Шетелдіктер Қазақстанның қай өңірлеріне жиі барады?

Шетелдіктер Қазақстанның қай өңірлеріне жиі барады?

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com/Akmaral Khudaikulova

Қазақстан шетелдік саяхатшылар үшін тартымды бағыттардың біріне айналып келеді.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында елімізге әлемнің әр түкпірінен 325 мыңнан астам турист келген. Шетелдік қонақтар арасында Алматы мен Астанаға қызығушылық жоғары.

Қазақстанға қай елдерден туристер көп келеді?

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанға 325 615 шетелдік турист келген.

eQonaq жүйесінің дерегіне сүйенсек, туристер саны бойынша Ресей көш бастап тұр. Жыл басынан бері бұл елден Қазақстанға 109 036 адам келген. Екінші орында – Қытай. Қытайдан 62 001 турист саяхаттаған. Үшінші сатыдағы Үндістаннан 20 617 адам келген.

Қазақстанға ең көп турист келген он ел:

Ресей – 109 036;

Қытай – 62 001;

Үндістан – 20 617;

Өзбекстан – 13 559;

Түркия – 11 023;

Германия – 9 645;

Оңтүстік Корея – 8 760;

Қырғызстан – 6 314;

АҚШ – 6 141;

Ұлыбритания – 5 070.

Шетелдік туристер қай өңірлерді таңдайды?

Шетелдік саяхатшылар арасында ең танымал бағыт – Алматы. Жыл басынан бері мегаполиске 161 070 шетелдік турист келген. Бұл Қазақстанға келген барлық шетелдік туристің шамамен жартысына тең.

Екінші орында – Астана. Елордаға сегіз айда 59 382 шетелдік қонақ барған. Үздік үштікті Маңғыстау облысы түйіндейді. Өңірге 17 540 турист келген.

Шетелдіктер жиі баратын он өңір:

Алматы – 161 070;

Астана – 59 382;

Маңғыстау облысы – 17 540;

Шымкент – 16 130;

Ақмола облысы – 14 493;

Түркістан облысы – 12 082;

Ақтөбе облысы – 6 670;

Батыс Қазақстан облысы – 6 248;

Атырау облысы – 4 931;

Шығыс Қазақстан облысы – 4 663.

Қазақстан шетелдік блогерлердің назарында

Соңғы уақытта Қазақстанның туристік орындары шетелдік контент авторларының да назарын аударып жүр. Солардың бірі – танымал араб YouTube-блогері Joe HaTTab. Ол Қазақстанға жасаған сапарына арнайы шығарылым арнап, Алматының тауларын, Астананы, Маңғыстаудың табиғатын және Байқоңыр ғарыш айлағын көрермендеріне таныстырды.

Блогердің Қазақстан туралы видеосы қысқа уақытта миллиондаған қаралым жинап, еліміздің туристік бағыттарын шетелдік аудиторияға кеңінен таныстырды.

Осылайша, статистика шетелдік саяхатшылардың қызығушылығы тек Алматы мен Астанаға ғана емес, Маңғыстау, Түркістан, Ақмола секілді туристік әлеуеті жоғары өңірлерге де бағытталып отырғанын көрсетеді.

Оқи отырыңыз

{