Мәдениет

Семейде Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды кеш өтті

04.06.2026 22:12
EL.KZ
Фото: Абай облысының әкімдігі

Бүгін Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

Мәдени шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Әдеби кеште сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен болатын. Бұл сөздің маңызы бүгінгі басқосуда ерекше сезілді. Өмір жолы күреспен басталып, кейін ұлт тағдырымен біте қайнасқан сөз зергері шығармаларында тарихи әділеттілік мәселелерін, Атамекенге деген сағынышты, елдік пен еркіндік мұратын терең суреттеді. Қаламгердің «Қаздар қайтып барады», «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Дарабоз» секілді шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алды. Әсіресе, қазақ көші мен ұлт тағдырын арқау еткен «Соңғы көш» дилогиясы жазушының шығармашылық биігін айқындаған құнды туынды ретінде бағаланды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Ұлы Абай айтқандай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі бойына жиған дара дарын иесінің бай мұрасы, елдік мұратқа адал ғұмыры халқымызбен бірге жасай береді. Руханиятымыздың шамшырағына айналған Қабдеш Жұмаділовтің есімі ел жадында мәңгі сақталады, ал оның шығармалары ұлттың рухани қазынасын байыта бермек, – деді аймақ басшысы.

Кеш барысында Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек сөз сөйлеп, жазушының отбасы мен оқырмандарына ізгі тілегін жеткізді.

Жазушының 90 жылдығына орай облыста бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Үржар ауданында «Дәуіріміздің дарабоз жазушысы» атты ғылыми-практикалық конференция өтсе, облыс орталығындағы Абай кітапханасында «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты еске алу кеші болды.

Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, Қазақстанның Халық әртістері Секен Тұрысбек пен Майра Ілиясова, дәстүрлі әншілер Еркін Шүкіман мен Дінисламбек Жайлаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Қабдеш Жұмаділов ұзақ жылдар бойы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Мемлекеттік баспалар комитетінде қызмет атқарып, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Оқи отырыңыз