры да бар. Оны стритфотография деп те айтады. Фоторепортаж жанры болған оқиғаны 3-15 фотосуреттің көмегімен бейнелейді. Бұл оқиғаның ауқымына байланысты. Егерде ол үлкен халықаралық конференция болатын болса, ондайда көп фотосуреттермен беру керек болады.

Фотография журналистиканың ішінде екі жанрға - ақпараттық және публицистикалық жанр деп бөлінетін болса, фоторепортаж ақпараттық жанрға жатады. Ол болған оқиғаны баяндап, соны уақытында оқырманға жеткізеді. Бір апта көлемінде болуы мүмкін. Себебі аптасына бір рет шығатын сараптамалық газеттер бар. Бір аптадан соң ол мәлімет ескіреді. Бір суретпен де репортаж болады, бірақ ол өте күрделі. Адам бір суреттен болған оқиғаның бәрін түсінуі қиын. Сондықтан кемінде үш суретпен беріледі. Жалпы көрінісі, яғни оқиға қай жерде, қай аймақта болып жатыр соны адам бір қарағанда түсінетіндей. Содан кейін орташа көрініс пен ірі көріністегі фотосуреттер болуы керек. Яғни болған оқиғаны көрген адам басын, аяғын, көлемін түсінетіндей болғаны жөн. Ал 15 сурет басынан бастап ретімен түсірілген болуы тиіс. Мысалы, Наурыз мерекесін алайық. Ол қай қалада, қаланың қай жерінде болып жатыр, одан кейін ұйымдастырушылар, әншілер, ол жерде көрсетілген әр түрлі салт-дәстүрлер, барлығын қамтып көрсетуге тырысу керек. Фоторепортаж БАҚ-та берілген кезде (әлеуметтік желіге жарияланған кезде) оқиғаның хронологиялық ретімен жарияланғаны дұрыс. Себебі оқырман суретке қарап оқып отыратындай болуы керек. Яғни Наурызға кімдер қатысты, қандай әншілер өнер көрсетті, қалай аяқталды дегендей.

Фоторепортаждың ішінде адамды ұстап тұратын өзекті, креативті кадр, яғни бір «фишкасы» болғаны дұрыс. Себебі фоторепортаж бұл фоторепортердің өзінің көзқарасымен түсіріледі. Яғни маман белгілі бір болған оқиғадан адамды қызықтыратын түсірілім нүктесін тауып, қас-қағым сәтте қозғалыс ішіндегі «ох!» дейтіндей кадрды ұстауға тырысқаны жөн. Ірі планмен біреудің көзінің жанарын, көзқарасын тақырыпты ашатындай түсіріп алғаны дұрыс. Себебі 15 сурет болғанда, олардың бәрі бір-бірін қайталайтын кадрлар, пландар болса, ол көрген адамды бірден жалықтырып жібереді. Қазіргі цифрлық техниканың дәуірінде әрбір суреттің өзінің жеткізетін дерегі, ақпараты болуы керек және ол креативті болуы тиіс.

Мысалы адамдар болған оқиғаны мақаладан оқып отыратын болса, көп уақыт жоғалтады, ал фотосуреттен ақпаратты тез алады. Сосын фотосуретте кәсіби репортер жан-жақты білімді, шапшаң қимылдап, тез шешім қабылдап, соған сай әрекет ететіндей болуы керек.

Одан кейін фоторепортаж түсіретін фоторепортер оқиға болатын жерге жарты саған ерте келуі керек. Кеш келіп, басын үзіп алатын болса ол оқырманды шатыстырады. Сол үшін фоторепортаж берілетін жерге алдын ала келіп, ұйымдастырушылардан болатын шара жайлы барлық ақпараттарды (пресс-релиз, сценарий, жоспар және т.б.) сұрап алып, тез-тез танысып үлгеруі тиіс. Яғни ол ең қажетті сәттерді жіберіп алмауы үшін бір нүктеден екінші бір нүктеге өткенде, асып-сасып қалмай, бір көзімен «түсіріп», екінші көзімен сценарий желісін қадағалап тұрғаны жөн. Фоторепортажда ештеңені қолдан қосуға болмайды!

– Фоторепортаж түсіретін мамандарды фоторепортер дейміз дедіңіз. Олар қандай болуы керек?

