«Шебер жаңғырығы»: Астанада «Гүлдер» ансамблінің би мұрасы қайта жаңғырды

«Шебер жаңғырығы»: Астанада «Гүлдер» ансамблінің би мұрасы қайта жаңғырды

Мадина Асылбекова
Фото: Қазақконцерт

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Гүлдер» ансамблінің «Шебер жаңғырығы» атты жеке концерті өтті.

Кеш қазақ эстрадалық биінің негізін салушы, ансамбльдің тұңғыш балетмейстері Деляфруз Қияқованың туғанына 100 жыл толуына және ұжымның алғашқы бишілерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынбүбі Омарбекованың 75 жас мерейтойына арналды.

Келушілер алдымен «Қазақконцерт» ғимаратының фойесінде ұйымдастырылған «Гүлдер ансамблінің» тарихы мен мерейтой иелерінің өнер жолынан сыр шертетін арнайы фотокөрмені тамашалады. Көрме жетекшісі - «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова.

Қазақ би өнерінің падишаларына арналған кеш Деляфруз Қияқова сахналаған «Бипыл» биімен ашылып, қазақ және шығыс халықтарының 50-ден астам биін сахнаға шығарған балетмейстердің шығармашылық жолы арнайы бейнебаян арқылы таныстырылды. Ансамбльдің жаңарған құрамы шебердің ұлттық хореографияның алтын қорына енген қойылымдарын қайта жаңғыртып, «Қуаныш» пен «Қазақ кәдесыйлары» билерін орындады.

Ал кештің құрметті қонағы, мерейтой иесі - Алтынбүбі Омарбековаға «Қазақконцерт» ұйымы атынан құрмет көрсетіліп,  оның өмірі мен өнер жолына арналған бейнебаян және «Тақиялы періште» фильмінен үзінді көрсетілді.

Айта кетейік, бағдарламада ұлттық хореография үлгілері жаңа сахналық туындылармен, отандық және шетелдік авторлардың шығармаларымен сабақтасты. Көрермен назарына алғаш рет  «Қарлығаш» биі ұсынылды. Бұл - Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай ансамбльдің бас балтемейстері - Анвара Садықова сахналаған туынды. Сондай-ақ «Малайзия биі», «Саиди» және «Қорқыт» қойылымдарын нақышына келтіре орындаған ансамбль балеті өнерсүйер қауымның зор қошеметіне бөленді.

Концертте «Гүлдер» ансамблінің балет әртістері мен G-band тобы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмәдиев пен Іңкәр Айдарханқызы, «Құрмет» орденінің иегері Дидар Абдухалық, сондай-ақ Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақбөпе Алибекова, Ербол Тажібаев, Меруерт Желдібаева және Нұрмұхамед Сатен өнер көрсетті.

Оқи отырыңыз

{