14.04.2026
16:01
576
Жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың экс-жұбайы неке шартына қол қою себебін ашық айтты

Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жары Гүлайым Рахмонова алғаш рет неке шартына қол қоюға не себеп болғанын айтып, отбасындағы даудың мән-жайын ашып берді.

Гүлайым журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында отбасындағы келіспеушіліктер 2021-2022 жылдары басталғанын тілге тиек етті. Бұған енесімен арадағы түсініспеушілік пен материалдық жағдайға қатысты мәселелер себеп болған.

Ол Шавкатпен 2016 жылы шаңырақ көтергенін еске алады. Сол кезде спортшының жағдайы тұрақты болмағанын да жасырмайды.

Біз үйленгеннен кейін бірге тұрсақ та, анасымен бірге тұрмадым. Мүмкін бір-бірімізді толық танып үлгермеген шығармыз. Жоқшылық кезде бәрі жақсы көрінеді. Кейін тұрмыс түзелгенде әйел адам белгілі бір қажеттіліктерді күтеді. Бұл тек менің басымдағы жағдай емес. Бәлкім енемнің де ішкі қызғанышы болған шығар, – дейді ол.

Гүлайым сондай-ақ өз атына тіркелген мүліктің тек жол апатына түскен көлік болғанын атап өтті. Басқа ешқандай дүние-мүлік өзіне рәсімделмеген. 2025 жылы ол үш баласын алып, алғаш рет жолдасымен бірге Дубайға демалысқа барған. Алайда сол сапардан кейін жағдай күрт өзгерген.

видеодан скрин 

Наурызда демалып келдік, ал сәуірде ол кенеттен неке шарты туралы айта бастады. Басында мән бермедім. Бірақ кейін ойласам, бәлкім, туыстарының арасында «ертең ажырасса, дүние бөлінеді» деген әңгіме болған шығар. Егер мені дүние үшін жүрген адам деп ойласа, жазып берейін дедім де, неке шартына қол қойдым, – дейді Гүлайым.

Неке шарты бойынша, ажырасқан жағдайда әркімнің атындағы мүлік өзінде қалуы тиіс болған. Гүлайым бұл келісімге еш қарсылықсыз қол қойғанын жеткізді.

Менің атымда тек жол апатына түскен көлік болды. Мен ешқашан дүние үшін жүрген емеспін. Біз оның ештеңесі жоқ кезде қосылдық. Сол көлікті де өзіммен бірге алып кете алмаймын ғой. Қол қойдым. Бірақ содан кейін арамызда салқындық пайда болды, – дейді ол.

Оның сөзінше, осыдан кейін екеуінің арасы шиеленісіп, бөлек тұруға мәжбүр болған. Тіпті Шавкат одан өз тегін алып тастауды сұраған.

Мен ресми түрде ажырасқаннан кейін ғана тегімді өзгерте алатынымды айттым. Он жыл бірге өмір сүрдік, арасында ұрыс болды. Мынандай ауыр жағдайға түскенім, қазір бесінші баламен ер адамның қолдануынсыз қалғаным болмаса басқа ренішім жоқ. Негізі ол – жақсы жар, жақсы әке. Ол өзінің маңдай терімен әр нәрсеге жетті. Мен тек оның қасында себепкер болдым деп ойлаймын. Бірақ менің балаларыма тиесі дүниесін берсін. Біз әріқарай өмір сүре береміз , – деп түйіндеді ол.

Гүлайым Рахмонова ажырасуға алып келген басты себеп ретінде ене мен келін арасындағы келіспеушілікті атады. Оның айтуынша, отбасындағы ішкі түсініспеушіліктер уақыт өте келе үлкен жанжалға ұласқан.