Шахмат Олимпиадасы: Қазақстан Германиядан басым түсіп, қатарынан бесінші рет жеңіске жетті

Шахмат Олимпиадасы: Қазақстан Германиядан басым түсіп, қатарынан бесінші рет жеңіске жетті

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан әйелдер құрамасы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында жеңісті жолын жалғастырып келеді. Бесінші турда отандастарымыз Германия құрамасынан басым түсіп, турнирдегі қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді.

Бесінші турда Қазақстан құрамасы Германиямен кездесіп, 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті. Төрт тақтадағы тартыстың үшеуі тең аяқталып, матч тағдырын Меруерт Камалиденованың жеңісі шешті. Бірінші тақтада Бибісара Асаубаева Динара Вагнермен тең түсті. Алуа Нұрман мен Элизабет Пётц арасындағы партияда да жеңімпаз анықталған жоқ. Төртінші тақтада Елназ Қалиахмет пен Яна Шнайдер ұпай бөлісті.

Ал үшінші тақтада Меруерт Камалиденова Ханна Мари Клекке қарсы ойнап, Қазақстанға аса маңызды ұпай сыйлады. FIDE мәліметінше, Камалиденова ақ фигуралармен ойнаған партияда қарсыласының 22-жүрістегі қателігін тиімді пайдаланды. Германиялық шахматшының 22...Bg5 жүрісінен кейін қазақстандық спортшы 23.Rxa8 тактикалық соққысын жасап, басымдыққа ие болды. Кейін бұл артықшылықты жеңіске айналдырды. Нәтижесінде дәл осы партия Қазақстан мен Германия арасындағы матчтың қорытынды есебін анықтады.

Бес тур – бес жеңіс

Қазақстан әйелдер құрамасы бес турдан кейін мүмкін болған 10 матчтық ұпайдың барлығын жинады. Осылайша, ұлттық құрама турнирді жеңіліссіз жалғастырып келеді. Бесінші тур қорытындысы бойынша Польша, Қытай, Қазақстан және Әзербайжан құрамалары бес кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, 10 матчтық ұпайдан жинады. Командалардың турнир кестесіндегі нақты орны қосымша көрсеткіштер арқылы анықталады.

Польша бесінші турда жарыстың қазіргі чемпионы Үндістанды 2,5:1,5 есебімен жеңіп, маңызды нәтижеге қол жеткізді. Қытай Болгариядан басым түссе, Әзербайжан Сербияны 3:1 есебімен ұтты.

Қазақстан құрамасында кімдер бар?

Биылғы Олимпиадада Қазақстан әйелдер құрамасының намысын Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева қорғап жатыр. Команда капитаны – Павел Коцур. Құраманың орташа рейтингі – 2438. Қазақстан әйелдер арасындағы жарысты бастапқы рейтингте үшінші нөмірмен бастады.

Айта кетейік, 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы Самарқандта өтіп жатыр. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған және 11 турдан тұрады. Олимпиада 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Бес турдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасы жүлделі орындар үшін күрестегі негізгі топтың қатарында келеді. Алда тағы алты тур бар.

Оқи отырыңыз

{