Smart Saryarka не анықтап жатыр? Сарыарқа ауданындағы рейдтің нәтижесі белгілі болды

Smart Saryarka не анықтап жатыр? Сарыарқа ауданындағы рейдтің нәтижесі белгілі болды

Асқар Таудай
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Осыған орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Сарыарқа ауданындағы «Көктал» саябағында жергілікті атқарушы органдар, полиция және өзге де уәкілетті қызмет өкілдерінің қатысуымен кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қатысушылар саябақ аумағын аралап, демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық тәртіпті бұзбаудың маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.

«Апта сайын өткізілетін рейдтердің басты мақсаты – тұрғындарды жауапкершілікке тарту ғана емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру. Біз азаматтарға қоғамдық орындарды таза ұстаудың, ортақ мүлікке ұқыпты қараудың маңызын түсіндіруге басымдық береміз. Әрбір тұрғын тазалық пен тәртіпті сақтауға өз үлесін қосса, қаламыз әлдеқайда жайлы әрі қауіпсіз болады», – деді Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллин.

Оның айтуынша, рейд барысында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында темекі тұқылдарын, пластик бөтелкелерді және тұрмыстық қоқысты бейберекет тастау, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталады. Мұндай жағдайларда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Рейдке қатысушылар саябақтарда демалуға және пикник ұйымдастыруға рұқсат етілгенін атап өтті. Алайда әрбір азамат өзінен кейін қоқыс қалдырмай, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін сақтауы қажет екенін еске салды.

Сарыарқа ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел анықтау мақсатында Smart Saryarka пилоттық жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Бейнебақылау камералары арқылы жұмыс істейтін жүйе қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдіктерді ішу, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін қалыптастыру секілді құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жоба іске қосылғалы бері мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған.

Алдағы уақытта пилоттық жобаның тиімділігі сараланып, оң нәтиже көрсеткен жағдайда оны елорданың өзге аудандарына да енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Қала тұрғындары да мұндай профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай рейдтер өте қажет. Кейбір адамдар демалып болған соң қоқысын жинамай кетеді. Табиғатты таза ұстау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Әркім өзінен кейін тазалық сақтаса, саябақтарымыз да таза әрі демалуға жайлы болады», – деді елорда тұрғыны.

Қоғамдық орындардағы профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың қоғамдық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау және елордада қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны бірлесіп қалыптастыру.

Оқи отырыңыз

{