Фоторепортер болатын оқиғаны егжей-тегжейлі зерттей алатын саналы, композициялық шешімді тез сезінетін қырағы болғаны жөн. Оқиғаның желісін қадағалай отырып, кульминациялық сәтін, шарықтау шегін жіберіп алмауы ең маңызды. Мұның бәрі тәжірибемен қалыптасатын дағды.

Фоторепортаж түсірген кезде нағыз маман шабытын шақырып, сол процеске толықтай кіруі тиіс. Содан өзіне лайықты, мықты суреттер алып шыққан кезде оқырманын қызықтырады. Ал жай ғана барып құжат үшін түсіріп, адамдардың қарап тұрғанын сол көрініспен берген ол аса қызықтыра қоймайды. Сол үшін оған ұтқыр көзқарас, ой, креативтілік керек. Оқиға орнында техникалық жағын ойлап отырмауы үшін қолдағы техника сенімді болуы тиіс. «Удачный» кадр үшін, жақсы ракурстарды ұстауға тырысуы қажет. Суреттер сөйлеп тұруы керек!

Одан кейін фоторепортажды жариялар кезде тақырыпты да ұтымды қолданған жөн. Мысалы біз жақында ғана шеберлік сыныбын өткіздік. Оған Серік Мұқышұлы деген қытайда туған қазақ, өз дәрісімен Қазақстанға келді. Ол әлемнің 40 елінен қатысқан ең үздік фотографтардың байқауына өзінің 30 жұмысын ұсынып, оған бір ғана атау берген. Яғни бір тақырыпқа отыз жұмыс арнаған! Оның тақырыбы да ерекше - «Ел көшкенде, күн де бізбен бірге көшеді». Өзі Қытайдағы Алтайдың қазағы болғандықтан, сондағы көшті түсірген. Ауылдың қызығы мен шыжығы көп өмірін көрсетіп, әсер алатындай суреттері мен тақырыбы үндесіп, бірін-бірі толықтырып тұр. Осының нәтижесінде әлемнің озық 10 үздік фотосуретшісінің бірі ретінде бағаланды.

– Жалпы фотография қашан пайда болды және ең алғаш қай елде өмірге келді. Қазақстандағы тарихи жағдайы қалай?

Жалпы фотография тарихи деректер бойынша 1839 жылы 7 қаңтарда Францияда пайда болған. Дагиен, Джозеф, Невс, осылар негізгі авторлар саналады. Заңды, кәдімгідей патенттелген, ойлап табушылар деп аталады. Бірақ оның алдында 1500 жылдары, 300 жыл бұрын Леонардо да Винчи сынды көптеген ғалымдар еңбектенген. Леонардо да Винчидің қазіргі сурет өнеріндегі ең рекордтық бағаға - 450 млн. долларға сатылған бір суреті сақталған. Кезінде суретшілер көрінген бір әдемі көріністі, пейзажды ұзақ салып отырмай, оны қалай жылдам көшіріп алуға болады деп ойланған. Сол кезде Леонардо обскура камераларын пайдаланған. Қазіргі барлық фотоаппараттардың, ұялы телефондардың, камералардың барлығының алғашқы нұсқасы.

Обскура камерасы дегеніміз - қара жәшіктегі камера. Яғни жарық сол қара жәшіктегі саңылаудан өтіп, қараңғы бөлмеде сақталады. Соны ең бірінші суретшілер қолданған. 300 жылдан кейін барып Францияда, ол кезде онда химия, физика, оптика қатты дамыған. Саңылаудан қараңғы бөлмеге өткен жарықты сақтап қалуды химиктер ойлап табады. Сонымен суретшілер мен химиктердің бір-бірімен байланысының арқасында осындай нәтиже шығады. Даггер суретші, Невс химик. 1839 жылы қаңтарда Францияда пайда болса, сол жылы күзде Ресейге келді. Онда орыс офицері Тюремин Санкт-Петербургтегі Иссаков шіркеуін түсіреді. Ең алғашқы кадр. Себебі ол кезеңде ресейдің бүкіл әдебиеті, өнер-ғылымы да еуропамен тығыз байланысып келе жатқандықтан дүркіреп тұрды.

Ал Қазақстанға екі жылдан кейін, 1841 жылы 6 желтоқсанда Жәңгір хан әкеледі. Ол Бөкей ордасында жеке мектеп ашып, соның ашылуына Петербордан фотограф шақырып фотоға түсірткен. Яғни фотография Қазақстанға алғаш рет Ресей арқылы жеткен. Ең алғаш фотоға түскен қазақтар - Жәңгір хан өзінің әйелі Фатимамен Орынборда түсті. Шоқан Уалиханов 12 жасында Томбыда Кадет корпусына оқы жүрген кезінде түсті.

– Қазақтан шыққан алғашқы фотограф деп кімді айта аламыз. Нақты дерек бар ма?

Шәңгерей Бөкеевті айтамыз. Бірақ Орынборда көшелерде фотоға түсірген басқа да қазақтар бар сияқты. Сол кезде онда фотоға түсіретін салондар қатты дамыған дейді. Бұл әлі зерттеуді қажет ететін мәселе! Бірақ ол Ресей болып саналып қалды ғой. 1901 жылы Бөкей ордасының 100 жылдығы құрметіне Николай ІІ патша Бөкей ордасының әулетін Петерборға арнайы қабылдауға шақырады. Соған Шәңгерей Бөкеев бірге барады. Ол кезде Шәңгерей нағыз жігіттік шағында. Сол кезде Николай патша келген қонақтарға сый-сыяпат жасайды. Шәңгерей Бөкеевтің өнерді сүйетінін, ақын екенін, музыкаға қызығатынын біліп, оған фотоаппарат сыйлайды. Үш аяғы бар үлкен обскура камерасын құрал-сайманымен, шығаратын пластинкаларымен бірге бәрін салып алып, бір атарбаны сонау Петербордан Бөкей ордасына алып келеді. Сондықтан да көптеген тұлғаларды фотоға түсіріп кәсіби айналысқан алғашқы фотограф Шәңгерей Бөкеев деп айтамыз. Бізде жалпы фотография өнері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жақсы дамыды.

– Фотография қазір трендтегі мамандық деуге бола ма?

Әрине. Қазір халық фотоға көп түсіреді. Көп түседі. Ұялы телефондардан бастап, кәсіби фотокамералармен де. Кезінде кино пайда болған кезде фотография жоғалады деп айтып еді. Жоқ, әрқайсысы өз жолымен дамып келеді. Фотосурет еш уақытта өз беделін төмен түсірмейді!

– Иә, жыл өткен сайын техника да, технологияда түрленіп жатыр ғой. Мобилография туралы не айтасыз. Бұл хобби ма әлде ақша табу көзі ме?

Кәсіби фотографтың өзінің түсіретін тақырыбы, бағыты бар. Кәсіби фотоаппаратпен түсіретін болған соң өзінің орны және сапасы жоғары болған соң өзіндік артықшылығы бар. Ал, мобилография бұл бүгінгі әлеуметтік желіде жылдам, тез ақпаратты жеткізу үшін қолданылады.

– Фотокамералардың ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз. Мысалы фоторепортаж түсіру үшін қандай камера қолданған жөн. Қандай объективтер бар?

Бүгінгі трендтегі мықты брендтер Sony, Canon, Nikon. Соның ішінде фоторепортажға қолданылатыны көбіне объективіне байланысты. 24-105 миллиметрлік фокустық арақашықтықты білдіретін объектив фоторепортерлерге арналған. Осы объектив кез келген залдың ішінен кең көлемде, орташа, ірі көріністе болып жатқан жиналысты түсіруге өте қолайлы.

– Әуесқой және кәсіби фотоаппараттарды қалай ажыратуға болады?

Әуесқой камералардың (смартфон, планшет, «мыльница» және т.б.) барлық функциялары автомат режимде тұрады. Оны автокөлікпен салыстыруға болады. Яғни олар да автомат және механика деп бөлінеді. Механиканың көп мүмкіндіктері бар, ол қозғалтқыштың майына, басқа да бөлшектеріне пайдасы зор. «Автомат», онда адам тек тезірек кнопканы баса береді, саны көп, бірақ сапасы жағынан таңдағанға қиын. Ал механикада барлығын қолмен қояды.

Фотоаппараттар әуесқой, жартылай кәсіби және кәсіби болып бөлінеді. Кәсіби фотоаппараттарда әуесқой режимдар жоқ. Онда барлығын - жылдамдықты, тереңдікті, сезімталдықты өзің қолмен қоясың. Ол үшін оның бәрін жылдам істеу керек. Ал оның сапасы барлық талапқа жауап береді.

– Яғни әуесқой мен кәсіби фотографты жұмысына қарап ажыратуға болады ма?

Кәсіби фотографтар айтады «біз суретті түсірмейміз, біз суретті жасаймыз» дейді. «Жасаймыз» дегені ол кнопканы баса салмайды, ол бірінші түсіретін нысанды зерттеп көреді. Оған жарық қалай түсіп тұр, сол жерде болып жатқан оқиғаны зерттеп, кәдімгі суретші сияқты барлығын орын-орнына қойып, «салады». Яғни механикада диафрагманы, выдержканы, сезімталдықты, жарықтық балансты, экспокоррекцияны қолмен қояды. Содан кейін барып қана түсіреді. Сондықтан да олар біз туынды жасаймыз дейді. Ал кейбіреулер «біз шырт еткізіп түсіре салдық», «баса салдық» дейді, ол әуесқойлық.

– Қазақтан шыққан мықты фотографтар деп кімдерді атай аласыз?

Біздің алдымызда бірнеше буын еңбек жасап кетті. Рысқали Дүйсенғалиев, Нұрғожа Жұбанов. Мысалы Рысқали ағамыз 90 жасқа келгенше қолынан фотоаппаратын тастамай түсіріп жүрді. Нұрғожа ағамыз да 80-нен асқанға дейін түсіріп, өз өнеріне шын беріліп қызмет етті.

Одан басқа Сайлау Пернебаев, Қазақстан Жазушылар Одағының бүкіл фотоархиві соның қолында бар десек болады. Одан кейін Жүнісбек Пайызов «Білім және Еңбек» журналында жүріп, бүкіл академик ғалымдарды түсірген. Қайрат Мұстафин, Съезд Бәсібеков, Рахымбай Ханалы осылардың барлығы тарихта қалдыру үшін қазақ фотожурналистикасына сіңірген еңбектері мол.

– Қазір «VIP-фотографтар» дейді, Президенттің жанында, Парламентте жүреді, оларды қалай таңдап алады?

Бізде нақты қалай таңдап алатынын білмеймін. Америкада мұндай жерге мықты фотографтарды үлкен ұйымдар ұсынады. Мысалы, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың фотографын білемін, менімен жасты. Оны түсірген жұмыстарына қарап арнайы шығармашылық ұйым ұсынған. Журналистер Одағы сынды ұйымдар ұсынған соң, олар өздеріне үлкен жауапкершілік алады. Осы үрдісті бізге де енгізу керек.

Олар Президентпен бірге бір сапарға барып келген сәтте сол көріністерден репортаж жасап Ақ үйдің дәлізіне іліп қояды екен. Сондай бір сапардан келген кезде әлгі фотограф түнге жақын болса да, таңертең жұмысқа келгенде көрсін, дайын тұрсын деп суреттерді іліп, қарбаласып жатады. Сол кезде Президент ақырын, жасырынып келіп қызығып қарайды. Сосын фотографқа сауал тастайды: «Айтыңызшы Сіз әлемдегі ең алып мемлекеттің Президентінің жеке фотографысыз. Қалаған кезде кіресіз, кофе ішесіз. Сізбен бәрі ақылдасады. Қай суретіңіз мықты. Айта аласыз ба?» деп сұрайды. Сонда фотограф ойланып, пауза ұстап барып: «Ол суретті мен ертең түсіремін» деп жауап берген екен.

Мұны айтып отырған себебім, фотограф бүгінімен тоқтап қалмай үнемі еңбектеніп, ізденіп отыруы керек. Фотография деген шынайы шындықты жеткізу керек. Сол үшін репортаж суреттерде, үлкен мемлекеттік деңгейдегі суреттерде бәрі шынайы болуы керек. Халықты, көрерменді алдамау керек. Фотографияда қосуға болмайды, алуға болады. Яғни бірдеңе жоқ болса, фотошоппен қоса салуға болмайды. Фотограф мұндай лас тірлікпен ең бірінші сол кезеңдегі оқырманды алдайды, ең жаманы тарихты алдайды. Тарихты алдамай адал қызмет ету керек. Ұлтқа, елге, жерге адал қызмет ету керек!

Сарай ақындары деген сияқты, Президент сарайы мен Үкімет үйлеріндегідерді Сарай фотографтары дейді ғой. Олар әдетте протокол бойынша түсіреді. Мысалы Бондаренкомен бірге істедік кезінде, Шүкір Шахай өзімнің інім, ол да газеттерде («Егемен Қазақстан», «Жас Алаш») істеді, тәжірибесі бар. Оларды фоторепортажға кәдімгідей маманданған адамдар деуге болады. Ал кейінгі уақытта танымал емес жастар келіп түсіріп жүр. Олардың ішінен мықты деп айтатындай есіме түсіре алмай отырмын.

– Фотоөнер саласында шәкірт даярлау ісі қалай жүріп жатыр. Фотография саласында қазақ тілінде жазылған оқулықтар бар ма? 

Бізде негізі бұрынғы Одақ кезінде әртүрлі үйірмелер, арнайы мектептер болған, соларды қайта жандандырып, ашса жақсы болар еді. Қазір қызығатын жастар көп, бірақ әзірше арнайы қазақ тілінде оқытатын мемлекеттік мектеп жоқ.

– Жалпы кәсіби түрде фотожурналистика бойынша елімізде қай жерлерде оқытады?

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, оларда кәдімгідей қызығушылықпен оқытады. ЕНУ-да фотожурналистиканы жақсы оқытады. Одан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы журналистика факультетінде оқытылады. Еліміз бойынша 36 жерде журналистика мамандықтарын дайындап шығарады екен, соның ішінде фотожурналистика мектебін де кәдімгідей қалыптастырып, көп оқулықтар шығару керек. Яғни берілген білім сауатты болуы керек. Әлемдік дамыған елдердің білім беру тәсілдерін енгізу қажет.

– Қазақ тілінде қанша оқулық бар?

 «Фотожурналистика» қазақ тілінде. Жақында «Фотография өнері» атты жинақ «Дарын» баспасынан шықты. Бір авторы мен, екіншісі Досжан Балабекұлы, философия PhD докторы. Бұл ғылыми негізде жазылған, мұнда ғылыми мақалалар, дипломдық жұмыстар, Өнер академиясының магистрлік жұмыстарының диссертациясы бар. Байқасаңыз өте аз, саусақпен санарлық қана (күрсінеді).

Фотография өнеріне қызығып жүрген жастар үшін бұл аздық етеді. Әлі көп шығару керек, портрет жанрынан бастап пейзажға дейін. Мұндайды кітап шығаратын мамандар филологтармен бірлесе отырып сауатты шығару керек. Менің шығарғандарым, бұлар ұлттық намысыма тиіп, неге қазақша оқулықтар жоқ, Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл болды деп, 25 жыл жиған-тергенімді, яғни жеке тәжірибем мен 10 жыл университетте сабақ беріп жүрген теорияларымды жинақтап солардан құрап шығарғандарым.  

– Елім деп, жерім деп, Тәуелсіздік туралы айтып қалдыңыз. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ фотографтарының тарихы жазылып жатыр ма?

Осы аралықта тек үш кітап қана шықты. Фотожурналистикаға қатысты. Оның біріншісі «Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» шықты, «Өнер» баспасынан. 2012 жылы, өзім автор болдым. Оған 12 ардагер-фотограф кірді. Яғни оны кішігірім энциклопедия десек те болады. Одан 4-5 жылдан кейін «Қазақ фотошежірешілері» шықты. Оған фотожурналистикамен айналысып жүрген қазақтың 25 қазіргі белді фотошежірешісі кірді. Бұл дегеніміз фотожурналистика саласында айналысып жүрген мамандардың энциклопедиясы құрылып келе жатыр деуге болады. Ал жалпы фотографияның түрлі саласы бар, жанрлары бар, олар да керек.

– Жалпы Қазақстанда фотографтардың қандай ұйымы бар?

