Кеше, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынадыДүниежүзілік семіздікке қарсы күрес федерациясының болжамынша, 2035 жылға қарай артық салмақ мәселесі күнтәртібінде тұрады. Мамандар бұл проблеманың алдын алу үшін әлем елдерін қазірден бастап кешенді шара қабылдауға шақырып отыр.
Әлемдегі артық салмақ мәселесі қалай өзгеріп жатыр?
2023 жылы Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясы жаһандық зерттеу нәтижелерін жариялады. Зерттеуде әлем елдері бұл мәселеге қарсы батыл шаралар қабылдамаса, 2035 жылға қарай әлем халқының жартысынан астамы артық салмақпен өмір сүретіні айтылған.
Зерттеу жарияланған кезеңдегі деректерге сәйкес, әлемде шамамен 2,6 миллиард адам немесе жер шары халқының 38 пайызы артық салмақтан зардап шегеді не семіздік диагнозы қойылады. Қазіргі үрдіс сақталса, бұл көрсеткіш 2035 жылға қарай 4 миллиардтан асып кетуі ықтимал.
Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясы – артық салмақ мәселесін зерттейтін медициналық және ғылыми ұйымдардың халықаралық бірлестігі. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секілді халықаралық құрылымдармен де ынтымақтастық орнатқан.
Семіздікпен күресті кейінге қалдыруға болмайды
Артық салмақ пен семіздік адамның денсаулығына аса қауіп төндіреді. Олар жүрек-қан тамырлары ауруларының және қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің даму қаупін арттырып, адамның физикалық әрі психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес федерациясының президенті, профессор Луиза Бауэр зерттеу нәтижелері адамзат үшін маңызды ескерту екенін айтқан. Оның пікірінше, семіздік мәселесін бүгін шешуге кіріспесек, болашақта оның салдары одан ары күрделене түсуі мүмкін.
Мамандар бұл проблемамен күресуде мемлекеттер бірлесіп, жүйелі әрекет етуі керек деп есептейді. Өйткені семіздіктің салдары денсаулық сақтау саласына ғана емес, қоғам мен экономикаға да салмақ түсіреді. Сондықтан бүгін қабылданған шешім келешек ұрпаққа түсетін медициналық, әлеуметтік және экономикалық жүктемені азайтуға көмектеседі.
Федерация мамандары үкіметтерге бірнеше шараны қарастыруды ұсынады:
Қай елдердің семіздікке қарсы күресуге қай мүмкіндігі көп?
Федерация баяндамасында табысы төмен көптеген елде семіздікке шалдыққан адамдар саны артып келе жатқаны атап өтілген. Алайда мұндай мемлекеттердің аурудың алдын алуға және оның салдарымен күресуге қажетті мүмкіндіктері шектеулі болуы мүмкін.
Ұйымның ғылыми директоры Рейчел Личтің айтуынша, егер қажетті шаралар уақытында қабылданбаса, жан басына шаққандағы табысы төмен және орташа елдер семіздіктің зардабын анағұрлым ауыр сезінуі ықтимал.
Зерттеуде бағаланған 183 мемлекеттің ішінде семіздікпен күресуге ең жақсы дайындалған алғашқы он елдің қатарында Швейцария, Норвегия, Финляндия, Исландия және Швеция сияқты Еуропаның ауқатты мемлекеттері бар. Бұл жағдай семіздікпен күресуде тек жеке адамның тамақтану дағдысы емес, мемлекеттің мүмкіндігі, денсаулық сақтау жүйесі және халыққа қолжетімді жағдайлар да маңызды екенін көрсетеді.
Семіздіктің экономикалық салдары қандай?
Артық салмақ пен семіздіктің салдарын жоюға жұмсалатын жаһандық шығын алдағы жылдары айтарлықтай өсуі мүмкін. Федерацияның болжамы бойынша, бұл мәселеге байланысты шығын 2019 жылғы 1,96 триллион доллардан 2035 жылға қарай 4,32 триллион долларға дейін артады. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 3 пайызына тең. Зерттеу авторлары мұндай экономикалық шығынның ауқымын COVID-19 пандемиясы келтірген залалмен салыстырады.
Мамандар семіздіктің кең таралуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін атап өткен. Олардың қатарында климаттық дағдарыс, локдаун кезінде қозғалыстың шектелуі, ауа мен судың ластануы және денсаулыққа зиянды тағамдарды белсенді жарнамалау бар. Осы факторлар семіздіктің тек жеке адамның өмір салтына байланысты мәселе емес екенін көрсетеді. Онымен тиімді күресу үшін халықтың дұрыс тамақтануына, дене белсенділігіне және салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай қалыптастыру қажет.
Мамандардың пайымынша, мемлекеттер алдын алу шараларына қазірден бастап басымдық берсе, болашақта денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені де, экономикалық шығынды да азайтуға мүмкіндік бар.
Кеше, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады12 Қазан, 13:39
Көк тудың артында тұрған тағдыр: Шәкен Ниязбековтің көпшілік біле бермейтін қыры7 Қазан, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді