Смартфон сатып алмас бұрын IMEI кодын тексеріңіз: 20 тамыздан бастап не өзгереді?

Смартфон сатып алмас бұрын IMEI кодын тексеріңіз: 20 тамыздан бастап не өзгереді?

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

20 тамыздан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды сатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді сатушылар смартфонның IMEI-кодын сатып алушыға төлем жасалғанға дейін көрсетуге міндетті. Ал верификациядан өтпеген құрылғыларды сатуға тыйым салынады.

IMEI верификациясы деген не?

Жаңа талаптар смартфон сатып алатын қазақстандықтар үшін маңызды. Себебі енді телефонның сыртқы түрі мен бағасына ғана емес, оның IMEI-кодының заңды түрде тіркелгеніне де назар аудару қажет.

IMEI — мобильді құрылғыны ұялы байланыс желісінде сәйкестендіруге мүмкіндік беретін бірегей код. Әдетте ол 15 цифрдан тұрады.

Верификация кезінде құрылғы туралы мәліметтер бірнеше бағыт бойынша тексеріледі. Атап айтқанда, смартфонның IMEI-коды халықаралық GSMA базасымен салыстырылады.

Сонымен бірге оның Қазақстанға заңды түрде әкелінгені, өндірілгені немесе жөнделгені туралы ақпарат мемлекеттік кеден және салық жүйелеріндегі деректермен салыстырылады. Яғни тек IMEI-кодтың бар-жоғы емес, смартфонның Қазақстан аумағындағы заңды айналымы да тексеріледі.

20 тамыздан бастап не өзгереді?

Жаңа талап бойынша сатып алушы телефонды сатып алмай тұрып, оның IMEI-кодын сатушыдан сұрауға құқылы. Сатушы құрылғының IMEI-кодын сатып алушыға алдын ала көрсетуге, IMEI туралы мәліметті фискалдық чекке енгізуге және сатып алуды растайтын құжатта құрылғының идентификациялық кодын көрсетуге міндетті.

Бұл талап қағаз чекке де, электронды чекке де қатысты. Ең маңызды өзгерістердің бірі — верификациядан өтпеген смартфондарды Қазақстанда сатуға тыйым салынуы.

Мұндай құрылғылар техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейтін тауар ретінде қарастырылады. Сондықтан сатушы оларды саудаға шығара алмайды.

Егер верификациядан өтпеген телефон сатып алсаңыз не істеу керек?

Егер сатып алушыға талапқа сәйкес келмейтін смартфон сатылып кетсе, тұтынушы заңда көзделген талаптарды қоюға құқылы. Атап айтқанда, сатып алушы тауар бағасын төмендетуді, кемшіліктерді ақысыз жоюды, ақауды жоюға кеткен шығынды өтеуді, құрылғыны ауыстыруды және ақшасын қайтаруды талап ете алады.

Сондықтан смартфон сатып алған кезде чекті, сатушы туралы мәліметтерді және сатып алуға қатысты хат-хабарларды сақтап қойған жөн.

Маркетплейстерге де жаңа талап қойылады

Өзгерістер электронды сауда алаңдарына да қатысты. Маркетплейстердің сатушылармен жасайтын агенттік шарттарына құрылғының IMEI базасында бұғатталған немесе шектеуге қойылған-қойылмағанын тексеру міндетін енгізетін талап қарастырылған.

Бұл интернет арқылы смартфон сатып алатын тұтынушылар үшін де маңызды.

Сатушыларға қандай айыппұл салынады?

Техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейтін тауарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Келтірілген мәлімет бойынша, айыппұл мөлшері:

Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері бизнес субъектісінің санатына қарай 1,5-2 есеге дейін өсуі мүмкін.

Сонымен қатар талаптарды бұзған кәсіпкердің тауары тәркіленуі немесе оның қызметі уақытша тоқтатылуы ықтимал.

«Ақ», «сұр» және «қара» телефон деген не?

Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеудің жаңа жүйесі 2025 жылдың көктемінен бастап іске қосылды. Смартфондар үш тізімге бөлінеді.

Ақ тізім — верификациядан толық өткен құрылғылар. Мұндай телефондар Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде шектеусіз жұмыс істей алады.

Сұр тізім — құрылғы туралы ақпарат жеткіліксіз немесе қосымша тексеруді қажет ететін смартфондар. Мұндай телефондар уақытша пайдалануға жіберіледі. Иесіне сәйкессіздікті жою немесе құрылғының заңды әкелінгенін растау үшін 30 күнге дейін уақыт беріледі.

Қара тізім — жалған, өзгертілген немесе қате IMEI-коды бар құрылғылар, зауыттық идентификаторы жоқ телефондар және GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген аппараттар. Мұндай құрылғылардың ұялы байланыс желісіне қолжетімділігі шектеледі.

Смартфонның IMEI-кодын қалай тексеруге болады?

IMEI-кодты білудің ең оңай жолы — телефоннан *#06# комбинациясын теру. Код сонымен қатар смартфонның баптауларында, құрылғының қорабында, кепілдік құжатында және кейбір модельдерде телефонның корпусында көрсетіледі.

Егер смартфон екі SIM-картаны немесе eSIM технологиясын қолдаса, онда бірнеше IMEI болуы мүмкін. Сондықтан барлық кодты тексеру қажет.

Құрылғының мәртебесін eGov Mobile, gov.kz және Мемлекеттік радиожиілік қызметі жүргізетін IMEI сервисі арқылы тексеруге болады.

Телефон сатып алмас бұрын баптаудағы IMEI-кодты қораптағы және сатушы ұсынған құжаттағы кодпен салыстырған жөн. Үшеуі сәйкес келмесе, бұл құрылғыға қатысты мәселе бар екенін көрсетуі мүмкін.

Телефон сатып аларда нені ескеру керек?

Мамандар тұтынушыларға смартфонды төлем жасамас бұрын оның IMEI-кодтарын тексеруге кеңес береді. Сондықтан сатып алушы:

Верификацияны кім жүргізеді?

IMEI верификация жүйесі іске қосылғаннан кейін құрылғыларды тексеру қызметін жеке компания — ATS Mediafon KZ көрсеткен. 2025 жылы бизнес үшін бір құрылғыны тексеру құны бір айлық есептік көрсеткішке тең болған, яғни 3932 теңге. Жеке тұлғалар өз телефонын тексерген кезде бұл қызмет тегін болған.

Бұл механизм депутаттар тарапынан да сұрақ туғызды. Мәжілісте верификацияның міндетті сипатта болуы, қызмет құны және жеке деректердің жеке компания арқылы өңделуі жөнінде мәселелер көтерілді. Кейін жүйені өзгерту туралы шешім қабылданды.

Верификация мемлекеттік жүйеге өтеді

Алдағы уақытта міндетті IMEI верификациясын Мемлекеттік радиожиілік қызметі жүргізуі тиіс. Жаңартылған мемлекеттік жүйеде құрылғының IMEI-коды GSMA деректерімен, кеден және салық органдарының ақпараттарымен, сондай-ақ шекарадан өту туралы мәліметтермен салыстырылады.

Негізгі жаңа талаптар 2026 жылғы 20 тамыздан бастап қолданыла бастайды. Ал орталықтандырылған құрылғылар базасының жұмысына қатысты бірқатар технологиялық және инфрақұрылымдық нормалар 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Сондықтан 20 тамыздан кейін смартфон сатып алатын қазақстандықтар үшін басты ереже қарапайым: телефонның IMEI-кодын төлем жасамас бұрын тексеріңіз және оның верификациядан өткеніне көз жеткізіңіз.

Бұған дейін айфон бағасы 1 млн теңгеден асатыны туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз

{