Шымкентте құрылыс алаңында мерт болған жігіттің өлімі бойынша ЖШС басшысы сотталды

5 Қаңтар, 08:59 730

Шымкентте құрылыс алаңында жұмыс істеп жүріп, 6 метрлік ағаш басып қалған жігіттің өлімі бойынша ЖШС басшысына сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға өткен жылдың 16 қазанында «Тұран-2» шағынауданында болған. Салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй құрылысы алаңында еш алаңсыз жұмыс істеп жүрген 22 жастағы жұмысшының үстіне жоғарғы қабаттан ұзындығы 6 метрлік ағаш түскен. Жас жігіт оқиға орнында қаза тапты.

Шымкент қаласының қылмыстық істері жөніндегі ауданаралық сотында жұмыс берушіге қатысты үкім жарияланды.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот отырысында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденген. Яғни, ол ЖШС директоры қызметін атқарып жүріп, құрылыс жұмыстары нысанның 9-қабатына жеткеніне қарамастан, әр үш қабат сайын орнатылуы тиіс қорғап-қағып алғыш торды орнатпаған. Соның салдарынан қауіпсіздік қағидалары  бұзылып, жұмысшының басына ұзындығы 6 метр болатын құрылыс ағашы 9-қабаттан құлап түскен.

Оқи отырыңыз: 

Прокурор сотталушыға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот ЖШС басшысын Қылмыстық кодекстің 277-бабы 2-бөлігімен, яғни құрылыс жұмыстарын жүргізудің қауіпсіздік қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеті бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  

Алайда сот сотталушының жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлардың жиынтығын, ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін, жәбірленуші өкілінің кешіргенін, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындау туралы пікірін, сотталушының бұрын сотты болмағанын және ол жасаған қылмыс орташа санаттағы қылмыстарға жататындығын назарға ала отырып, шартты түрде соттауды тағайындады. Бұдан бөлек, сотталушы 2 жыл мерзімге құрылыс саласында жұмыс атқаратын ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды делінген сот мәліметінде.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: