Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт өзгеріп, кей аймақтарда қар жауа бастады. Атап айтқанда, Семей қаласында жаңбыр қарға ұласты.
Қазгидромет синоптиктері 16 сәуірге арналған дауылды ескерту жариялады. Алматы, Шымкент қалалары мен елдің 16 өңірінде жауын-шашын, тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі.
Мамандар мәліметінше, солтүстік және шығыс аймақтарда жаңбырдың соңы қарға ұласады. Ал оңтүстік пен батыста найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Республика бойынша тұман түсіп, жолдағы көріну қашықтығы төмендейді.
Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Көктайғақ болып, кей жерлерде тұман түседі. Жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
Қарағанды облысында жауын-шашын кей уақытта күшейіп, жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында да ұқсас жағдай: жаңбыр қарға ауысып, тұман мен көктайғақ күтіледі. Семейде де жауын-шашын аралас түсіп, жолдарда мұз қатуы ықтимал.
Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында ауа райы құбылмалы болады. Нөсер жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Таулы аймақтарда жаңбыр мен дымқыл қар жаууы мүмкін.
Алматы қаласында күндіз қатты жаңбыр жауып, найзағай болуы ықтимал. Шымкент пен Түркістанда да жауын-шашын күшейіп, жел екпіні артады.
Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жаңбыр, найзағай, шаңды дауыл мен екпінді жел болжанып отыр. Кей өңірлерде жел жылдамдығы 20-28 м/с дейін жетуі мүмкін.
Маңғыстау облысында түнде нөсер жаңбыр, найзағай және бұршақ болуы ықтимал.
Синоптиктер бірқатар өңірде жоғары өрт қаупі сақталатынын да ескертті. Сонымен қатар тұман мен көктайғақ жолдағы жағдайды күрделендіруі мүмкін.