13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызСмартфонды жиі пайдалану жүктілік кезінде құрсақтағы балаға әсер ете ме? Ғалымдар осы мәселеге арналған зерттеулерді саралап, әзірге мобильді телефонның ұрыққа зиян келтіретінін дәлелдейтін нақты дерек жеткіліксіз деген қорытындыға келді. Дегенмен кейбір зерттеулерде ұрықтың жүрек қызметіндегі өзгерістер мен мерзімінен бұрын босану қаупінің аздап жоғарылауына қатысты ықтимал байланыстар байқалған.
Мобильді құрылғылар радиожиілікті электромагниттік сәуле шығарады. Ол электромагниттік спектрдің төмен энергиялы бөлігіне жатады және ДНҚ-ны тікелей зақымдайтындай немесе адам тіндерін айтарлықтай қыздыратындай қуатты емес.
Соған қарамастан, оның ұзақ мерзімді ықпалы жөніндегі зерттеулер жалғасып жатыр. Жүкті әйелдер мен құрсақтағы балаларға ықпалы басқа топтарға қарағанда аз зерттелген.
20 зерттеудің нәтижесі сараланды
Жаңа ғылыми шолу авторлары бұған дейін жүргізілген 20 зерттеудің нәтижесін талдаған. Оның тоғызы ананың телефон қолдануы мен құрсақтағы баланың дамуы арасындағы ықтимал байланысты қарастырған.
Бірнеше зерттеуде смартфонды пайдалану мен ұрықтың өсу көрсеткіштері арасында әлсіз байланыс байқалған. Алайда ауқымды екі зерттеу мұндай нәтижені растамаған.
Ғалымдар ұрықтың жүрек қызметіне қатысты деректерді де қарастырды. 90 жүкті әйел қатысқан зерттеулердің бірінде телефонның 10 минуттық әсерінен кейін ұрық жүрегінің қан айдау көрсеткіштерінде өзгеріс байқалған.
141 әйел қатысқан тағы бір тәжірибеде телефон құрсақтан шамамен 20 сантиметр қашықтықта 10 минут ұсталған. Зерттеушілер осы кезде ұрықтың жүрек соғу жиілігінде өзгерістер тіркелгенін хабарлаған. Бірақ басқа ғылыми жұмыстарда мұндай әсер анықталмады.
600 әйел қамтылған тағы бір зерттеу телефонды белсенді пайдалану мен жүктіліктің өздігінен үзілуі арасында ықтимал байланыс бар екенін көрсеткен. Алайда ғалымдар мұның смартфонның тікелей әсерінен болғанын дәлелдеу мүмкін емес екенін ескертеді.
Мәселе тек смартфонда болмауы мүмкін
Зерттеушілер нәтижеге басқа факторлар да ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Мысалы, телефонды ұзақ пайдалану қозғалыстың азаюымен қатар жүруі ықтимал. Мұндай жағдайда жүктілік көрсеткіштеріне смартфон сәулесінен гөрі физикалық белсенділіктің төмендеуі немесе басқа өмір салты факторлары әсер етуі мүмкін.
Сондықтан қазіргі ғылыми деректер смартфондарды жүкті әйелдер үшін қауіпті деп қорытынды жасауға жеткіліксіз. Зерттеулердің нәтижелері біркелкі емес және кей жағдайда бір-біріне қайшы келеді.
Ықтимал әсерді барынша азайтқысы келетіндер телефонмен сөйлескенде дауысзорайтқышты немесе құлаққапты пайдаланып, құрылғыны үнемі денеге тақап ұстамауына болады. Қажет болмаған кезде ұшақ режимін қосу да радиожиілік сигналдарының таралуын азайтады.
Әзірге жүктілік кезінде смартфоннан толықтай бас тартуды ұсынуға ғылыми негіз жоқ. Ал оның құрсақтағы баланың дамуына ұзақ мерзімді ықпалы қосымша зерттеуді қажет етеді.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды