Стипендия өсті, жаңа ереже енді: колледж студенттерін не күтіп тұр?

Стипендия өсті, жаңа ереже енді: колледж студенттерін не күтіп тұр?

Диана Орынбасар
Фото: gov.kz

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі міндеттердің бірі – колледж түлектерінің алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кейінгі жылдары колледждерде білім алуға мүмкіндік кеңейіп, жұмысшы мамандықтарын даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артқан. Түлектердің, соның ішінде мамандығы бойынша еңбекке орналасқан жастардың қатары да көбейген.

Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Колледждер мен бизнес арасындағы байланыс күшейтіледі

Осы мақсатта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялауға арналған жол картасы әзірленген. Құжатта кадр даярлау жүйесін экономика қажеттілігіне бейімдеу, бизнес пен колледждер арасындағы серіктестікті күшейту, білім беру бағдарламаларын жаңарту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру көзделген.

Жол картасының негізгі бағыттары – кадр даярлауды экономика талаптарына бейімдеу, бизнес пен колледждердің тиімді серіктестігін қалыптастыру, білім беру мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, – деді министр.

Сұранысқа ие мамандар даярланады

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістерге сай қайта қаралып жатыр. Сұранысы төмен мамандықтар мен жұмыс берушілердің қазіргі талаптарына сәйкес келмейтін бағдарламалар оқыту тізілімінен алынады.

Сонымен қатар кәсіптік стандарттар оқу бағдарламаларына енгізіліп, колледждерде сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлауға басымдық берілмек.

Колледждердің білім беру бағдарламаларын халықаралық сапа стандарттарына сәйкестендіру жұмыстары да жалғасады. Бұл түлектердің кәсіби біліктілігін арттырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.

Студенттерді әлеуметтік қолдау кеңейді

Министр колледж студенттеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының кеңейгенін де атап өтті. Стипендия мөлшері ұлғайып, білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру саласын қаржыландыру, кадр даярлау және студенттерді әлеуметтік қолдау көлемінің артқанын көрсетеді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар колледждерде сапалы маман даярлауға, түлектердің жұмысқа орналасуына және жастарға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз

{