Елімізде орыс тілді бірнеше агенттіктер бар. «ФотоАрт» болған, Борис Құлмағамбетов ашқан болатын, Израильге кетіп қалды, қазір жоқ. «Медеу» фотоклубы бар, оны басқаратын Валерий Коренчук көптеген шетелдерде жүлде алған. Одан бөлек «Азия» фотоклубы болды, Алматыда. Одан бөлек «Сплав» деген Қарағандыда ашылған. Жалпы Алматы мен Қарағандының спортында да, фотоөнерінде де бәсеке мықты. Ал қазақ тілді жалғыз «Фотоөнер» бірлестігі. Оны құрғанымызға 10 жылдан асты. Оны да жоғары да айтқанымдай неге қазақ тілді ұйым жоқ деп намыстанып ашқанбыз. Негізі үлкен халықаралық деңгейдегі фотожурналситика агенттіктері мен ұйымдарын да фотографтар ашқан, қоғамға керек деп.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі өзінің шамасы келгенше мемлекеттен қаражат алмаса да 7 экспедиция жасады. Алтайдан Каспиге дейін. Яғни Хан Тәңірінің бөктерінде, оған қытайдан Түсіпбек Сламқұлұлы деген фотография саласындағы профессор ағамыз қатысып, өзінің шеберлік дәрісін өткізді. Одан кейін Ұлытауға экспедиция жасадық. Едіге шыңының басына шықтық. Қазақ хандығының 550 жылдығында Қозыбасыға 15 жігітті алып шықтық. Одан кейін Түркістанда, Отырарда, Киелі Алтайда, Маңғыстауда, соңғысы Бекет ата шоқысының басында болды. «Фотоөнер» бірлестігінің қатысуымен он шақты кітап басылып шықты. Оның бесеуі жоғарыда айтқан ардагерлерге арналған энциклопедиялар, бесеуі оқу-әдістемелік, оқу құралдары.

– Енді Өзіңіздің шығармашылығыңызға да тоқтала кетейік. Қай кезде кәсіби түрде айналыса бастадыңыз?

Мен 1988 жылы ҚазҰУ-дың география факультетін бітіріп, өзімнің су инженері мамандығыммен аспирантураға оқу үшін Мәскеуге кетуім керек болатын. Қазір Америкаға, Ұлыбританияға бару арман болса, ол кезде бізге Мәскеуге бару арман болатын. Ол жақта төңкерістер басталып мен қолымдағы барлық ғылыми жұмысымды тастауыма тура келді. Содан 90-жылы жай ғана фототілші болып «Атамекен» деген газетке бардым.

Оның алдында бала кезімде фотоға қызығатынмын. Қазақфильмде 1983-84 жылдары оператордың жәрдемшісі болып істедім. Сол кезде ғылыми жұмыстармен айналыстым. Менің ұнататыным деректі фото. Міне содан бері 25 жылдай республикалық басылымдарда қызмет еттім. Оның ішінде «Заң» газеті, «Қазақстан әйелдері», «Парасат» журналдары. Газеттердің тапсырмасы бойынша ағыммен жұмыс істедім. Кейіннен 10 жылдан астам уақыт ұстаздық қызметпен айналысып келемін. 30 мыңға жуық мұрағатым бар. Небір ірі тұлғаларды фотосуретке түсірдім. Негативтер, слайдтар, пленкалар тұр, олардың уақыты өткен сайын құны арта береді. Мен көбіне Nikon фотоаппаратын пайдаландым. Көбіне слайдқа түсіріп жүрдім, тоқсаныншы жылдары. Себебі слайдқа түсіретіндер аз болды. Ол кезде фотоаппаратта қазіргідей автомат жоқ, бәрі қолмен қойылатын. Сәл қателессең болды слайд күйіп кетеді. Дәлдік пен ептілікті қажет етеді.

Келесі жылы бұйыртса зейнетке шықсам, архивтерімнің барлығын ретке келтіріп, бір альбомдар шығарсам деп отырмын. Осы уақытқа дейін жеке альбомым шықпады. Уақытым «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жұмысына, фотоэнциклопедия мен оқу құралдарын шығаруға кетті. Одан бөлек ұстаздық қызмет те оңай емес, «45 жыл ұстаз болсаң да, 45 минуттық сабағыңа дайындал» деген бар, мен әрбір сабағыма дайындаламын. Себебі қазіргі жастар заманауи технологияны, жаңа фотографиялық терминдерді, жаңа жанрлардың барлығын қамтыса деп ойлаймын. Шамам келгенше үйретіп, бұрыннан келе жатқан өмірлік тәжірибеммен бөлісіп келемін.

– Сүбелі сұхбатыңызға көп рахмет. Шығармашылық шабытыңыз шарықтай берсін!

Суреттер Асылхан Әбдірайымұлының жеке мұрағатынан

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: