Щучинскіден Голливудқа дейін: қазақ қызы америкалық хоррор-сериалдың түсіріліміне қатысты

Щучинскіден Голливудқа дейін: қазақ қызы америкалық хоррор-сериалдың түсіріліміне қатысты

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстандық Наргиз Есенгелді бала кезінен актерлік өнерге қызыққан. Шағын қалада өскен ол ұл балалармен футбол, жасырынбақ, «Ақсерек-көксерек» ойнап өскен. Кейін модель болуға бет бұрғанымен, актриса болу арманы оны қайтадан кино әлеміне алып келді. Жақында ол әлемге әйгілі «Америкалық қорқынышты хикая» сериалының 13-маусымына арналған постер түсіріліміне қатысты.  El.kz тілшісі Наргизге хабарласып, балалық шағы мен киноға келу жолы жайлы сөйлесті.  Ең қызығы, Наргиз кастингке өтініш берген кезде қандай жобаға қатысатынын білмеген.

Балалық шағы Щучинскіде өткен

Наргиз Есенгелді Солтүстік Қазақстандағы Щучинск қаласында дүниеге келген. 11 жасында отбасымен бірге Астанаға көшеді. Оның айтуынша, ата-анасымен бірге қоныс аударғандықтан, жаңа ортаға бейімделу аса қиын болмаған.

Балалық шағым шағын қалада өтті. Мінезім ұлдарға көбірек ұқсайтын, нағыз тентек қыз болдым. Ұл балалардан құралған достарым көп еді. Ең жақсы көретін ойындарым – «Ақсерек-көксерек», футбол және жасырынбақ, – дейді ол.

Фото: Наргиз Есенгелді парақшасынан

Наргиздің сөзінше, бала кезінен түрлі эмоцияны сезініп, сан алуан күйді бастан өткеру қызық болған. Актерлік өнерге деген махаббаты да осы ерекшелігінен бастау алған.

Бала кезімнен бастап сан алуан эмоцияны сезініп, түрлі күйді бастан өткеру мен үшін маңызды болды. Мені актерлік өнерге алып келген де осы шығар. Өйткені актер кинода әртүрлі адамның өмірін сүреді, – дейді Наргиз.

Оның кино әлеміндегі алғашқы қадамы Қазақстанда басталған. 2013 жылы «Препод» фильмінің көпшілік қатысатын көріністеріне қатысып, түсірілім алаңында тәжірибе жинаған. Сол сәттен бастап актриса болуды армандағанымен, соңғы жылдары модельдік мансапқа көбірек көңіл бөлген.

Жақында ол бала күнгі арманына қайта оралып, актерлік өнерде дамуды қолға алған.

Экономика саласында білім алған

Наргиздің білімі экономикалық бағытта. Ол Америкада ағылшын тілін үйреніп, Еуропада foundation бағдарламасынан өткен. Сондай-ақ Ұлыбританиядағы Вулверхэмптон университетінде қаржылық менеджмент мамандығы бойынша білім алуға тырысқан. Алайда Англияда бір жыл оқығаннан кейін Қазақстанға оралған.

Фото: Наргиз Есенгелді парақшасынан

Кейін отбасылық жағдайларға байланысты қайтадан ата-анасымен бірге көшкен. Наргиздің айтуынша, отбасының жанында болуы жаңа ортаға бейімделуін жеңілдеткен.

Бүгінде ол модельдік бағытта жұмыс істеп, актерлік қабілетін де дамытып жүр. Ал америкалық түсірілім алаңындағы тәжірибесі оның кино индустриясына деген қызығушылығын арттыра түскен.

Америкалық хоррорға қалай түсті?

Наргиздің айтуынша, әлемге танымал сериалға қатысуы әдеттегі кастингтен басталған. Ол Casting Networks платформасынан T.R.E.A.S. деп аталатын жобаға қатысушылар іздейтін хабарландыруды көріп, өтініш берген. Кастинг сипаттамасында «Америкалық қорқынышты хикая» сериалына қатысы бар екені көрсетілмеген.

Бәрі қарапайым кастингтен басталды. Casting Networks платформасынан T.R.E.A.S. деп аталатын жобаның кастингіне көзім түсіп, қатысуға өтініш бердім. Алайда хабарландыруда оның «Америкалық қорқынышты хикая» сериалына қатысы бар екені мүлде көрсетілмеген болатын. Менің ойымша, кино индустриясында мұндай жағдай жиі кездеседі. Кейде жобалар кастинг кезінде өздерінің нақты атауын көрсетпей, басқа атаумен жарияланады. Бірақ мұның нақты себебін білмеймін, – дейді кейіпкеріміз.

Шамамен екі аптадан кейін оған селф-тейп түсіру туралы өтініш келіп түскен. Селф-тейп – кастингке қатысушының берілген тапсырманы өзі бейнежазбаға түсіріп, ұйымдастырушыларға жіберуі.

Алайда тапсырмадағы нұсқаулық Наргизді таңғалдырған. Себебі онда өте оғаш қалыптарда түсу талап етілген.

Мені танитындар қандай адам екенімді біледі ғой. Сонда да «Жарайды, байқап көрейін» деп шештім. Мен әлі тәжірибесі аз, әуесқой актрисамын ғой. Сондықтан селф-тейпті қолымнан келгенше түсірдім. Тіпті шашымды да жумай-ақ түсіре салдым, – деп еске алды ол.

Біраз уақыттан кейін Наргизге қоңырау шалып, түсірілім жоспарланған күндері бос-бос еместігін сұраған. Ол келісім бергеннен кейін жобаға қатысуға мүмкіндік алған.

Түсірілім алаңындағы тосынсый

Наргиз түсірілімнің алғашқы күніне келгенде де қандай жобаға қатысатынын әлі білмеген. Грим жасатып отырған сәтінде айналасынан «13» санын байқағанымен, оның мәнін түсінбеген.

Бастапқыда ол Хэллоуин мерекесіне арналған жобаға немесе соған ұқсас бір түсірілімге келген шығармын деп ойлаған.

Фото: Наргиз Есенгелді парақшасынан

Бірақ маған мұның «Америкалық қорқынышты хикая» сериалы екені айтылғанда, мен грим жасатып, орындықта отырған күйі аң-таң болдым. «Бұл шынымен болып жатыр ма?» деп өзіме өзім сенбей отырдым, – дейді Наргиз.

Оның бұл жобаға қатысуы сериалдың өзінде рөл ойнағанын білдірмейді. Наргиз 13-маусымның постеріне арналған түсірілімге қатысқан. Дегенмен ол үшін әлемге танымал туындының жарнамалық материалына түсу ерекше тәжірибе болған.

«Америкалық қорқынышты хикая» қандай сериал?

American Horror Story – сценаристер Райан Мерфи мен Брэд Фэлчак жасаған америкалық антологиялық қорқынышты сериал. Ол алғаш рет 2011 жылғы 5 қазанда FX телеарнасында көрсетілді.

Сериалдың басты ерекшелігі – әр маусымда жаңа оқиға, кейіпкерлер және қорқынышты тақырып ұсынылады. Бір маусымда елес үйдің құпиясы ашылса, екіншісінде психиатриялық ауруханадағы оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ сериалда бақсылар, цирк әртістері, жұмбақ қонақ үй және ақырзаман тақырыптары қамтылған.

Фото: FX / Everett Collection

Антология жанрының тағы бір ерекшелігі – актерлердің әр маусымда басқа кейіпкерлерді сомдауы. Сериалға Сара Полсон, Эван Питерс, Джессика Лэнг, Эмма Робертс секілді танымал актерлер қатысқан.

Жоба көрермендерді қорқынышты көріністерімен ғана емес, кейіпкерлердің психологиясын, адам бойындағы үрей мен қарама-қайшылықтарды көрсетуімен де ерекшеленеді. Осы жылдар ішінде American Horror Story қорқынышты жанрдағы танымал телехикаялардың біріне айналды.

2026 жылы сериалдың 13-маусымы көрерменге ұсынылды. Наргиз Есенгелді дәл осы маусымның постеріне арналған түсірілімге қатысты.

«Арманыңнан бас тартпа»

Наргиз отандық кино туралы пікір білдіре отырып, қазақстандық кинематографистер драма, қорқынышты фильмдер мен детективтерді жақсы түсіретінін айтты.

Ал өзі секілді кино әлеміне қадам басқысы келетіндерге арманына сеніп, тоқтамауға кеңес береді.

Фото: Наргиз Есенгелді парақшасынан

Өз арманыңа қарай ұмтылып, ешқашан берілмеуге кеңес берер едім. Сәттіліктің сені қай бұрыштан күтіп тұрғанын ешқашан білмейсің. Ең бастысы – өзіңе сену, тәжірибе жинақтау және жай ғана жақсы адам болу. Мен жақсы адамдардың басынан жақсы оқиғалар өтетініне сенемін, – дейді ол.

Наргиздің оқиғасы бала күнгі арманға адал болуды тағы бір рет еске салғандай. Бір кездері Қазақстандағы фильмнің көпшілік қатысатын көріністеріне қатысып, актриса болуды армандаған қыз бүгінде АҚШ-тағы танымал сериалдың постеріне арналған түсірілімге қатысып отыр. Бұл – оның актерлік өнерге жасаған қадамдарының бірі ғана.

Оқи отырыңыз

{