23-24 шілде күндері еліміз бойынша«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оқу-жаттығуды үйлестіру республикалық штабы Шымкент қаласында орналасқан. 24 шілдеде сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісі болуы ықтимал еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.
Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі. Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі. Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен 4 далалық медициналық аурухана көрсетілетін болады, - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.