23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді
Қазақстанның Жамбыл облысында Қарулы Күштерге қарасты 63302 әскери бөлімінің жекелеген медициналық жасағының әскери дәрігерлері клиникалық өлім аузында келіп түскен қыз баланың өмірін аман алып қалды.
5 жастағы Алина су толтырылған цистернаға құлап, шашалып қалған. Оны тауып алып, жақын маңда орналасқан емдеу мекемесіне, Отардағы 63302 әскери бөлімінің жекелеген медициналық жасағына жеткізіп салды.
«Қыз бала клиникалық өлім аузында жеткізілген. Оның тері қабаты сұп-сұр, суық болды. Дем алуы мен жүрек қағысы болған жоқ. Көзінің қарашығы барынша кеңейіп кеткен. Біз жақын маңда орналасқан бірден-бір медициналық мекеме болып табыламыз. Оны бірден анестезия және жан сақтау бөлімшесіне алып кетті», – дейді медициналық бөлім бастығы, реаниматолог-анестезиолог дәрігері медицина қызметінің подполковнигі Абай Рысқұлов.
Әскери дәрігерлер бригадасы, анестезия және реанимация бөлімшесінің бастығы медицина қызметінің аға лейтенанты Саят Бекібаев, медицналық бөлім бастығы, реаниматолог-анестезиолог дәрігері медицина қызметінің подполковнигі Абай Рысқұлов, мейірбике, ҚР ҚК қызметкері Райхан Дәденбаева жан сақтау шараларына кірісті.
Қыз баланың тамағына түтікше қойылды, дем алу аппаратына ауыстырылды, 100 пайыз оттегі жібере отырып, жасанды ауа алмастыру жүргіздік. Әрі қарай жүректі жанама түрде уқалауға кірісті, жүрегіне 4 мәрте адреналин және атропин егілді, 20-шы минутта жүректің лүпілі қалпына келді.
«Қыздың өкпесінен шамамен 150 мл сұйықтық пен асқазанынан 1 литрдей су сорғытып алдық. Кешке қарай бүлдіршін өмірлік белгілерді бере бастады. Жарыққа көз қарашығының реакциясы, таңға жақын қолдары мен аяқтарындағы қимыл-қозғалыс пайда бола бастады», – деді Абай Рысқұлов. – Одан кейін балаға балалар реанимацялық бригадасы келді. Ал содан соң әуе көлігімен оны Таразға жөнелттік. Бүгінгі күні баланың жағдайы қанағаттанарлық. Баланың есі қалпына келді, туыстарын тани бастады. Өздігінен тамақтанады, ішеді, қазіргі кезде оңалу кезеңі жүруде.
Сол мезетте қызды құтқарып қалған медициналық бөлім бастығы медицина қызметінің подполковнигі Абай Рысқұлов өзін батырмын деп еш есептемейді. «Бұл менің жұмысым. Біз бала, ересек, әскери қызметші немесе азаматтық адам деп бөліп-жармаймыз. Біз үшін бірінші кезекте олардың барлығы емделушілер. Бізге жиі түрде жол көлік оқиғасынан зардап шеккендерді әкеледі. Өйткені, жанында Алматы-Қордай тас жолы орналасқан. Оның үстіне барлық жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары көмекке жүгінеді».
ҚР Қарулы Күштерінде әскери медицина саласы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айта кетейік. Бұның дәлелі ретінде сала үшін жоғары білікті кадрлардың дайындығы, әскери-медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жетілдірілуі және әскери қызметшілерді жоғары сапада емдеуді айтуға болады.
Әзірлеген Айша КЕРЕЙ
23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады