Сиқырлы соққының сыры: Роналдиньо қалай әлем жұлдызына айналды?

Сиқырлы соққының сыры: Роналдиньо қалай әлем жұлдызына айналды?

05.07.2026 16:16
Асқар Таудай
Фото: Gettyimages.ru

2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен футболдан әлем чемпионаты тарихтағы ең есте қаларлық турнирлердің бірі болды. Сол жарыстың ширек финалында Бразилия мен Англия құрамалары арасында өткен кездесу әлем футболының классикалық матчтарының қатарына енді.

Әлем футболының бағытын өзгерткен матч

 Бұл ойын Бразилияның бесінші әлем чемпиондығына бастар жолындағы маңызды кезең ғана емес, сонымен бірге Роналдиньоны бүкіл әлемге танытқан тарихи сәт ретінде есте қалды. Оның әдемі дриблингі, ерекше пас беруі, аңызға айналған айып добы және кейінгі даулы қызыл қағазы миллиондаған жанкүйердің жадында мәңгі сақталды.

1998 жылғы әлем чемпионатының финалында Франциядан жеңілгеннен кейін Бразилия құрамасы күрделі кезеңді бастан өткерді. Командада тұрақтылық болмады, жаттықтырушылар жиі ауысып, әрқайсысы өз ойыншыларын шақырып, құрам үнемі өзгеріп отырды. Осындай жағдайда 2001 жылы ұлттық құраманы Луис Фелипе Сколари қабылдады. Ол тәртіпке негізделген жаңа жүйе құрып, үш орталық қорғаушыдан тұратын тактиканы енгізді. Қапталға Кафу мен Роберто Карлос белсенді ойнаса, шабуылда Роналдо, Ривалдо және Роналдиньоға толық еркіндік берілді. Осы үштік кейін әлем футболындағы ең қауіпті шабуыл шебінің бірі ретінде танылды.

Англия чемпиондыққа сенді

Бразилия топтық кезеңдегі барлық ойында жеңіске жетіп, 1/8 финалда Бельгияны 2:0 есебімен ұтты. Ал ширек финалда оларды Англия құрамасы күтіп тұрды. Свен-Йоран Эрикссон жаттықтырған ағылшындардың сапында Дэвид Бекхэм, Майкл Оуэн, Пол Скоулз, Рио Фердинанд, Сол Кэмпбелл және Эмил Хески сияқты жұлдыздар болды. Франция, Аргентина және Италия секілді фавориттер жарыстан шығып қалғандықтан, Англия жанкүйерлері өз құрамасының чемпион атанатынына үлкен үміт артты.

Матчтың басында Англия дұрыс тактика таңдады. Олар допты Бразилияға әдейі беріп, қорғаныста жинақы ойнап, қарсы шабуылға сенім артты. Бұл жоспар алғашқы таймда нәтижесін берді. Ойынның 23-минутында Лусио алыстан берілген пастан кейін қателесіп, Майкл Оуэн допты иеленіп, есеп ашты. Осыдан кейін Бразилия шабуылда белсенді болғанымен, нақты мүмкіндік таба алмады.

Роналдиньоның жеке шеберлігі бәрін өзгертті

Бірінші таймның соңына қарай Роналдиньо өзінің ерекше шеберлігін көрсетті. Ол допты орта алаңға жақын жерден қабылдап алып, бірнеше қорғаушыны алдап өтті. Әсіресе Эшли Коулды әдемі қимылмен қапы қалдырған сәт жанкүйерлердің есінде сақталды. Бірнеше ондаған метрді жылдам жүгіріп өткеннен кейін Роналдиньо бос кеңістікті байқап, дәл паспен Ривалдоны шабуылға шығарды. Ривалдо өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есепті теңестірді. Бұл гол тактикалық комбинациядан гөрі Роналдиньоның жеке шеберлігі мен шығармашылығының нәтижесі еді. Бірінші тайм аяқталмай тұрып есептің теңесуі Бразилия үшін үлкен психологиялық артықшылық болды.

Gettyimages.ru

Екінші тайм басталған соң Бразилия айып добын орындау мүмкіндігіне ие болды. Қақпаға дейінгі қашықтық 30 метрден астам еді және көпшілік доп айып алаңына асырылып беріледі деп күтті. Алайда Роналдиньо күтпеген шешім қабылдап, қақпаға тікелей соққы жасады. Доп ерекше траекториямен ұшып барып, Англия қақпашысы Дэвид Симэннің үстінен асып, тордан бір-ақ шықты. Бұл гол әлем чемпионаттары тарихындағы ең әйгілі голдардың біріне айналды.

Осы голдың кездейсоқ па, әлде әдейі соғылғаны туралы пікірталас әлі күнге дейін жалғасып келеді. Көптеген ағылшын мамандары Роналдиньо айып алаңына пас бермек болды деп есептейді. Ал бразилиялық футболшы бірнеше рет бұл соққыны әдейі орындағанын айтқан. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Кафу қақпашы Симэннің өз орнынан алыс шыққанын байқап, Роналдиньоға қақпаға соғуға кеңес берген. Қалай болғанда да, бұл сәт Роналдиньоның шығармашылық ойлауы мен батылдығын айқын көрсетті.

Қуаныштан кейінгі қызыл қағаз

Алайда матчтағы драма мұнымен аяқталған жоқ. Голдан кейін жеті минут өткен соң Роналдиньо Дэнни Миллске қарсы қауіпті ойын көрсеткені үшін тікелей қызыл қағаз алды. Бұл шешім көптеген мамандар арасында дау туғызды. Соған қарамастан, Роналдиньо төрешімен қатты дауласпай, алаңнан жымиып шықты. Бұл оның мінезінің ерекшелігін көрсетті. Ол жағдайды қабылдап, ашуға берілмеді.

Бразилия қалған уақытты он ойыншымен өткізді. Барлығы Англия сан басымдығын пайдаланып, есепті теңестіреді деп күтті. Бірақ ағылшындар шабуылда ешқандай ерекше мүмкіндік жасай алмады. Сколари шәкірттері тәртіппен қорғанып, 2:1 есебіндегі жеңісті сақтап қалды. Кейін Бразилия жартылай финалда Түркияны жеңіп, финалда Германиядан басым түсіп, өз тарихындағы бесінші әлем чемпиондығын жеңіп алды.

Дәл осы матч Роналдиньоны әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналдырды. Бұған дейін оны негізінен футбол мамандары ғана жақсы білсе, Англияға қарсы ойыннан кейін оның есімі бүкіл әлемге тарады. Ол кезде Роналдиньо әлі «Пари Сен-Жермен» клубында ойнап жүрген еді. Ал бір жылдан кейін «Барселонаға» ауысып, өзінің ең жарқын кезеңін бастады. Испанияда ол әлемнің үздік футболшысы атанып, Чемпиондар лигасын жеңіп, «Алтын доп» иегері болды.

Фото Reuters

Роналдиньоның жарқын сәттері ұзаққа созылмаса да, оның футболдағы орны ерекше. Ол тек жеңістерімен емес, алаңдағы еркіндігімен, техникасымен және көрерменге сыйлаған эмоцияларымен есте қалды. Бүгінде ерекше техника көрсеткен кез келген футболшыны жанкүйерлер «жаңа Роналдиньо» деп атайтыны бекер емес. Ал 2002 жылғы Бразилия мен Англия арасындағы ширек финал – оның аңызға айналған мансабының бастауына айналған, әлем футболының тарихында алтын әріптермен жазылған тарихи матч.

Оқи отырыңыз