«Сот залында қамауға алынды»: актер Нұрсұлтан Жақсыген бас бостандығынан айырылды

«Сот залында қамауға алынды»: актер Нұрсұлтан Жақсыген бас бостандығынан айырылды

Көктем Қарқын
Фото: видеодан кадр

Актер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, үкім жарияланғаннан кейін сот залында қамауға алынды. Бұл туралы жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты мәлімдеді.

Қылмыстық іс Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралған. Сот Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Аталған норма онлайн-платформаларды пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті қарастырады.

Адвокаттың мәліметінше, Жақсыген жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Сот Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын да ішінара қанағаттандырған. Нәтижесінде оның пайдасына 5 млн теңге өндірілетін болды.

Іс қалай басталды?

Фариза Сабырәлиеваның айтуынша, бұрынғы жұбайы ұзақ уақыт бойы ол туралы және отбасы мүшелері туралы қорлайтын әрі шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан. Оның сөзінше, біраз уақыт бойы жағдайдың өздігінен тоқтайтынына үміттеніп, көпшілік алдында пікір білдірмеген.

Алайда кейін ол құқықтық көмекке жүгініп, Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасына арыз берген. Осыдан кейін Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Қылмыстық іс барысында актер үйқамақта болған. Фариза Сабырәлиеваның айтуынша, осы кезеңде Жақсыген одан кешірім сұраған. Алайда ол кешірімді қабылдамай, істі сотта қарауды жалғастырған.

Сот процесі ашық форматта өткен. Бұған дейін Жақсыгеннің тарапы да сот отырысын ашық өткізуді сұраған. Ал Фариза Сабырәлиева ашық сот процесі қоғамдық пікірдің істің мән-жайына әсер етуіне алып келуі мүмкін деген алаңдаушылығын білдірген.

Фариза Сабырәлиева не деді?

Сот үкімі шыққаннан кейін Фариза Сабырәлиева әлеуметтік желідегі парақшасында өз пікірін білдірді. Ол сот шешімі шыққаннан кейін өзін жеңіл сезінгенін жазған.

Достар, үкім шықты. Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Қазір өзімнің намысым қорғалып, ақталып шыққаныма қуанып тұрмын. Себебі маған жала жабылған болатын. Үстімнен ауыр жүк түскендей болды. Жеңілдеп қалдым. Барлықтарыңыздың қолдауларыңызға рақмет, – деп жазды Фариза Сабырәлиева Instagram парақшасында.

Соттың соңғы шешімі бойынша Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.

Оқи отырыңыз

{