Шымкентте садақа жәшігінен ақша ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қаратау АПБ-ның “102” арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз тұлғаны ұрлық үстінде ұстағанын айтты.
Оқи отырыңыз:
Шақырту орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері барды. Белгілі болғандай, ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды.
Күдіктінің оғаш қылығын байқаған куәгерлер, оқиғаға бей-жай қарамай дер кезінде оны ұстаған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Жергілікті тұрғын бұған дейін есірткі қылмысы үшін істі болған. Қазіргі таңда жұмыссыз. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі, – дейді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет.
Қоғамдық қордың иесі құқықбұзушылыққа немқұрайлық танытпаған азаматтарға және тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.