Спорт

Сон Хын Миннің соңғы мундиалі: А тобында кім көш бастайды?

03.06.2026 15:52
Мадина Асылбекова
Фото: Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Әлем чемпионатының басталуына бір аптадай уақыт қана қалды. Осы орайда сіздерді құрамалармен жақынырақ таныстырайық.

Биылғы мундиальда 48 команда бақ сынаса, олар өзара 12 топқа бөлінген. Бүгін А тобына тоқталамыз.

Мексика: тәжірибе мен дәстүрге сүйенген құрама

Әлем чемпионаттарындағы орны

Мексика құрамасы Солтүстік Американың ең беделді командаларының бірі саналады. 2026 жылғы әлем чемпионаты олардың тарихындағы 18-мундиаль болмақ. Мексикалықтар 1994 жылдан бері бірде-бір әлем чемпионатынан қалыс қалған емес. Ал 1994 жылдан 2018 жылға дейін қатарынан жеті әлем біріншілігінде топтық кезеңнен шығып отырды. Мұндай тұрақтылық Бразилия құрамасына ғана тән.

КОНКАКАФ аймағында Мексика дәстүрлі түрде басты фавориттердің қатарында. Олар Алтын кубокты рекордтық 10 рет жеңіп алған. Ал 1999 жылы Конфедерациялар кубогының финалында Бразилияны ұтып, тарихи жетістікке қол жеткізген еді.

Әлем чемпионатына қалай жолдама алды?

2026 жылғы әлем чемпионатын АҚШ және Канадамен бірге қабылдайтын Мексика іріктеу кезеңіне қатысқан жоқ. Сондықтан ұлттық құрама бұл уақытты жаңа құрам қалыптастырып, команданы қайта құруға жұмсады.

Әлем чемпионатына дайындық аясында мексикалықтар бірнеше мықты қарсыласпен жолдастық кездесулер өткізді. Наурыз айында Бельгия және Португалия құрамаларымен тең ойнап, әлеуетін байқатты.

Команданың басты жұлдызы

Мексика құрамасының көшбасшысы – тәжірибелі шабуылшы Рауль Хименес.

34 жастағы футболшы ұлттық құрама сапында 125 матч өткізіп, 44 гол соққан. Ол Мексика тарихындағы ең үздік сұрмергендердің үштігіне кіреді.

Қазір Хименес Англия Премьер-лигасында «Фулхэм» клубының намысын қорғап жүр. Өткен маусымда 12 гол соғып, мансабындағы ең нәтижелі кезеңдердің бірін өткізді.

Ең бастысы – ол әлі де ұлттық құраманың негізгі күші болып отыр. 2025 жылы Хименес Мексиканың КОНКАКАФ Ұлттар лигасы мен Алтын кубокты жеңіп алуына үлкен үлес қосты. АҚШ құрамасына қарсы Алтын кубок финалында есепті теңестіріп, матч тағдырын өзгерткен голдың авторы атанды. Ал Ұлттар лигасының финалдық кезеңінде үздік ойыншы атағын иеленді.

Бас бапкер

Мексика құрамасын тәжірибелі маман Хавьер Агирре жаттықтырады.

Маман ұлттық құраманы осымен үшінші рет басқарып отыр. Америка кубогындағы сәтсіздіктен кейін федерация құраманы бұған дейін дағдарыстан шығарған менеджерге қайта сенім артты.

Агирре жетекшілік еткен кезеңдерде Мексика 2002 және 2010 жылдардағы әлем чемпионаттарында плей-офф кезеңіне шыққан. 2002 жылы Италия, Хорватия және Эквадор түскен күрделі топта бірінші орын алса, 2010 жылы Франция құрамасын жарыс жолынан шығарған болатын.

Үшінші кезеңде де Агирре құрамамен бірге екі халықаралық титул жеңіп үлгерді. Ендігі мақсат – әлем чемпионатының топтық кезеңінен өту.

Команданың қазіргі жағдайы

Мексика құрамасының айналасындағы ахуал екіұшты.

Бір жағынан, Хавьер Агирре команданың ойынын тұрақтандырып, жанкүйерлерге үміт сыйлады. Екінші жағынан, құрамада жарақат алған футболшылар бар.

Негізгі жартылай қорғаушы Марсель Руис ауыр жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шықты. Ал қақпашы Луис Малагонның жарақатынан кейін құрамаға 40 жастағы ардагер Гильермо Очоаны қайта шақыруға тура келді.

Бұдан бөлек, қоғамда да түрлі пікірлер бар. Кейбір жанкүйерлер әлем чемпионатына дайындық аясында «Ацтека» стадионын қайта жөндеуге жұмсалған қомақты қаржы мен қала инфрақұрылымындағы өзгерістерге сын айтып келеді.

Оңтүстік Африка Республикасы: қайта оралған үміт

Ерекше тарих

Оңтүстік Африка Республикасы үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы төртінші мундиаль болмақ.

Бұл елдің футболдағы тарихы ерекше. Апартеид саясатына байланысты ОАР 1966 жылдан 1990 жылға дейін халықаралық жарыстардан шеттетілді.

Халықаралық аренаға қайта оралған соң көп ұзамай, 1996 жылы Африка ұлттары кубогын жеңіп алып, құрлықтағы жетекші құрамалардың біріне айналды.

Әлем чемпионатының финалдық кезеңінде олар үш рет – 1998, 2002 және 2010 жылдары ойнады. Бірақ әзірге бірде-бір рет плей-офф кезеңіне өте алған жоқ.

Соңғы елеулі жетістігі – 2023 жылғы Африка кубогындағы қола медаль.

Жолдама қалай келді?

ОАР Африка іріктеуінің С тобында бірінші орын алып, әлем чемпионатына тікелей жолдама иеленді.

Шешуші матчта Руанданы 3:0 есебімен жеңіп, барлық сұраққа нүкте қойды.

Дегенмен іріктеу кезеңі оңай болған жоқ. Бір матчта алаңға дисквалификацияланған Тебохо Мокуна шыққаны үшін ФИФА құрамадан үш ұпай шегерген. Соған қарамастан ОАР Нигерия мен Бенинді артта қалдырып, топ жеңімпазы атанды.

Басты жұлдыз

Қазіргі құраманың басты үміті – шабуылшы Лайл Фостер.

2023 жылы ағылшынның «Бернли» клубы оны бельгиялық «Вестерлодан» 11 миллион еуроға сатып алып, соның арқасында ОАР тарихындағы ең қымбат футболшы атанды.

Фостер – Англия Премьер-лигасында ойнаған оңтүстікафрикалық санаулы футболшылардың бірі.

2025 жылғы Африка кубогында ол құраманың көшбасшысы болды. Төрт кездесуде 2 гол соғып, 2 нәтижелі пас беріп, команда голдарының 67 пайызына тікелей қатысқан.

Фостерді ұлттық құрамада голдары үшін ғана емес, допты сақтай білуі, прессингтегі белсенділігі және серіктестерімен жақсы байланыс орнатқаны үшін де жоғары бағалайды.

Бас бапкер

Бельгиялық маман Уго Брос ОАР құрамасын 2021 жылы қабылдап алды.

Ол кезде ұлттық футбол күрделі кезеңді бастан кешіріп жатқан еді. Құрама бірнеше ірі турнирден сырт қалып, Африкадағы беделінен айырыла бастаған болатын.

Брос командада түбегейлі өзгерістер жасады. Тактиканы жаңартып, ойынды жылдам әрі тік бағытта құрды. Құраманың негізгі өзегін жергілікті «Мамелоди Сандаунз» бен «Орландо Пайретс» клубтарының ойыншыларынан жасақтады.

Ең бастысы – ол құрамадан «қол сұғуға болмайтын» футболшылар ұғымын алып тастады. Енді ұлттық құрамаға тек қазіргі бабындағы үздіктер ғана шақырылады.

Осының нәтижесінде ОАР 2023 жылғы Африка кубогында қола жүлдеге қол жеткізді.

Қазіргі жағдайы

ОАР үшін әлем чемпионатына жолдама алудың өзі үлкен жетістік саналады. Сондықтан командаға түсетін қысым аса жоғары емес.

Соған қарамастан Уго Брос шәкірттері турнирге жақсы дайындықпен келіп отыр. Команда тәртіпті ойнайды және кез келген қарсыласқа қиындық туғыза алады.

Әлем чемпионаты қарсаңында бапкерлер штабы ерекше шешім қабылдады. Құрама оқу-жаттығу базасы ретінде теңіз деңгейінен 2432 метр биіктікте орналасқан Пачука қаласын таңдаған.

Мақсат – биік таулы аймаққа бейімделіп, турнирдің ашылу матчында Мексикаға қарсы барынша дайын күйде шығу.

Оңтүстік Корея: Азияның тұрақты күшіне айналған құрама

Әлем чемпионаттарындағы орны

Оңтүстік Корея – Азия футболының басты флагмандарының бірі. Әлем чемпионаттары тарихында сары құрлықтағы ең табысты құрамалардың көшін бастап келеді.

Кәрістер мундиальға алғаш рет 1954 жылы қатысқан. Содан бері әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне 12 мәрте жолдама алып үлгерді. Ең бастысы – олар 1986 жылдан бері бірде-бір әлем чемпионатынан тыс қалған жоқ. 2026 жылғы турнир Оңтүстік Корея үшін қатарынан 11-әлем чемпионаты болмақ. Азия құрлығында мұндай тұрақтылыққа ешбір құрама қол жеткізген емес.

Корея футболының ең үлкен жетістігі – 2002 жылғы тарихи әлем чемпионаты. Өз жерінде өткен турнирде кәрістер жартылай финалға дейін жетіп, төртінші орын алған болатын. Осылайша олар Еуропа мен Америка құрлықтарынан тыс жартылай финалға шыққан алғашқы команда ретінде тарихқа енді.

Әлем чемпионатына қалай жолдама алды?

Оңтүстік Корея Азия аймағындағы іріктеудің В тобында бірінші орын алып, әлем чемпионатына тікелей жолдама иеленді.

Шешуші кездесуде олар Басрада Ирак құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, жолдаманы мерзімінен бұрын рәсімдеді. Жалпы іріктеудің соңғы кезеңін бірде-бір жеңіліссіз аяқтады.

Дегенмен жол оңай болған жоқ. Өз алаңындағы Оман және Иордания құрамаларымен тең нәтижелер жанкүйерлердің алаңдаушылығын күшейтіп, жолдама мәселесін кейінге қалдырған еді.

Команданың басты жұлдызы

Оңтүстік Корея құрамасының символына айналған футболшы – Сон Хын Мин.

Көп жылдан бері ұлттық құраманың көшбасшысы саналатын шабуылшы қазірдің өзінде матч саны бойынша рекордшылар қатарына енді. Сонымен қатар ел тарихындағы ең үздік сұрмерген атағына да жақындап келеді.

Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Сон 10 гол соғып, төрт нәтижелі пас беріп, құраманың ең нәтижелі ойыншысы атанды.

ФИФА оны 2026 жылғы әлем чемпионатының басты 26 жұлдызының қатарына енгізді. Бұл тізімде Лионель Месси, Килиан Мбаппе және Криштиану Роналду секілді футболшылар да бар.

Айта кетерлігі, Сон Хын Миннің өзі 2026 жылғы мундиаль оның соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін екенін бірнеше рет меңзеген. «Тоттенхэмдегі» ұзақ жылдардан кейін ол мансабын АҚШ-тың МЛС лигасындағы «Лос-Анджелес» клубында жалғастырып жүр.

Бас бапкер

Құраманы Оңтүстік Корея футболының аңызы Хон Мён Бо жаттықтырады.

Ол 2002 жылғы тарихи құраманың капитаны болған. Сол әлем чемпионатында Хон үздік ойыншылардың бірі ретінде танылып, турнирдің Қола добын жеңіп алған еді. Бұл марапат бойынша тек Роналдо мен Оливер Каннан ғана қалып қойған.

Футболшы ретінде мансабын аяқтағаннан кейін жастар құрамаларында, ұлттық командада ассистент ретінде жұмыс істеп, кейін бас бапкер қызметіне көтерілді.

Алайда оның алғашқы кезеңі сәтті болған жоқ. 2014 жылғы әлем чемпионатында Корея құрамасы топтық кезеңнен аса алмай, бір ғана ұпай жинады. Ресеймен тең түсіп (1:1), Алжирден (2:4) және Бельгиядан (0:1) жеңілді. Осыдан кейін Хон қызметінен кеткен болатын.

Енді ол ұлттық құраманы қайта қабылдап, беделін қалпына келтіруге мүмкіндік алып отыр. 2026 жылғы әлем чемпионаты бапкер үшін де ерекше сынақ болмақ.

Команданың қазіргі жағдайы

Оңтүстік Корея құрамасының айналасындағы ахуал әзірге күрделі.

Жолдастық кездесулерде Кот-д’Ивуардан – 0:4, Аустриядан 0:1 есебімен жеңілуі сынның күшеюіне себеп болды.

Бірақ мәселе тек нәтижеде емес. Елдің Спорт министрлігі мен жанкүйерлер қауымы федерацияны Хон Мён Боны тағайындау кезінде рәсімдерді бұзды деп айыптауда. Маманды қызметке конкурссыз және басқа шетелдік үміткерлерді қарастырмай бекітті деген пікірлер бар.

Сонымен қатар жанкүйерлер үш орталық қорғаушымен ойнауға негізделген тактикалық схеманы да жиі сынайды.

Құрама ішінде де бұрынғы бапкер Юрген Клинсманн кезеңінен қалған келіспеушіліктер бар деген әңгімелер айтылып жүр.

Соның салдарынан Оңтүстік Корея құрамасы соңғы 40 жылда алғаш рет әлем чемпионатына дәстүрлі қоштасу рәсімінсіз және үйдегі жолдастық матчсыз аттанбақ.

The Guardian басылымы жасаған әлем чемпионаты қатысушыларының күш рейтингінде Корея құрамасы небәрі 44-орынға жайғасты. Тіпті Иордания мен Катардан да төмен бағаланды.

Чехия: ұзақ үзілістен кейінгі үлкен мүмкіндік

Футболдағы тарихи орны

Чехия футболының тамыры Чехословакия кезеңінен бастау алады.

Өткен ғасырда Чехословакия Еуропадағы ең беделді құрамалардың бірі болды. Команда әлем чемпионатының екі финалында ойнап, Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанған.

1993 жылы ел екіге бөлінгеннен кейін Чехия жеке ұлттық құрамасын құрды. Алғашқы жылдары нәтижелер жаман болған жоқ. Чехтар 1996 жылғы Еуропа чемпионатының финалына дейін жетіп, 2004 жылы жартылай финалда өнер көрсетті.

Сол буынның көшбасшысы Павел Недвед 2003 жылы «Алтын доп» иегері атанды.

Алайда кейінгі жылдары Чехия біртіндеп Еуропаның орта деңгейдегі құрамалары қатарына қосылып кетті.

Әлем чемпионатына қалай шықты?

Чехияның мундиальға жету жолы қиын болды. Іріктеу кезеңінде олар күтпеген жерден Фарер аралдарымен бәсекеге түсті. Тіпті соңғы турлардың бірінде жеңіліске ұшырағаннан кейін федерация бас бапкерді қызметінен босатты.

Плей-офф кезеңінде де оңай болған жоқ.

Алдымен Ирландияға қарсы матчта 0:2 есебінен кейін камбэк жасап, пенальти сериясында жеңіске жетсе, одан кейін Даниямен өткен тартысты кездесуде 2:2 есебі тіркеліп, кездесу тағдыры тағы да пенальти сериясында анықталды.

Осылайша Чехия 2006 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Басты жұлдыз

Қазіргі Чехия құрамасында Петр Чех немесе Томаш Росицки секілді әлемдік деңгейдегі супер жұлдыздар жоқ.

Дегенмен тәжірибелі көшбасшылар жеткілікті. Солардың бірі – шабуылшы Патрик Шик.

Ол кейінгі алты жылда Германияның «Байер» клубында ойнап жүр. Жарақаты мен бәсекелестікке қарамастан, биылғы маусымда бабына оралғанын байқатты.

Шик чемпионатта 15-тен астам гол соғып, әлем чемпионатына тамаша көрсеткішпен жетіп отыр.

Оның тағы бір тарихи жетістігі бар: Патрик Еуропаның үздік бес лигасында 100 гол соққан алғашқы чех футболшысы атанды.

Бас бапкер

Чехия құрамасын 74 жастағы Мирослав Коубек жаттықтырады.

Ол әлем чемпионатындағы ең егде бапкерлердің бірі. Жас жағынан Дик Адвокат қана одан үлкен.

Коубек ұлттық құраманы 2025 жылдың соңында, плей-офф матчтарының алдында қабылдап алды.

Чех футболында оның беделі жоғары. 1980-жылдардан бері түрлі клубтарды жаттықтырып келеді. Дегенмен бапкер ретінде тек бір рет ел чемпионы атанған.

Федерацияның оны таңдауы тәжірибеден гөрі шұғыл шешім қабылдау қажеттілігімен байланысты болғандай әсер қалдырады. Соған қарамастан Коубек дәл осы еңбекқор әрі супержұлдызы жоқ буынмен қалай жұмыс істеу керектігін білетіндей.

Қазіргі жағдайы

Чехия құрамасының әлем чемпионатына шығуының өзі үлкен жетістік. Команда 20 жылға жуық уақыттан кейін қайтадан әлем чемпионатына оралып отыр.

Алайда құраманың айналасында тағы бір күрделі мәселе бар. Елде футболдағы жаппай келісілген матчтар ісі бойынша тергеу жүргізілуде. Ең қызығы, бұл істі құқық қорғау органдарына Чехия футбол федерациясының өзі тапсырған.

Оқи отырыңыз