Шымкент пен Жетісу облысының ТЖД бастықтары 4 млн теңгеге дейін пара алған

20 Шілде 2023, 11:29 973

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау аясында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті. Бұл туралы агенттіктің жартыжылдық қорытынды отырысында Асхат Жұмағали мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айталық, жасырын іс-шаралардың нәтижелері бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдіктенеді. Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды, - делінген мәліметте.

Оқи отырыңыз:

Бұдан басқа, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған.

Күдіктілер ұсталып, УҰИ-на қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатыстығы тексерілуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: