Бүгiн, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырадыСемейде Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдинді ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы майданға аттанып, Сталинград, Украина, Беларусь, Балтық майдандарында шайқасты. Төрт рет жараланып, елге аман оралған соң түрлі партиялық және мемлекеттік қызметтер атқарды. «Қызыл Жұлдыз» ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені берілді.
Ардақты ақсақалды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде облыс әкімі Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Әбдіғали Қаймолдин жастай майдан даласына аттанып, ерен ерлігімен жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан батыр тұлға болды. Бейбіт кезеңде мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласып, ел игілігі жолында ұзақ жыл қызмет етті. Ғасыр жасап, соңына өнегелі жол қалдырған Әбдіғали Қаймолдиннің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жаннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Аймақ басшысы қаралы жиында сөйлеген сөзінде Әбдіғали Қаймолдиннің өмір жолы отаншылдық пен ерліктің, батырлық пен батылдықтың үлгісі екенін айтты.
Бірнеше ай бұрын ардақты ақсақалымызға сәлем беріп, емен-жарқын әңгімелескенім есімде. Ғасырдан асқан қариямыз өткенді еске алып, өнегелі әңгіме айтты. Елдің болашағына үлкен сенім артып, жастарға жақсылық тілеп еді. Арнайы амандаса келгеніме ризашылығын білдіріп, батасын берді. Халқымыздың «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөзінің мәні осында. Әбдіғали Қаймолдин ағамызды тұтас Абай өңірі құрмет тұтып, мақтаныш ететін. Ұрпаққа өнеге, жастарға үлгі боларлық ғибратты ғұмыр кешті. Алланың қалауымен ғасырдан ұзақ жас жасап, немере, шөбере сүйген бақытты адам еді. Қазаға жиналған қауымға, ақсақалдың туған-туыстарына көңіл айтамын. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай, - деді облыс әкімі.
Бүгiн, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырадыБүгiн, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?Кеше, 14:06
Бакалавриат енді 3 жыл бола ма? Қазақстанда оқу мерзімі қысқаруы мүмкін мамандықтар аталды15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары