Шерзод Давлатов: Нагаямамен барынша сақ күрестім

Шерзод Давлатов: Нагаямамен барынша сақ күрестім

Айзат Айдарқызы
Фото: Шамкен Байырбек, Спортты дамыту дирекциясы

4-11 қазан күндері Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Отандасымыз Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақта әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Жартылай финалда аузын айға білеген Рюдзю Нагаямамен күресіп, бір «юко» ұпайы бойынша басым түсті. Финалда жергілікті балуан Ахмад Юсифовқа жол берді.

– Шерзод, кешегі белдесу күніне оралсақ,  Нагаямаға жасаған «Golden Score»-дағы әдісті алдын ала дайындадыңыз ба, жалпы қалай шықты? 

– Белдесу барысында қарсыластың қарқынын байқап жүріп әдіс жасаймыз. Кеше де күресу кезінде жағдайға қарай әрекет еттім. Алдын ала дайындаған жоқпын. Нагаяманың әлсіз тұсы жайында сұрасаңыз, онымен неғұрлым жақын күрессең, соғұрлым жақсы. Қашықтықта күрессең, жағдайды қиындатып аласың. Дзюдоның өзі жапондардың ұлттық күресі екені тағы бар. Олар классикалық күрестің хас шебері, яғни жаға, жеңді ұстап күресуден алдына жан салмайды. Сондықтан Нагаямамен белдесуде барынша сақ күресіп, стандартты емес тәсілдерді қолдануға тырыстым. 

фото: Шамкен Байырбек, Спортты дамыту дирекциясы

–Финалдан кейін «әлем чемпионатының алтыны үшін келгенмін» дедіңіз. Соған қарағанда бар потенциалды салып, бабыңызда күрескен сияқтысыз.

– Иә, дайын болып келдім. Әттең, алтын медаль алу бұйырмады. Қателікке бой алдырдым. Мені барынша қолдаған бапкерлер мен жанкүйерлерге алғыс айтамын! 

– ⁠Осы тұста бапкеріңіз Ерлан Серікжанов туралы айтсаңыз. 

– Бапкерім Ерлан Серікжанов мені осы әлем біріншілігінде алғашқы белдесуден татамиге алып шығып, секундантым болды. Білесіздер, 2018 жылы бапкерім Әлем чемпионатында күміс медаль алған. Шыны керек, осы тарихты қайталай алғаныма қуаныштымын. Ағайымның жанымда тұрып, қолдағаны маған үлкен мотивация болды. Басымды көтеріп қарағанда бапкерімнің демеп, бағыт бергені күш берді. Өзі де осы татамиде күрескен, бар білгенін айтып, демеді. Әрине, финалда кішкене асығыстық жасап, қате жібердік. 

фото: Шамкен Байырбек, Спортты дамыту дирекциясы

– Негізі, біразы биыл сізді Азиадаға барады деп ойлады. Өзіңіздің де барғыңыз келді ме?

– Біз барғымыз келсе де, келмесе де – соңғы сөз бапкерлік құрамдыкі. Қайда күресеміз, қай жерде күреспейміз, оны бапкерлер шешеді, Біздің оған қатысымыз жоқ, біз – спортшымыз. Қандай жарыс болса да дайынбыз. 

– Алдағы жоспарыңыз қандай? Сіз үшін биылғы маусым аяқталды деп айтуға бола ма? 

– Алдағы жарыстар туралы ештеңе айта алмаймын. Мұның бәрі бапкерлер құрамының шешіміне байланысты болады. Бапкерлер қайда қояды, қайда күресеміз, өздері шешеді.

фото: Шамкен Байырбек, Спортты дамыту дирекциясы

– Қазір елімізде 60 келі салмақта бәсекелестік өте жоғары болып тұр. Осы турасында не дейсіз? 

– Иә, 60 келі салмақты бәсекелестік өте жоғары. Білесіздер, осы салмақта Олимпиада чемпионы Елдос ағамыз бар. Сол кісіден үлгі аламыз, бірге жаттығамыз. Елдос ағамызбен бір татамиде жүргеннің өзі – үлкен мотивация. Ел спортының аңызы. Осындай адаммен тәжірибе алмасып, қатар жүрген – өте керемет сезім. 

Оқи отырыңыз

{