Бүгiн, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келдіЖанкүйерлер Қазақстан Премьер-лигасының 29-турын асыға күтіп жүр. Әсіресе, «Ордабасы» өз алаңында «Жеңісті» жеңіп, жеңіс тойын тойлауға дайын. Өйткені 24 қазан күні Қажымұқан стадионында шымкенттіктер шоу-бағдарлама жасап, қонақтарын құрметпен күтіп алмақ.
«Ордабасы» чемпион атана ма?
Иә, «Ордабасы» осыдан үш жыл бұрын алғаш рет ел чемпионы атанған. Биыл да тарихты жаңартудың сәті түсіп тұр. Андрей Мартин баптайтын команда осыған дейін 21 ойында жеңіске жетіп, төрт рет тең түсіп, үш мәрте жеңілді. 28 турдан кейін 67 ұпай жинап, көш басында тұр. Одан кейін Алматының «Қайратында» 63 ұпай бар. Елордалық «Астана» 52 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндейді.
«Ордабасы» маусым бойы шабуылда ширақ, қорғаныста сақ ойнады. Бұған дейін қарсыласына 58 гол соғып, қақпасына 20 доп жіберді. Кейінгі үш кездесуді алып қарасақ, шымкенттік клубтың чемпион болуға нық қадам жасағанын байқаймыз. «Атырауды» сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіп, «Қайсардан» 4:1 есебімен басым түсті. Ал соңғы турда «Ақтөбені» 3:1 есебімен ұтты.
Жоғарыдағы статистикаға көз жүгіртсек, сенбі күні өтетін матчта «Ордабасы» үш ұпайын еселеп, мерзімінен бұрын чемпион болатын сыңайлы.
Айта кетерлігі, биыл кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Integra Construction KZ компаниясы «Ордабасы» клубын жекешелендіру жөнінде Шымкент қаласының әкімдігімен меморандумға қол қойды. Келісім клубты жеке инвестицияға негізделген басқару жүйесіне көшіруді, жаттығу инфрақұрылымын жаңғыртуды және жас футболшылар даярлығын дамытуды көздеді. Дегендей-ақ осы маусымда шымкенттік клуб қайта түлеп, Ақтөбе мен Алматыдағы футбол атмосферасын Қажымұқан стадионына алып келді.
«Жеңіс» үшін ұпай ауадай қажет
Елордалық клубтың жағдайы қарсыласымен салыстырғанда күрделірек. «Жеңіс» 28 турдан кейін 32 ұпай жинап, турнирлік кестеде оныншы орында тұр. Команда сегіз рет жеңіске жетіп, сегіз матчта тең түссе, 12 кездесуде жеңіліс тапқан.
«Жеңіс» кейінгі бірнеше матчта тұрақты ойын өрнегін көрсете алмады. Оның үстіне клуб жақында ғана бас бапкерін ауыстырды. Бұдан бұрын «Жеңісті» Владимир Слишкович баптады. Босниялық маман тұсында команда «Тобылға» 2:4 есебімен есе жіберсе, оған дейін «Атыраудан» – 1:2, «Оқжетпестен» 1:3 есебімен жеңілді. Кейін клуб бапкермен келісімшартын үзгенін хабарлады. Қазір оның орнына Антон Чичулин қызметіне кірісті.
Демек, бас бапкердің ауысуы, командадағы тұрақсыздық ішкі атмосфераға әсер етуі мүмкін. Сондықтан елордалық клуб Шымкенттегі кездесуде барынша сақ ойнауға тырысады.
Статистика не дейді?
Қос клубтың маусым басында жолы түйісті. Наурыз айындағы кездесуде «Ордабасы» сырт алаңда «Жеңісті» 2:0 есебімен жеңді. Ал өткен маусымда шымкенттік клуб өз алаңында 2:1 есебімен басым түссе, екінші кездесуде 2:2 есебімен тең тарқасқан.
Есепке қарасақ, «Ордабасының» салмағы басып тұр. Дегенмен «Жеңіс» жоқ дегенге Қажымұқан стадионынан тең есепті арқалап қайтқысы келеді. Антон Чичулиннің де командасының барынша жарқын ойын өрнегін көрсеткенін қалайды. Әрине, бұл нәтиже бас бапкердің міндетін атқарушының сол қызметке бекуіне де септігін тигізетіні сөзсіз.
Матчтан не күтеміз?
Қазіргі көрсеткіштерге сүйенсек, «Ордабасы» кездесуде барынша шабуылдап, жанкүйерлеріне шоу көрсетуді көздейді. Мерзімінен бұрын ҚПЛ чемпионы атанғандарын тойлайтыны тағы бар. Өйткені екінші орындағы «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбемен» кездеседі. Әккі қарсыласы қайраттықтарды құшақ жая қарсы алмасы анық. Барынша тегеурін көрсетіп, шымкенттік клубтың чемпиондық жолындағы кедергіні «алып тастауға» барын салады. Шынында, биыл «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы тартыстың куәгері болдық. Екі клуб маусымның соңына дейін интриганы ұстап тұруға тырысты.
Ал «Жеңіс» үшін басты міндет – мүмкіндіктен мүлт кетпеу. Егер елордалық клуб қорғаныста жинақы ойнап, қарымта шабуылдарды сәтті ұйымдастыра алса, кездесудің барысын өзгертуі ғажап емес. «Ордабасы» үшін бұл матч чемпиондық күрестегі маңызды қадам болса, «Жеңіс» турнирлік жағдайын жақсартуға қадам жасайды.
«Ордабасы» – «Жеңіс» кездесуі 24 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтеді. Матч Астана уақытымен 18:00 басталады. Жанкүйерлер стадионға 16:30-дан бастап жиналып, матч басталғанда шоу-бағдарлама тамашалайды. Шымкенттік жанкүйерлер үшін Nazima, Севинч Муминова, Shiza, Umay тобы өнер көрсетеді.
Бүгiн, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады