Шетелге жұмыс істеуге баратын қазақстандықтар енді есепке алынбақ

Шетелге жұмыс істеуге баратын қазақстандықтар енді есепке алынбақ

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда шетелге жұмыс істеуге шығатын азаматтарды есепке алудың жаңа жүйесі енгізілмек. Бұл шара адам саудасына қарсы күрес жөніндегі 2027-2029 жылдарға арналған үкімет жоспарында қарастырылған.

Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 28 қазанда адам саудасының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі жоспарды бекіту туралы №956 қаулыға қол қойды. Құжат сол күннен бастап күшіне енді.

Шетелге жұмысқа баратындар қалай тіркеледі?

Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың екінші тоқсанында шетелге табыс табу мақсатында шығатын қазақстандықтарды есепке алып, олардың жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін жүйе енгізу көзделген. Ол үшін migration.enbek.kz порталында азаматтардың шетелге жұмыс істеуге баратыны туралы хабарлама беруіне арналған арнайы қызмет іске қосылмақ.

Сонымен қатар қазақстандықтарды шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің тізілімі жасалады. Оларды тіркеу және тізілімді жүргізу тәртібі белгіленіп, тиісті мәліметтер аталған порталға енгізіледі. Бұл шаралар азаматтардың еңбек құқығын қорғауға, оларды заңсыз жұмысқа тарту мен адам саудасының алдын алуға бағытталған.

Жұмысқа орналастыру агенттіктері тексеріледі

Жаңа жоспар бойынша шетелден жұмыс тауып беретін жеке агенттіктер мен делдалдардың қызметіне бақылау күшейтіледі. Олардың жұмысы зерделеніп, қажет болған жағдайда Кәсіпкерлік кодекске сәйкес тексеру жүргізіледі.

Бұдан бөлек, 2027 жылдың алғашқы тоқсанында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі шетелге жұмыс істеуге баратын қазақстандықтарды консулдық есепке алудың қолданыстағы тәртібін талдайды. Соның нәтижесінде бұл жүйені жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Интернеттегі күмәнді хабарландырулар да назарға алынады

Адам саудасына қарсы күрес интернет кеңістігінде де жүргізілмек. Мемлекеттік органдар адамдарды заңсыз әрекеттерге тартуға ықпал ететін жарнамалар мен ақпараттарды анықтауға басымдық береді.

Тексеру нәтижесінде заңсыз деп танылған материалдарға қолжетімділік «Кибернадзор» жүйесі арқылы немесе сот тәртібімен шектелуі мүмкін.

Сондай-ақ құжатта мәжбүрлі еңбек пен балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу, жаңа туған нәрестелерді сату деректерін анықтау, жыныстық қанау және қайыр сұрауға мәжбүрлеу қылмыстарымен күресу шаралары қамтылған.

Адам саудасынан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі?

Адам саудасының құрбандарына арналған әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасады. Атап айтқанда, дағдарыс орталықтары арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, зардап шеккен азаматтарға көмек беріледі.

Жалпы, Үкімет бекіткен 2027–2029 жылдарға арналған жоспарда 32 іс-шара қарастырылған. Айта кетейік, жаңа есепке алу жүйесі әзірге іске қосылған жоқ. Оны 2027 жылдың екінші тоқсанында енгізу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз

{